Құрықта мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорттық ойындар жыл өткен сайын артып келеді. Оларға қол ұшын беріп, көңіл күйін көтеріп, белсенді тірлікке тартып, өздерін болашағымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау – біздің басты міндетіміз.
Жақында №6 орта мектепте «Үміт шырғалаңы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үстел теннисі және дойбы ойындарынан сайыс өтті. Сайысқа Маңғыстау облыстық үстел теннисі федерациясының вице-президенті С.Тілегенов, Маңғыстау облыстық үстел теннисі федерациясының төрағасы В.Мусаев, Маңғыстау облыстық «Үміт шырғалаңы» қоғамдық қорының басшысы Н.Вязьмина, Қарақия аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Д.Атағараев, «Жігер мүгедектер спорт клубының» төрағасы Қ.Тілеуовтер қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында Н.Вязьмина сөз сөйлеп, сайыстың мән маңызына тоқталып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Сайыста қатысушылар қоғамның толыққанды мүшесі ретінде бар күш-қайратын жұмсап атсалысты. Үстел тенисі бойынша бірінші орынды Д.Мусабаев, екінші орынды С.Букенов және үшінші орынды Қ. Ерсайыновтар иеленіп, жылдамдық қасиеттерін бір сынатты. Ал дойбы жарысы бойынша бірінші орынды А. Жақсылық, екінші орынды Ә.Сабарбаев және үшінші орынды А, Қанаттар ұтып алып, ой ұшқырлығын танытты. Спорттық іс-шара соңында спорт ұйымдастырушылары марапаттау рәсімін өткізді. Жүлделі орынға ие болған спортшылар шексіз ризашылықтарын білдіріп, көңілді тарқасты.
Айта кетелік, мүмкіндігі шектеулі балалардың жігерін ынталандырып, жеңіс тұғырына жетелеп, өз бойындағы күш-қуат қасиетін шәкірт бойына баули білген білікті бапкерлеріміздің ерен еңбегі ерекше. Жігері жасымаған жандардың алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көрініп, толайым табыстарға жетуіне тілектеспіз.
Фариза ХАЙДАРОВА
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаулық полицейлер мерген қыздарды анықтады