Жыл сайын мемлекеттік мерекелерді атаусыз қалдырмай, жоғары деңгейде өткізуге күш салып, мән-мағынасын аша отырып, жас ұрпаққа тағылымды өнеге көрсетіп келе жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы биыл да бұр үрдісті жалғастырды. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аталған компанияның ұжымы мұнай саласының майталмандарының өмірлік жарлары болған әжелерімізді мерекемен құттықтап, құрмет пен ізеттілік көрсетті.
Алдымен даңқты мұнайшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нәсіпқали Марабаевтың үйіне қарай бет алдық. Бізді мұнайшының жары Ләйлә Оқанқызы ыстық ықыласпен қарсы алды. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ департаментінің басшылары, компаниядағы «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымы мен Жас мамандар кеңесінің мүшелері Ләйлә Марабаеваға компанияның бас директоры Бақыт Иманбаевтың құттықтау хатын оқып, гүл мен қаржылай сыйлық табыстады.
– Нәсіпқали Тәуелсіздік алған алғашқы қиын жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясын басқарды. Ол кезде мұнайшылар бірнеше айлап жалақы алмады. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттар талонмен, бартермен берілді. Сол уақытта Нәсіпқали шебер ұйымдастырушылық қабілетін танытып, еңбек ұжымын, жұмыс орындарын сақтап қалды. Егемендік алған алғашқы уақытта Ақтау қаласында тек екі күнге жететін ұн ғана қалғаны есімде. Сол кезде Нәсіпқали еліміздің басқа өңірлерімен байланыс жасап, халыққа ұн жеткізген болатын. Өз ғұмырында азаматтық парызы мен ел алдындағы перзенттік аманатын адал атқарған дархан көңіл, жайсаң жан еді. Нәсіпқалидің салып кеткен сара жолын бүгінде артынан ергенбалалары жалғастырып келеді. Бізді ұмытпай, елеп-ескеріп, мерекеде құттықтап келіп жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына алғыс білдіремін, – деді Ләйлә Оқанқызы.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің қызметкері Дидар Мұңалбаев домбыраның сүйемелдеуімен ән шырқап, мерекелік сәлемін жолдады. Құттықтаушы топ та әндерді қосыла шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Майра Ғұмарова Компания Бас директоры Бақыт Иманбаевтың құттықтау хатын тапсырып,қарияға ақжарма лебізін білдірді. Мерекелік тілек, ілтипат пен шынайы пейіл қарт көңілді жадыратты. Көңілі бір жасап қалған әжеміз алғысын жаудырып, ақ батасын беріп, бізді шығарып салды.
Елімізге белгілі геолог Құлқаш Қарамурзиевтың өмірлік серігі болған Ақмейіз Бисембиева дақонақтарды жылы шыраймен қарсы алды. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ әкімшілік мәселер департаменті директорының орынбасары Нұрлан Илмұханбетов Ақмейіз әжені Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Ардагерге сый-сыяпат ұсынып, гүл шоқтарын табыстады. Жас мамандар гүл сыйлап, ана туралы әсем әндерді орындап берді. Көңілі бір марқайып қалған Ақмейіз әже әңгіме арасында естеліктерді еске түсіріп, сөзін өнегелі сөздермен өрнектеді. Ол бүгінде 4 ұл-қызынан тараған 8 немере мен 1 шөберенің қызығына бөленіп отыр. Қонақтар қарашаңырақта дәмнен ауыз тиіп, Ақмейіз әжеге амандық-саулық тілеп, келесі ардагердің үйіне аттанып кетті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ұлттық киім — ұлт мақтанышыҚарияларды қамқорлық қанатының астына алған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Қамқа Үмбеталинаның, Анна Козмодемьянскаяның, Мадина Ғизатуллинаның үйіне барып, сый-құрметке, риясыз ризашылыққа бөледі.
– Бүгін Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында «Маңғыстаумұнайгазда» қалыптасқан дәстүр бойынша мұнай саласының өркендеуіне зор үлес қосқан азаматтардың өмірлік серіктері, отбасының ұйытқылары болып, түтінін түтекен, ұрпағын жалғастырған, оларды әр уақытта қолдаған ардагер аналарымызды құттықтауды жөн көрдік. Қамқорлық танытып, мерекелік көңіл-күй сыйлап,үлкенге құрмет көрсетуді мақсат тұттық. Аналарымызға құттықтау хатын, 100 мың теңге қаржылай сыйлық және гүл шоқтарын табыстадық. Көңілдері бар жадырап қалған аналардың алғысы мен батасын алғанның өзі бізге рух, күш-жігер береді, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ғани Әбдісадық.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49815,49816,49811,49812,49813,49814"]