1 наурыз - Алғыс айту күніне орай Қарақия аудандық мәдениет үйінде «Шын жүректен» атты мерекелік концерт өтті. Аталмыш мерекеде мәдениет үйінің мамандары бір шаңырақ астында уыздай ұйыған түрлі ұлт өкілдерінің рөлін сомдап, қойылым көрсетті.
Одан кейін Елбасының алғыс күніне арналған тілегі бейнекөрсетілім арқылы тамашаланды. Мерейлі мерекені Ж.Оразов пен Н.Қаржаубаевалар жүргізді. Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Қ.Беков айтулы мерекенің маңыздылығына тоқталып, сан ұлтты бір шаңырақ астына біріктіріп берекесін арттырған Елбасының азаматтық тұлғасын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ауданның өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлерге «Алғыс хат» табыстап, елдің жарқын болашағы жолында аянбай еңбектенуге шақырды.
Аталмыш мерекенің мерейін аудан өнерпаздары асырды. С. Қосай, Г.Ермаханова, М.Джанабаева, М. Күзембаев, А. Сағындық, Б.Сансызбай және Балауса би ансамблдері өзге ұлт өкілдерінің халық әндері мен билерін нақышына келтіре орындап, көрерменге қуаныш сыйлады.
Бұл мерекелік бағдарламада өзге ұлт өкілдерінің қазақ еліне деген шексіз алғысы айқын көрсетілді. Елімізде достығымыз бен татулығымызды, бірлігімізді нығайта түсетін, жүректерге жылулық, сыйлайтын осынау мерекеде бір-бірімізге алғыс білдіріп, «рахмет!» деген қасиетті сөзді айтудан жалықпайық!
Фариза ХАЙДАРОВА