Бірнеше жыл мәдениет саласында басшылық етіп, өнер саласын қуған жастарға дұрыс бағыт-бағдар бере білген білікті ұстаз. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында олардың облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жеңімпаз болуларына мұрындық болған жан. Болмысы да, салған әні де Отанға деген сүйіспеншілікке толы, бүкілодақтық фестивальдердің лауреаты атанған кәсіби әнші, ұстаз, серікболтанушы Балсұлу Қондыбаева болатын.
Бақытты балалық шағын Маңғыстау ауданында өткізіп, естияр шағында әкесінен көз жазып қалған-ды. Ол кезде кішкентайынан ерке өскен қыз 12 жаста еді. Әкесі бар болғаны 39 жыл ғұмыр кешсе де онымен бірге өткізген әрбір сәті әлі күнге дейін көз алдында сақталған. Әкесі де, анасы да өнерден кенде емес екен. Аспапта ойнамаса да, бәрі бірігіп ән салған кездерін сөз арасында айтып қалды. Айтуынша, Балсұлу апамыздың ән айтқандағы дауысы да, сөйлеген сөзі, жаратылысы да анасынан аумай қалған.
«Әкеміздің жоқтығын сездірмеу үшін біздерден бар махаббаты мен сүйіспеншілігін аямады. Тағдырдың қатал сынына қарсы тұрып, біздерге тағылымды тәрбие беруге тырысты. Бір шаңырақтың жүгін мойнына артып, күндіз құрылысшы, теміржолшы, түнде күзетші болып жұмыс жасады. Ерінің артынан қалған ұл-қыздарын өсіріп, жеткізді. Біздердің осылай жоғары санатты бір-бір маман иесі болуымызға анамыздың еңбегі зор болды. Қайсарлық пен еңбексүйгіштік анамыздан сіңген қасиет деп мақтана айта алам», – дейді Балсұлу Әділбекқызы.
Иә, ата-ананың өшпес байлығы да, сарқылмас мұрасы да балаға берген тәлім-тәрбиесі. Анасы Тәрбие бойындағы бар қасиетін балаларына сіңіріп, еліне, отбасына қайырлы ұрпақ тәрбиелей білді. Бүгінде анадан туған алтауы әр саланың көш басында. Мәдениет саласында Балсұлу апай анасының көз қуанышы бола білсе, өмірінің соңына дейін ғылымға бет бұрған ұлы Серікбол да аз ғана уақыт біраз шыңдарды бағындырып үлгерді. Әрине, мұның бәрі ананың ақ сүтімен дарыған болса керек.
Анасының сенімін арқалаған Балсұлу 1974 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінің музыка бөлімін үздік дипломмен бітіреді. Кейін Алматы қаласына барып, Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих мамандығын тәмамдайды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиевамен музыка саласын бірге оқып, бір отбасының баласындай араласқан жақын құрбы болғанын айта кеткен жөн.
Алғашқы еңбек жолын ұстаздық етуден бастаған жас маман Маңғыстау ауданындағы балалар музыка мектебінің алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі болды. Мұғалімдіктен, аудандық білім білімінің әдіскері дәрежесіне дейін көтеріледі. Ұстаздық ете жүріп бірнеше байқаулар мен бүкілодақтық фестивальдерге қатысып, жүлделі оралады. Сонымен қатар аудан балалары мен мұғалімдерінен хор құрып, оның тұрақты жұмыс жасауына жетекшілік етті. Ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білген жан-жақты қыз дәстүрлі өнерді дамытуға да атсалысып, жыр-термешілер сынды әртүрлі шаралар өткізе бастайды. Өнер десе ішкен асын жерге қоя білетін ол «Балауса» би ансамблін құрды. Ансамбль облыста ғана емес, Ресей, Түркия елдерінен І орынмен оралса, «Жас музыканттар» байқауында да оқушылар оркестрі І орынды иеленді. Тек өнер, біліммен шектелмеген ол «Аманат» бағдарламасын жасақтап, бірнеше әдістемелік құралдарын дайындады. Еңбегі нәтижесін беріп, 2001 жылы 7 сыныпқа арналған музыка оқулығы республика бойынша барлық мектептерге таратыла бастады. 2003-2007 жылдары облыстық ғылыми әдістемелік орталыққа директор болып қызмет етті.
2007 жылы жаңадан Мұнайлы ауданы ашылып, мәдениет басқармасының ұсынысымен Мұнайлы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалады. Жас ауданда мәдениет саласының қарыштап дамуына өзіндік үлес қосып, талантты жастарды топтастыра білді. Білікті басшының жүйелі жұмысының нәтижесінде «Маңғыстау жұлдыздары» облыстық байқауында бас жүлдені иемденді. 2010 жылы «Үздік мәдениет үйі», 2012 жылы «Үздік ауыл клубы» байқауларында І орынды қанжығасына байлады. Осылайша өз ісінің майталманы, шебер ұйымдастырушы екенін көрсете білді.
Қызметін өнер жолымен ұштастыра білген Балсұлу тұрмыс құруға асығыстық танытпайды. Отыздан асқан шағында энергетика саласының маманы Шоқан атты жігітпен бас қосып, бүгінде олардың қуанышы мен қызығы бола білген Айнұр қыздары бар. Ол шет тілі мамандығын алып, шетелдік мекемеде қызмет етуде.
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнер саласында еңбек сүйгіштігі мен өнерге деген махаббатының және жолдасының қолдауының арқасында осындай жетістікке жеткен Балсұлу апамыз қазір еңбек демалысында. Зейнетте болса да облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып, Серікбол шығармаларын насихаттаушы, облыстың өнерлі жастарына үлгі бола білген тұлға, құрметті өнер анасы.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА, Мұнайлы