©
Амал мерекесі десе Қазақстанның көптеген аймақтары таңырқай, таңдана қарап түсінбеушілік танытатыны бәрімізге мәлім. Бұл күн барлық өңірлерде ресми мейрам ретінде танылып, тойланбаса да еліміздің батыс өңірінде атап өту дәстүрге айналған. Тек Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында ғана белгілі болғандықтан бұл күннің маңызы мен қалай тойланатынын білмейтін адамдар көптеп кездеседі.
Наурыз айының 14-ші жұлдызы, әсіресе, Маңғыстау өңірі үшін ерекше күн. Өйткені бұл күні ауыл-аймақ, көрші-көлем, ағайын тума барлығы әдемі киініп, ақ дастарханын жайып, таң атысымен-ақ, үй-үйді аралап, бір-бірімен көріседі, қол алысады. Бала күнімізде наурыз айы басталысымен-ақ, бар нәрсенің бастамасы тазалық деп білетін біздер ескі-құсқы дүниелерді жаңартып, үй жайымыздың іші-сыртын әктеп, көрпетөсекке дейін аналарымыз өз қолдарымен әдемілеп қоятын. Қонағын құдайындай күтетін қазақпыз ғой, бар тәттіні қонаққа деп тығып қойған шешелеріміз сол күні неше түрлі дәмді тамақтарды дастархан бетіне жайнатып тастағанда бала жүрегіміз жарылатын дай болып тұратын. Ертең көрісу күні дегеннен ақ бізден ұйқы қашады, таңды көзбен атырып, сағат 45 жобасы болғанша зорға шыдайтынбыз.
«Кімнің жарығы бірінші жанады екен» деп есіктен қайта-қайта қарап қоямыз, бәрі де таңды көзбен атырғандай бірінен соң бірі тұрып, есігін ашқанда бауырсақтың иісі ауыл ауылды аралап кететін.
Бұл күні жасы кіші адамдар жасы үлкендердің жағдайларын сұрап барып, көрісіп батасын алып шығады. Ырым бойынша кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек, оның біріншісі немесе міндет тісі Құдай қосқан көршің болуы шарт. «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» деген сөз осыдан қалса керек. Көріскен, құшақтасып төс түйістірген адамдар бір-біріне «Бір жасыңмен!»,
«Жасың қайырлы болсын!», «Жылың құтты бол сын!» деп сөз бастап, ізгі тілектері мен ақ адал ниеттерін білдіреді. Ең бірінші болып барған үйден сыйлық алып, сағат сегізде басталатын сабаққа ауылдағы үйлерді түгелдей аралап болып баратынбыз.
Тіпті ол күні ешкім есігін құлыптамайтын, үйінде өздері жоқ болса да келген адам дастарханынан дәм ауыз тиіп кете береді. Бұл күннің ерекшелігі сол - араздасып қалған адамдар бірін-бірі кешіріп, өкпе-наздарын ұмытады.
«Самарқанның көк тасы еритін күн» деген нақыл сөз содан қалса керек. Яғни тек үйдің ғана емес, адамның да, жан дүниенің де тазалығынан бас тау алатын бұл мейрамның біздерге үйретері мен берері ұшан - теңіз.
Халықтар мен адамдардың, бір ауылдың түтінін түтетіп, бір аулада тұрып, қазіргі таңда бір-бірінің жағдайын сұрамайтын, тіпті танымайтын көршілердің арақатынасын жақсартатын бұл мереке алдағы уақытта тек батыс өңірінде ғана емес, барлық Қазақстанда тойланатын ресми мерекеге айналарына сенімім мол.
Гүлбағым ТҰҚЫМБАЕВА, Тұран университетінің 2 курс студенті
Көрнекі сурет сайттың архивінен