Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады. Егеменді еліміздің әлеуметтік жағдайын, халықтың тұрмысын жақсартуға серпін берер ірі-ірі қадамдар жасалмақ. Елбасы маңызды бес әлеуметтік бастама көтеріп, ел назарына ұсынды. Оның ішінде менің жүрегіме жақыны – үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен са- пасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Бұл берекелі бастама арқылы мемлекетіміздегі талапты, дарынды, білімге құштар, бірақ жағдайы жеткіліксіз жастарымызға шексіз мүмкіндіктерге жол ашылатыны қуантады. Жатақхана мәселесі – жастар үшін өзекті екені белгілі. Ауылдан ат сабылтып келетін студентке білім алумен қатар, жататын жайлы орын, оқумен айналысар бөлме керек. Бұл – түйткілдің түйінін тарқатар уақыттың таяғаны да жастар үшін жақсы жаңалық. Біздің Маңғыстау өңіріміздегі маңдайалды жоғары оқу орны – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің 3 жатақханасы бар. Іші жастар үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Университет студенттеріне қолдау білдіріп, барлығын жатақханамен қамтыған.
Мемлекетіміз ертеңгі тізгінді ұстар жастарға сапалы мен қолжетімді білім алуына барлық жағдай жасауда. Себебі олар – осы елдің еңсесін түсірмей, туын тіктеп, алға қарыштап дамуына атсалысар ертеңгі ұрпақ. Бұл бастама арқылы Елбасымыздың жастарға деген сенімі шексіз екеніне куә боламыз.
Нағдбу ҚАМАРОВА, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры