©
Маңғыстау мемлекеттiк тарихи-мәдени қорығы Алғыс айту күні мерекесіне орай «Тарихи мұра жанашырларына – алғыс!» атты тақырыпта іс-шара өткізді.
Қазақстандық бірегейлікті дамыту арқылы Қазақстан халқының бірлігін нығайту, көктемнің бірінші күнінде мерекелік көңіл-күй қалыптастыру, көрісу күні, Амал мерекесі туралы мәлімет беруді мақсат еткен іс-шараның маңызды сипаты – қатысушылардың бір-біріне алғыс айтуы, жақсы тілектер білдіруі, бұрынғы өкпе-наздарын кешіруі еді.
«Біреуге жақсылық жаса да – ұмыт, біреудің саған жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпа!» деген қағидамен кез келген қайырымдылық іс-әрекеттеріне және басқа да ізгі істерге алғыс айтады.
Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде Франгиза Таимова, Отыншы Көшбайұлы, Әбдірахман Қуанышбек, Бисенбек Нұржігітұлы шақырылды. Алғыс айту күні, ең алдымен, еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін, біздің ортақ тарихымызды қастерлейтін, өзара көмек және қолдау көрсету күні. Сондай-ақ осы іс-шараның жақсы көңіл күйде өтуіне Маңғыстау өнер колледжінің білімгерлері Аққу Ермекбаева мен Жалғас Ырысбек атсалысып, жыр-термелерін тарту етті.
Маңғыстау мемлекеттiк тарихи-мәдени қорығы ұжымы өлкенің тарихи-этнографиялық қорын жинақтау, сақтау жолында айрықша еңбек еткен алғашқы тарих жанашыры Франгиза Қисақызына осы салада атқарған қызметі мен өлшеусіз сіңірген еңбегі үшін, қызмет бабында қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлығы үшін ризашылығымын білдіріп, зор алғысын айтты. Сондай-ақ атадан жеткен асыл мұраны жол ортада жоғалтып алмай, оны жаңғыртып, жасартып, дамытып келе жатқан, Маңғыстау өңіріндегі сәулетшілік өнердің даму тарихы туралы көптеген еңбектер жазып жүрген өлкетанушы, тарихшы Отыншы Көшбайұлы ағамызға, ел ішінде ата-бабадан келе жатқан асыл дінімізді ардақтап, дәстүр мен діннің сабақтастығын ұлықтап, жастарға имандылық иірімдерін насихаттауға атсалысып жүрген және ұлы дала халқының ұлттық құндылықтарын сақтап, дамыту мақсатында айналамызда мүжәлсіз отбасыларының, зәру мүгедектердің, жетім-жесірлердің бар екенін сезініп, оларға қол ұшын созып жүрген құрметті азаматтар Қуанышбек Спанұлы мен Бейсенбек Нұржігітұлына жасаған жақсылықтары үшін ризашылық білдіріп, алғыс айтылды. Кімде-кім бір игі істі бастап өзгеге үлгі болса, өзінен кейін сол істі істегеннің сауабындай сауап алады екен. Сауапты істеріңіз көп болсын дейміз!
Адамдар өмірдің әрбір сәтін бағалай білуді үйрену керек және жақын адамдарымызға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін ризашылық білдіруді ұмытпау керек. Тіпті, Табиғат-Анаға шуағын шашқан мейірімді күні үшін, салқын самал желі, ақ жауын- ды жаңбыры мен ақша қары үшін алғыс айтуымыз қажет.
Айман ЯРИХАНОВА, Маңғыстау мемлекеттiк тарихи-мәдени қорығының бөлім меңгерушісі
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Тірі жүргенім үшін қазақ анаға қарыздармын!»