«Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керек».
Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауынан
Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыруға кіріскен Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы "Энергия тиімділігі және энергия үнемдеу" тақырыбында диалогтік алаң ұйымдастырды. Жиында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бағытындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы мәселесі талқыланды. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев, «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ мемлекеттік энергетикалық тізілім орталығының директоры Алмат Қабыкенов, мекеме басшылары және аймақтағы ірі кәсіпорындар қатысты.
– «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ мен біздің өңіріміздің арасында жақсы қарым-қатынас қалыптасқан. Мәселен 2017 жылы Ақтау қаласының 3 мектепке дейінгі мекемесінде жөндеу жүргізілді. Энергия үнемдеу технологияларын пайдалану нәтижесінде 40% электр қуатын, 30% жылу қуатын үнемдеуге қол жеткіздік. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі қарай іске асыруды жалғастыратын боламыз. Энергия тұтыну көлемін азайту – бұл бүгінгі күні мемлекет алдындағы өзекті міндеттердің бірі, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ғажаптар көрмесіндей Маңғыстауым!Жиында «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ-ның мемлекеттік энергетикалық тізілім орталығының директоры Алмат Абайұлы елімізде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков аймақта энергия тиімділігін арттыру бойынша атқарылған істерді айтып өтті.
Жиын соңында ұсыныс-пікірлер айтылып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берілді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Көрнекі сурет әлеуметтік желіден алынды