©
"Үйі жоқтың – күйі жоқ" деген ғой. Расында да, басында баспанасы жоқ, көңілі алаң, күй-тұрмысы тұрақсыз адамның бар қабілетін көрсетіп, өнімді еңбек етуге ықылас-ниеті де, сенімі де шамалы болатыны белгілі. Бұл, әсіресе, жаңадан отау құрған жастар үшін өте қиын мәселе болып отырғанын жасыра алмаймыз. Соңғы жылдарда тұрғын үй құрылысын салу қарқыны артып, үй алу жағы бұрынғыдан сәл оңайлағанмен, әлі де мұқтаж жандардың бәрінің бірдей мүмкіндігі жете бермейді. Солардың арасында өзімнің немерелерім де бар.
Елбасымыздың күні кеше еліміздің Парламентінде Үкімет мүшелері мен қос палата депутаттарының алдында жария еткен жаңа әлеуметтік бастамаларға байланысты үндеуінде жоғарыда айтылған мәселені шешудің халыққа қолжетімді жолы жайында айтқанын теледидардан естіп, «е, бәсе» деп қуанып қалдым. Президент бұдан былай тұрғын үй алу үшін 7%-дық өсім мөлшерлемесінен, бастапқы баспана құнының 20%-нан аспайтын мөлшерде және 25 жылда өтеу мерзімімен несие беретін «7-20-25» бағдарламасын енгізуді ұсынды. Бұл – еңбекақысы мен жинаған қаржы қоры онша көп емес жастар үшін ең маңызды баспана мәселесін шешуге жол ашатын ұтымды бастама. Мемлекет басшысы оның негізді есеппен жасалғанын және бұл тапсырмаларды Үкімет пен қаржы ұйымдары қолдап, іске асыруы тиіс екендігін айтты. Бұл бағдарлама табысты жүзеге асатын болса, баспана мәселесімен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға себеп болмақшы екен. Халыққа қолайлы бастамаға сәттілік тілейміз.
Аманбибі ТӘУШЕНОВА, зейнеткер, Мұнайлы ауданы
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бірлік пен берекенің жарқын мерекесі