«Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман әлемінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қадірлейтін халықтың бірі де бірегейі де - біздің қазақ». Н.НАЗАРБАЕВ
Айналаға нұрын шаша келген шуақты көктемнің мерекесі, әйелдер қауымы асыға күтетін 8 наурыз күні де келіп жетті. Бұл күн – отбасы берекесі мен ұйытқысы болып табылатын біздің аналарымызға, жалпы әйелдер қауымына жарқын көңіл мен жақсылық тілейтін күн. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, бір-біріне сыйлықтарын дайындап, тілектерін оқып, әсіресе жігіттер жағының қарбаласы басым мерекені де өз дәрежесінде атап өттік.
Еш нәрсені қалт жібермейтін, қандай мерекені болмасын жоғары деңгейде атап өтуге мән беретін аудан әкімі бұл жолы да сол қалпынан айнымады. Алдымен аудан көле мінде басшылық қызметте жүрген әйел азаматтарды, ел басына қиын қыстау күн туғанда ер азаматтармен бірдей тылда қызмет еткен ақ жаулықты аналарды мерекемен құттықтады. Аудандағы бөлім, мекеме, кәсіпорын ұжымдары да тыл ардагерлері мен батыр аналарға сый құрмет көрсетті.
Түс ауа аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шараның куәсі болдық. Мерекелік тамаша көңіл күй мәдениет ордасына кіргеннен-ақ сезіліп тұрды. Көркем безендірілген сахнаның көз тартарлық сәні аруларымыздың әдемілігін паш етіп тұрғандай болды. Алдымен аруларды аудан әкімі Ж.Айтуаров құттықтады. «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеген» аналар мерекесінің біз үшін орны бөлек. Үйдің де түздің де шаруасына араласып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ер азаматтармен үзеңгі түйістіре жұмыс жасап, өзіндік үлестерін қосып жүрген сіздердің еңбектеріңіздің бағасы өлшеусіз.
Қандай құрметке де лайық асыл жандар, сіздер өздеріңіздің ізеттіліктеріңізбен, сыпайлықтарыңызбен өмірді шуақтандырып, жақындарыңыз бен туыстарыңызға жылу сыйлайсыздар. Мына жарық дүниеге әкелген аналар алдында бәріміздің де бас иетініміз сондықтан. Бүгінде ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесін көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай да болмасын құрметке лайық», деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Құттықтау сөзден кейін аудан әкімі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың көп балалы аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградтау туралы 2018 жылғы 19 ақпандағы №638 Жарлығына сәйкес ауданымыздың демографиялық өсуіне үлес қосып жүрген көп балалы аналарға күміс алқа тапсырды. Алты баланы өмірге әкеліп, тәрбиелегені үшін Қ.Исатаеваны, А.Шегембаеваны, А.Өмірбаеваны, Г.Әнетованы марапаттады.
Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің «Еңбек ардагері» медалімен аудандық педагог қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Д.Ақжанова марапатталса, «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасына А.Меңдалыұлы атындағы орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Манғұрова лайық деп танылды.
Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімі Е.Тоғжановтың Алғыс хаты Шетпе темір жол станциясының кезекшісі Г.Еділхановаға, «Наз» балабақшасының әдіскері Р.Төлеповаға, «Өрлеу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әдіскері Ж.Танашоваға, Е.Оразақов атындағы өкпе ауруларына қарсы шипажайдың аға мейірбикесі Қ.Өмірбаеваға, Маңғыстау ауданы әкімі аппаратының бас маманы Т.Көпбаеваға, Өтес орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Н.Әбдиеваға табысталды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тұрғын үйге қол жетімділік деген өте тамаша шешімАл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Р.Қанатчаева, Қызан ауылдық дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Б.Оразова, Маңғыстау техникалық колледжінің бас есепшісі Т.Серікбаева, аудандық мал дәрігерлік лабораториясының лаборанты А.Сүгірова, М.Атымов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Б.Еңсепбергенова, «Айдын» балабақшасының тәрбиешісі Л.Тәңірбергенова, «Айналайын» балабақшасының тәрбиешісі Ж.Бекмурзина, Шетпе гимназиясының ағылшын пәні мұғалімі П.Қуанова, Үштаған ауылының тұрғыны, көптеген шараларға демеушілік танытып жүрген кәсіпкер М.Еркетаева, Ақшымырау ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға медбикесі Г.Бекесова, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жұмылдыру ресурстарын есепке алу және тағайындау жөніндегі маманы А.Исатаева марапатталды.
Салтанатты түрде марапаттау рәсімін аудан өнерпаздарының ән, жыры жалғады. Ананы жырға қоспаған ақын мен сазгер жоқ шығар сірә!? Бірі «Анама» деп шырқаса, бірі «Асыл әжесін» әнге қосты. Тамылжыған түрлі әуеннің ырғағы мерекелік көңіл-күйімізді еселей түсті.
Айгүл РАХМЕТОВА