Өздеріңіз жақсы білетіндей, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы Жарлығына сәйкес 1 наурызда елімізде Алғыс айту күнін атап өтеміз.
Сондықтан көктемнің шуақты мерекесі алғыс айтуды өздеріңізден бастауды ұйғардық. Бұл жай мереке емес. Алдымен, ұлан-байтақ даламызды бізге аманат еткен ата-бабамызға алғыс айтамыз. Әке-шешемізге, ұстаздарымызға, дәрігерлерге, Отан қорғаушыларымызға және еліміздің ертеңі жастарға алғысымыз шексіз! Аты аталмай қалған барлық қызметкерге рахмет! Егеменді еліміздің қалыптасуына, тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтамыз. Мемлекет басшысының әрбір бастамасына қолдау көрсетіп, барлық уақытта жанында болған халқымызға алғыс айтуымыз керек.
Нұрсұлтан Әбішұлы Егеменді Қазақ елін дүниежүзіне мойындата білді. Тәуелсіздігімізді алған сәттен бастап, алдымызға үлкен-үлкен мақсат қойды.
Және сол мақсаттарға аз уақыттың ішінде бірге қол жеткізе білдік.
Бұл жетістіктердің барлығы еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың, бірлік пен тыныштықтың арқасында келді. Елбасымыз өзі атап өткендей, «мемлекеттің дамуы – бейбітшілік пен келісім және тұрақтылықтан бастау алады. Ал басты байлығымыз еліміздің тәуелсіздігі және халқымыздың ауызбіршілігі» екенін ешқашан ұмытпауымыз қажет.
Алғыс айту күні – Қазақстан халқын біріктіруге, достығымызды нығайтуға бағытталған! Еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Мейірімділік пен қайырымдылыққа негізделген мереке!
Сондықтан, елдің алғысына бөленіп, жүрекке жылу сыйлау үшін «Жомарт жүрек» қайырымдылық акциясын бастауды ұсынамын. Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл жыл басында облыс бойынша «Асар» қайырымдылық шарасын бастаған болатынбыз. Шараның мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтары: аз қамтылған отбасыларға, мүгедек балалары бар жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және ҰОС ардагерлеріне көмек көрсету, олардың тұрмыстық-әлеуметтік қажеттілігін өтеу.
Нәтижесінде, 30 миллионнан аса қаржы жиналып, үш жарым мың отбасыға (3500) көмек көрсетілді. Бұл бастама тек бұнымен тоқтап қалмайтынын айтқан болатынмын.
Ендеше, бүгін міне, игі іс дәл осы шарада, дәл осы уақытта салтанатты түрде жалғасын таппақ. Сондықтан «Жомарт жүрек» акциясы облыс бойынша барлық қала мен аудандарды қамтиды.
Киелі Маңғыстау жерінде Асар қайырымдылық акциясы наурыз айы бойы жалғасады. Барлық азаматтарды ізгі істің басында бірге болуға шақырамын!
Маңғыстау облысының әкімі Е.ТОҒЖАНОВ