Сталиндік қуғын-сүргін талайдың тағдырының тас-талқанын шығарды. Кеңес халқының көпшілігі туған жер топырағын еріксіз тәрк етіп, жер аударылып жатты. Қазақтардың ішіндегі іліп алар көзі ашық, көңілі ояу сауаттыларын орынсыз кінә тағып, жалған жаланың құрбанына айналдырып, атып, асып, итжеккенге айдап, көздерін құртты. Құдайдың маңдайға жазған аштығына қоса қолдан жасалған ашаршылық қосылып, халықты қынадай қырды. Көзі тірі қалғандары ұрпақтарының қамын ойлап, төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылды. Есесіне, тыңды игереміз деген желеумен кең байтақ Қазақстанның дархан даласына жер-жерден жер аударылып келген түрлі ұлт өкілдерін қойдай тоғытып, қаптатып жіберді.
Солдардың ішінде литван Иван Ясулевичтің әке-шешесі де бар еді. Ваня ол кезде есін білмейтін, небәрі 2 жастағы сәби болатын. Оның әкесі Семейде сүргінде болды. Арадан біраз жылдар өтті. Отан соғысы да аяқталды. Бірақ жер аударылып келіп, сүргінде жүргендер өздеріне қадала қарайтын күдікті сұқ көздерден құтылмады. Отанына оралып, еліне барып, көзге шыққан сүйелдің күніні кешкісі келмей, Қазақстанда біржолата қалуды ойлады. Өйткені, «Өлімнен ұят күшті». Өздері сияқты қарапайым қазақ халқының қамқорлығын көп көрді. Қонақжай, қайырымды қазақтар қолдарындағы бүтін нанды бөліп, жарты нанды жарып жеп, бұларды аштықтың құрсауынан аман алып қалды. «Мұндай қамқорлыққа Литваға барғанда ие боламын ба, болмаймын ба, оны бір құдай біледі? Одан да осында қала бергенім дұрыс болар» деген тоқтамға келді. Қасындағы бірге келгендердің көпшілігінің де пікірі осындай еді. Сөйтіп жалғыз ұлы Иванды үйлендіріп «Көппен көрген ұлы той» деп шүкіршілік етіп, күнделікті тынымсыз тірліктерін жалғастырып жатты.
Иван Ясулевич Семейден Маңғыстауға қоныс аударды. Форт-Шевченко қаласына келіп, еңбекке араласты. 1959 жылы дүниеге келген ұлы Геннадийге әкесінің аманаты бойынша қазақы тәрбие береді. Өзен кенорыны ашылып, «қара алтынның» бұрқағы аспанға атылып жатқан шақта Қызылсай ауылына келіп, орын тебеді. Техникасы аз, қол күші жеткіліксіз мұнай саласына жұмысқа орналасып, қызу еңбекке араласады. Бұл – 1961 жылдың көктемі болатын. Жалғыз ұлы Геннадий де жігіт болып өсіп, әке-шешенің кәсібі мұнайшылыққа бел шешіп кірісіп кетеді. Әуелден еңбекқор әкелерінің тәрбиесінен ауытқымаған Гена еңбек сүйгіштігі, тіл алғыштығы, елгезектігімен көптің көзіне түсіп, көңілінен шығады. «Ел мақтаған жігітті – қыз жақтаған» дегендей өзінен үш жас үлкен Наталья деген украин қызына ғашық болады. Бірін-бірі түсініседі. «Махаббат жасқа қарамайды, басқа қарайды» дегендей екеуі көп ұзамай отау құрып, шаңырақ көтереді. Дүниеге ұл-қыздары келіп, ата-анасына немере мен сәбидің сүйкімді күміс күлкісін сыйлайды. Сөйтіп жас нәрестелердің кіндік қаны Қызылсай топырағына тамады. Геннадий бір қыз, екі ұл сүйеді.
Гена - Өзен кенорындарының алғашқы мұнайшыларының бірі. «УБиР», «КРС» мекемелерінде жұмыс жасады. Алғашқы кеңшар құрылыстарына белсене араласты. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей әріптес, кәсіптестерімен, сондай-ақ көрші-қолаңдарымен өте тату араласты. Ол кездің адамдарының пейілі өте кең болатын. Қазақтың тілін де, салт-дәстүрін де бес саусақтай білетін. Ауылдастарымен араласуына мұның да көп пайдасы тиді. Тіпті ислам дінін қабылдап, ұлдарын сүндетке де отырғызды. Бірақ иманды болғырдың өмірі тым қысқа болды. 1993 жылы небәрі 34 жасында ұл-қызының қызығын көріп үлгермей дүниеден өтті. Ол кезде тұңғышы Янна 12 жаста, Николай 11 жаста, ал кенжетайы Станислав 4 жаста әкеден жетім қалды. Отбасының ауыртпалығы анасының мойнына түсті. Дегенмен келінінің еңсесіне түскен ауыртпалықты енесі де иықтасты. Себебі, оның да қартайып, тағынан тайып отырған кезі емес еді. Скважиналарға қызмет көрсету басқармасында жұмыс істеуші еді. Қос жесірдің бар арманы - әкеден жастай қалған жетімдерін халық қатарынан кем қылмай жетілдіру.
«Орнында бар – оңалар», «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» дегендей перзенттерінің үшеуі де ауыл балабақшасының тәрбиесін көріп, Сүгір Бегендікұлы атындағы №4 орта мектепте оқып, білім алды. Үшеуі де мектеп те оқу озаттары атанып, белсенділер қатарынан көрінді. Тіпті Николай қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадаға қатысып жүлдемен оралды. Астанада Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы Дипломы мен Президент қолына сағат тағып жібергенде анасының төбесі қуанғаннан көкке бір елі жетпей қалды. Жылап тұрып күледі, күліп тұрып жылайды. Өйткені, баласы атқа шапса, үйде отырып тақымын қысатын адам баласының ең мейірімді жаны осы – ана емес пе?
Николай отбасылық жағдайына қарап 8 сыныптан кейін Ақтаудағы кәсіп техникалық мектепте оқып, дәнекерлеушілік мамандық алып шығады. Анасына қолқабысын тигізіп, ауырын жеңілдету мақсатында әртүрлі жұмыстар істейді. 2011 жылы қос шешесі еңбек ететін УТТ-ға жұмысқа кіріп, жүргізуші болады. Соңғы екі жылдан бері «Бұрғылау жұмыстары басқармасында» бұрғышының көмекшісі болып еңбек етіп жатыр. «БЖБ» мекемесінің еңбек ұжымының арасында абыройсыз да емес.
- Менің жаным да, қаным да, тіпті арым да қазақ. Он екі ата Байұлының бір баласымын десем де артық айтқандық болмас , - деп Коля күліп қойды. - Өйткені біздер – бақытын қазақтан тапқан әулетпіз. Сонау үшінші әкем Қазақстанда сүргінде жүріп басы аман қалды. Одан кейінгі атам Иван қарапайым қазақтардың қайырымдылығының арқасында аштық құрсауынан құтылды. Өз әкем Гена - қазақтардың қамқорлығына бөленіп, осы Қызылсай ауылының байырғы тұрғындарының біріне айналып, биыл жарты ғасырлық торқалы тойын тойлағалы жатқан Жаңааөзен қаласының тұңғыш іргетасын қалағандардың бірі. Өмірлік жолдасым Сымбаттың да біздің отбасымызды бақытты етуге деген салмақты үлесі бар. Қазір құдайдың берген бес баласын бірге өсіріп, тәрбиелеп жатырмыз. Алды 5 сыныпта оқиды, кенжеміз 4 жаста. Сондықтан мен риза болмай, кім риза болады!?
Иә, Коляның «Байұлының бір баласымын» деген сөзінің жаны бар. Себебі келіншегі Сымбат - Шеркештің қызы. Ақтау қаласында қазақ мектептеріне орыс тілінен сабақ беретін өзінен үлкен туған апасы Янна Ысық ауылының түтінін түтетіп отыр. Ал Жаңаөзен қаласында кенже баласының қолында тұратын зейнеткер Наталья құдағайдың күтіміне қарап отырған келіні - Бегейдің қызы.
- Елбасымыздың арнайы «Алғыс айту күнін» белгілеп, екі жылдан бері атап өтіп жатқанымыз қандай жақсы болды. Әйтпесе, қараптан-қарап жүріп, аты жоқ, жөні жоқ, өз-өзіңнен рахмет айта беру де ыңғайсыз ғой. Осыған байланысты бүкіл әулетіміздің қуғын-сүргіннен, аштықтан аман қалуына себепші болған барша қазақ халқына алғысымды айтамын. Тәуелсіздіктің таңын атырып, Қазақстанды әлемге танытуға ұлан-ғайыр еңбек сіңіріп келе жатқан Елбасымызға рахмет! Бізді жатсынбай, жабырқатпай, қиын күндерде өзекке теппей қарсы алып, бауырына басқан қызылсайлық ауылдастарым мен көршілеріме де ризамын. Өз мекемем – БЖБ, арысы «Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымына да абырой, үлкен жетістіктер тілеймін. Біздің әулетіміздің өсіп-өнуіне, тұқымымыздың жайылып, мәуелі бәйтерекке айналуымызға сырттай тілекші болып жүрген құда-жекжат, қайын жұртыма да алғысым шексіз. Менің сәлемімді, ақжарма тілек, алғысымды барша Маңғыстау халқына жеткізіп отырған журналистер қауымына да Алланың нұры жаусын! Шығармашылық табыстарыңыз мол болғай! Дендеріңіз сау болғай! Елімізді, халқымызды алға ілгерілетуге сүбелі үлес қосып аман-есен, той-тойлап, жақсылықтың жаршысы болып жүре бергейсіздер! – деп Николай Ясулевич сұхбатының соңында толқып кетті.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Жаңаөзен қаласы
Суретте: 1. Николай Ясулевич отбасымен. 2. Николай екінші қатарда оңнан солға қарай төртінші