Алғыс айту күні – бұл елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл - тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиынқыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қабырғасы қайыспай, бірге көтере білді, бұл – бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Елбасы Н.Назарбаев Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Маңғыстау ауданына өзге ұлт өкілдерінің келуі тікелей теміржол құрылысымен байланысты. Аудан құрылған жылдары түрлі қызметке келген өзге ұлттың қыз – жігіттері бүгінде мәуелі қазақ отбасына айналған. Біріміз қазақ қызына үйленіп, біріміз қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, бүгінде осы ауылдың өз тумасындай болып кеттік. Қазақтармен төс қағыстырып, құда болдық, қазақы салтпен қыз ұзатып, келін алдық.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Кәсіпкерлерге көмек көрсеттіЖергілікті жердің халқы бізді ешқашан өгейтсіткен емес.
Бұл күн бір мақсат, бір үміт, біртұтас мемлекет жолындағы ізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды қолға алған барша қазақстандықтарды тәуелсіз еліміздің көк туы астына барынша топтасуға зор ықпал етеді. Бізді сол жылдары қазақ халқының айрықша қамқорлықпен құшақ жая қарсы алғанын ерекше ықыласпен айтып отырамыз. Қазақ халқының риясыз көңілмен қандай көмек пен қамқорлық көрсеткенін жақсы білеміз. Шағын ғана ауылда отбасын құрып, Қазақстанның азаматы атандық. Балаларым әр салада үлгілі қызмет атқаруда. Сондықтан да қазақстандықтарды Алғыс айту күні, ең алдымен, барша қазақ халқына үлкен рахмет айтып, олардың қолға алған істеріне сәттілік тілейміз!
Ежелден қазақ-орыс достығының тамыры тереңде, сонау ғасырлар қойнауында жатыр. Бүгінде осы Маңғыстауға табан тірегелі бір атаның балаларындай, тонның ішкі бауындай ажырағысыз достық пен береке-бірлікте тұрмыс кешіп жатырмыз. Бұл күнге ұлт көшбасшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен бейбіт өмір жолындағы ізгі мақсат-мүдделерді бәрінен де жоғары қоя білуінің нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Сондықтан да өз басым көп ұлтты Қазақстан халқын бір шаңырақ астына біріктіре білген және сол ұлттардың береке-бірлігі мен ынтымағы үшін бейбіт өмір сыйлаған, осы жолда баянды еңбек етіп жүрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, бүкіл қазақ халқына барша шын жүректен зор алғыс айтамын! Тәуелсіз Қазақ елі гүлденіп, алып адыммен ілгерілей берсін!
Фаина Николайқызы САҚТАҒАНОВА, Шетпе теміржол стансасының кезекшісі
Көрнекі сурет Qamshy.kz алынды