Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні бекітілген. Бұл мереке ШЖҚ "Облыстық стоматология орталығында" биыл екінші рет аталып өтілді.
Алғыс айту күніне орай мекеме әкімшілігі мен Маңғыстау облыстық стоматологтарының Бірыңғай ассоциациясы қоғамдық бірлестігі филиалы атынан стоматология саласына еңбегі сіңген бірқатар стоматолог мамандар шақырылып, марапатталып, дастарханнан дәм татып, алғыс білдіріп, ақ тілектер айтылды. Мекеме директоры Қуат Машырықов мәжіліс залында шақырылған қонақтарды төрге отырғызып, әрқайсысының өмірбаяндарын, еңбек жолдарын, отбасын таныстырып, қызметкерлердің қызу қолдауымен марапаттарын тапсырды.
Атап айтқанда бұл күні Маңғыстау аудандық орталық ауруханасының зейнеткер стоматолог маманы Қыстаубай Сүйетбаев «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігер стоматологі» төсбелгісімен марапатталды. Стоматолог мамандығын 43 жыл өтілмен абыроймен атқарған Қыстаубай аға – Маңғыстаудың төл перзенті. Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетін 1976 жылы тәмамдаған соң интерн ретінде туған жеріне оралып, жұмысын мінсіз атқарып, бүгінде зейнеткерліктің жемісін көріп отырған ардагер маман, асқар таудай әке, немерелерінің қызығын көріп отырған қария. Ауылдық жерде өзі хирург, терапевт, ортопед мамандықтарын қатар алып жүріп, халыққа көмегін аямаған маман.
Ходжабай Дүйсенов Түрікмен мемлекеттік медицина институтын 1974 жылы бітірген. Еңбек жолын Жаңаөзен қалалық ауруханасында интерн болып бастаған. Еңбек тәжірибесіне қарай 1980 жылдары бас дәрігер қызметтерін қоса атқарған. Жұмыс барысында қажеттілікке орай стоматолог, хирург, ортопед мамандықтарын да қоса жүргізіп, келген науқастарды қабылдап, сапалы көмегін ұсынып отырған ардагер маман. Қазіргі кезде «Стоматология» ЖШС-да өз жұмысын жалғастыруда. Ходжабай аға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігер стоматологі» төсбелгісімен марапатталды.
Облыстық стоматология орталығының маман дәрігері Бибігүл Исабаева – Алматы ме- дицина институтының 1978 жылғы түлегі. Институт қабырғасынан кейін жолдамамен Маңғыстау өңірінде еңбек жолын бастап, тұрмыс құрып, осында тұрақтап, алғашқы балалар стоматологиясының негізін қалаушылар қатарында, жоғары білікті маман. Мекеме қанша біріктіру, өзгерістерге ұшырап жатса да Бибігүл Жұмаділлақызы балаларға, жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге, ересектерге осы емханада өз көмегін аянбады. Біраз жылдар бойы балалар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқара жүріп, кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайланып, қазір де қызметкерлердің мүддесін қорғайтын сенімді кәсіподақ төрайымы қызметін абыроймен атқарып жүр. Ол «Қазақстан Республикасының үздік дәрігер стоматологі» төсбелгісімен марапатталды.
Облыстағы жеке кабинет иелері арасынан Базар Ерлан – арнайы шақырылып, алғыс айтылып, марапатқа ұсынылған мамандардың бірі. Базар Ерлан Алматы мемлекеттік институтының стоматология факультетін 1987 жылы бітірген соң еңбек жолын Маңғыстау облыстық стоматология емханасынан бастайды. Білікті маман 2000 жылы алғашқылардың бірі болып өз алдына дербес стоматологиялық кабинет ашып қазіргі кезде стоматолог, медбике мамандарды жұмыспен қамтамасыз етіп, қала тұрғындарына өз көмегін ұсынуда. Стоматология саласындағы еңбек өтілі – 30 жыл. «Қазақстан Республикасының үздік дәрігер стоматологі» төсбелгісімен марапатталды. Базар Ерланның отбасын медиктер отбасы деп атауға да болады. Жолдасы – перинаталдық орталықтың маманы.
Соколова Татьяна Александровна көп жылдар бойы осы емханада еңбек еткен, қазіргі кезде жеке кабинетте жұмыс жасайды. Татьяна Александровна Ресейдің Алтай өңірінде өмірге келген. 1976 жылы Кемеров мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Маңғыстауға 1977 жылы қоныс аударып, стоматолог болып емханаға орналасқан. 2009 жылдан бастап Ақтаудағы жеке кабинетте қызмет атқарады. Еңбек еткен кезеңдерінде тек қана жақсы жағынан, білімді, білікті маман ретінде көріне білді. Жаңа үлгідегі керамикалық тістерді алғаш жасап салушы мамандардың қатарында көптеген емделушіге сапалы тістер салып, ықыласқа бөленген. Татьяна Александровна «Қазақстан Республикасының үздік дәрігер стоматологі» төсбелгісімен марапатталды.
Алғысқа бөленген ардагер мамандар студенттік жастық шақтарын, алғашқы еңбек жылдарын, өмір жолдарындағы қызықта да қиын кезеңдерді әсерлі әңгімелеп, алғыста- рын жаудырды. Ұжымдастар әр ардагердің еңбек жолын қызыға тыңдап, қошеметтеп отырды. Ұжым атынан бөлімше меңгерушісі Тоқтар Әжіғұлов, тіс технигі Георгий Атагой, балалар дәрігер стоматологі Гүлшат Қисмет марапатталған мамандармен бірге оқып, еңбекке араласқан кезеңдерін әңгімелеп, жылы лебіздерін білдірді.
Елбасымыз Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Жалпы стоматология ұжымында мамандар арасындағы ауызбіршілік, адами қарым- қатынас жоғары қойылған. Облыс көлеміндегі барлық жеке кабинеттермен, зейнеткер мамандармен, ардагерлермен тығыз қарым-қатынаста болып, халыққа үздіксіз сапалы көмек көрсету – стоматолог мамандардың басты мақсаты.
Әріптестерімізге халықтың алғысына бөленіп, еңбектеріңіз табысты, жемісті болып жүре беріңіздер демекпіз.
Бақытнұр ҚАРСЫБАЙҚЫЗЫ, облыстық стоматология орталығының кадр маманы