Есіңде ме? Дастархан басында тамақтанып отырып, бір қолыңа ұстаған кітаптан бас алмайтының? Ата-анаңның «тамақ ішіп отырып, кітап оқуға болмайды» деген ескертпесінен кейін ғана амалсыз кітабыңды жауып, жаныңа қоясың. Үлкендер айтты ма, бітті, оларға қарсы келуге болмайды, кітаптың ең қызық жеріне жетіп, қимасаң да, солай істеуге мәжбүрсің. Сосын үй шаруасын тындырып, ас үйдің шамын өшіріп барып, төсегіңде жатып, үстел шамының жарығымен кітап оқисың. Содан көзің ілініп кеткенін таңертең оянғаныңда бір-ақ білесің.
Небір асыл да астарлы сөздерді мөлдірете, келістіре жазған көркем әдеби кітаптар, «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Наука и религия», «Роман-газета» сияқты журнал-альманахтар жастана-жатып оқитын сүйікті басылымдарымыз еді. Оқыған сайын тоймаймыз, оқи бергің келетін. Ал қазір ше? Жастардың кітап оқымайтынына қынжылып жатамыз, шыны керек, көзімізді кітаппен ашқан өзіміз де кітап оқуды сиреттік. Анау журналдарды соңғы рет қашан оқыдық екен?.. Өрмекшінің торындай шырматылған интернеттің шырғалаңынан шыға алмай қалдық. Мониторды ашсаң болды, іздеген сұрағыңа жауап табылып тұр. Бәрі оп-оңай. Өзіңе керегіңмен қоса басқа да ақпараттар самсап тұрғасын оларға да көз жүгіртесің. Сөйтіп, қымбат уақытымызды аямастан жүріп жатқан жайымыз бар. Біз сөйтсек, жастарға не жорық?..
Әлбетте, бүгінгінің кітап оқымайтын жастары одан білімсіз болып жатқан жоқ. Бәлкім, білімі бізден де артық шығар. Мектеп оқушыларының қолынан шыққан небір таңғажайыптарды көргенде балаларымыздың білімділігіне қуанып жатамыз. Су тұшыту, суды тазалау, автокөлікті жанармайсыз жүргізу сияқты ауқымды мәселелерді шешуге атсалысып, соның жолдарын ойлап тауып жүргендерін көріп тұрып, қалай риза болмассың? Жер бетіндегі ғылым мен техниканың жетістігін бес саусағындай біледі жастардың көбісі. Меңгеріп те жатыр. Шет елдерде оқып, сол елдерде жұмыс істеп жүргендері де аз емес. Біз үшін мақтаныш қой бұлар.
Ал баспадан шыққан дүниелерді көп оқыған біз, біздің алдымыздағы буын ше? Бүгінгі жастардан неміз артық? Әрине, ғасырлар тұңғиығынан тін тартқан ұлттық тәрбиеміз, адамдарға деген мейірім мен бауырмалдығымыз басым еді. Ұр да жық, бүгін алып қалайын, қазір қармап қалайын, ертең не болса, со болсын деген ой бомаған еді. Мақсатымыз баю, не атақ алу емес еді. Үйренген үстіне үйреніп, білген сайын білсек деген едік. Қарақан бастың қамын емес, ата-анамыздың, бауырларымыздың, туысымыз бен көршіміздің қамын ойлайтынбыз. Осының бәрін ойлаған адам елдің қамын жегені емей, немене?
Жә, бүгінгі ұрпақты жазғыруға болмайды, әр дәуірдің өз ерекшелігі мен мәдениеті, даму жолы бар. Қоғамнан тыс өмір сүру мүмкін емес. Жаһандану дегеннен үрейленіп, едік, одан да қашып құтылмасымыз белгілі болды. Электрондалып, цифрланып бара жатқан мына заманның ағымына ілесе алмасақ, артта қаламыз. Дегенмен, кітап оқитын кісінің кітап оқымағаннан айырмашылығы барын мойындайықшы. Мектепте, не жоғары оқу орындарындағы сынақтар үшін оқылатын кітаптармен қатар адам жанына рухани азық болатын, бүгінгі күнге электроникасыз-ақ жеткізген бұрынғылардың саналы өмірінен өнеге беретін, туған жер тарихынан сыр шертетін, алабажақ әлемнен тысқары әдемі әлемге, бірауық мейірім, сабыр, адамгершілік секілді болмыс-сезімдерге жетелейтін кітаптарды ұл-қыздарымыз жиі оқыр болса, келешегіміз жаман болмас еді. Заманның талабына сақадай сай білімді азаматтарымыз «ұлтым» деп әшейін ұрандамай, ұлтына деген сүйіспеншілігін ісімен көрсетер еді. Жаңа жетістіктерді, бар білімін туған еліне жұмсар еді.
