Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жария етті. Халықтың бүгінгі таңдағы әл-ауқатын көтеру мәселесі ерекше назарға алынған бұл құжат биылғы қаңтар айында Қазақстан халқына жолдаған Елбасы Жолдауының жалғасы деуге де болатындай.
Қарапайым қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған бес бастаманың бесеуі де көңілге қонымды, жанға жағымды. Әсіресе «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» деп аталған екінші бастаманың дер кезінде қолға алынғанын атап өткім келеді.
«Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек. Ал осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл – 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады», делінген екінші бастамада. Қанша адамның жалақысы көбейетінін Елбасы осылайша болжап, нақты ай- тып отыр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Кім кітап оқи алады?Демек келесі жылғы 1-қаңтардан бастап қазіргі есеп бойынша 60125 теңгеден төмен жалақы алатын адамдардан ұсталатын салық жүктемесі 10 есе азайып, 1 процент қана салық салынбақ. Бұл – үлкен жеңілдік. Бүгінде табысын жасырып жүрген азаматтар, көлеңкелі бизнестегі кәсіпкерлердің көбісі – салықтың ауырлығынан лажсыз жалтарып жүргендер деуге болады. Енді табысын жасырмай көрсететіндер мен жалақысы жұмыс берушіге ауыртпалық салмастан көбейетіндер қатары артады деген үміт бар.
Президент ұсынған бес әлеуметтік бастама бүгіннен қолға алына бастады. Ал бағдарламалар жүзеге асырылған кезде, Елбасының өзі айтқандай, «Еліміздің көңілі жайлы, тұрмысы майлы» болатынына сенімдіміз.
Ербол ӨТЕЕВ, Жаңаөзен қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы