Бүгін қазақ халқының көнеден келе жатқан мерекелерінің бірі – Көрісу күні. Бұл күнді атап өту дәстүрі негізінен еліміздің Батыс өңірінде сақталған. Осы мейрамға орай Жаңаөзен қаласында ауқымды шара ұйымдастырылып, қала деңгейінде тойланды. «Мұнайшы» мәдениет үйі жанында үлкен сахна қойылып, жиырмадан астам қазақ үй тігілді.
Шараға «Самұрық Қазына» Қорының Басқарама төрағасы Ахметжан Есімов және Басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев, Жаңаөзен қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай және «Өзенмұнайгаз» АҚ директоры Бекзат Абайылданов қатысты. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жаңаөзендіктерді мерекемен құттықтап, республикадан келген атқамінер азаматтарға қуанышқа ортақтасып, мейрамды халықпен бірге қарсы алып жатқаны үшін алғысын білдірді.
- Киелі Маңғыстауымыздың әулиелі орындары Бекет Ата, Шопан Ата басына барып, зиярат еттік. «Жомарт жүрек» акциясы аясында қайырымдылық шарасына қатысып, бүгінгі қала деңгейінде тойланып жатқан Амал мерекесімен құттықтауға келдік. Амалдан амалға аман сау жете берейік, - деді облыс әкімі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Анамнан сіңген қасиетҚұттықтау тілектен соң Ахметжан Есімов кішкентай Софияның тұсауын кесіп, бүлдіршінге ақ батасын берді.
Жалпы бұл күні қаламыздағы мұнай, коммуналдық, білім мекемелері ағаш үй тігіп, мерекені тойлап жүрген әрбір жаңаөзендікке есіктерін айқара ашты, құшақтарын жайып, ас ұсынды. Сондай-ақ мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында сахналандырылған қойылым қойылып, «Көрікті көркем Наурыз» ұлттық киімдер, «Достық дастарханы» атты өзге ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдар және киіз үй байқаулары, «Наурыз кубогы» ұлттық ойындар жарысы, Наурыз жәрмеңкесі өтті. Шара жастардың «Менің сүйікті қалам - Жаңаөзен» флешмобымен аяқталды.
Жаңаөзен-Ақпарат
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="50051,50053,50052,50050"]