Өткен жылы Сайын Шапағатов ауылындағы мектепте оқушылармен өткен кездесуге қатысқаным бар. Сонда облыстың жастар ұйымынан қатысқан бір жас жігіт ұзақ сөйледі. Сөзінің ретіне қарағанда, 4-5 тіл білетін сияқты. Өзі елімізде жастар арасында ұйымдастырылып тұратын үлкен шараларға көп қатысатынын, сонда көрген-білгендерін айтты. Балаларды оқу-білімге ұмтылуға үндеген сөздері тәп-тәуір. Бірақ бір сөзінде балаларға «Абай жолын» оқымау керектігін, оқығанымен, оны түсіну қиын екенін айтып салды. Мұнысы ұстаздарға ұнамай қалып, мұғалімдер онымен келіспейтіндерін айтты. Сөйлеп тұрған жас жігіт те өз пікірінен қайтпай, бұл романның мектеп оқушылары үшін әзірше ауыр екенін түсіндіріп бақты. Сол сәтте маған жеңіл-желпі ақпараттармен шектелуге бейімделген қазіргі балаларға шынымен де салмақты туындының ауыр соғуы мүмкін-ау деген ой келді. Дегенмен, бұл шығарма ауыр екен деп, оны оқытпай қоюға болмайды, керісінше, қосымша кітаптар да оқытқан жөн. Өйткені, бұрынғы балалардың шамасы жетті ғой бұл туындыларды оқуға. Алайда, міндеттеп, қорқытып, оқытқанмен, құрғақ мазмұнын айтып берген бала ештеңенің байыбына барып түсіне алмайды ол кітаптан. Сондықтан балаларды кітапты өздігінен оқуға ынталандыру керек. Бірақ, қалай?
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тимур Бектұр: «Цифрлық Қазақстанға» көшуге халық дайынЖақында Мұнайлы ауылдық «Миғраж» мешітінің кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға арналған «Кітап—сарқылмас қазына» атты байқау жариялағанын білгенімде шын қуандым. Байқау шарты бойынша оған Маңғыстау тұрғындары қатыса алады. Жасына шектеу жоқ, «Көкжиек» баспасынан шыққан «Адамзаттың асыл тәжі» және «Абу Ханифа және ханафи мәзһабы» кітаптарын оқыған болса, болғаны. Байқауға қатысушыларды тіркеу наурыз айының 1-нен 30-на дейін жалғасады. Ал мамыр айының 16-26 аралығында сайыскерлер сынақ тапсырады. Жеңімпаздар 10-маусым күні жарияланып, марапатталады. Сынақтан сүрінбей өткендерге берілетін сыйлықтар да жақсы. 1-орынға—умра қажылықа жолдама, 2-орынға—100 000, 3-орынға 50 000 теңге ақшалай және төрт ынталандыру сыйлықтары бар. Және бұл сыйлықтардың барлығы екі кітап үшін екі-екіден беріледі.
- Маңғыстаулықтарды кітап оқуға дағдыландыру мақсатында осындай шара ұйымдастыру—мешіттің бас имамы Руслан Баймұхановтың бастамасы,-деді мешіт қызметкері Қожамжар Мұрсатбаев. - Ал оны ары қарай жетілдіріп, тест сұрақтарын дайындап, ұйымдастыру жұмыстарын осы мешіт жанынан құрылған «Үммет жастары» тобы жүргізіп жатыр.
Осынау сауапты шараны ұйымдастырудың кітапқа құмартуды үйретумен қатар дін жолын таңдаған жастарды ата діннен адасып кетуден сақтандыру тұрғысынан да пайдалы екендігі айтпаса да түсінікті. Неткен тапқырлық десеңші.
Өңірімізде тұңғыш басталған бастаманың жалғасын табуына біз тілекшіміз. Менің ойымша, асыл қазына, баға жетпес байлық саналатын кітапқа ұмтылысты арттыру үшін осындай шараларды әр саладан да түрлендіріп ұйымдастыруға болады. Тек ынта керек.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА