Елордамыздың 20 жылдығына, Маңғыстау ауданының 90 жылдығына орай Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен және Маңғыстау техникалық колледжінің қолдауымен жастар арасында тоғызқұмалақтан турнир өтті. Турнир ұлттық ойынды насихаттау, ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларды елжандылыққа тәрбиелеу, жас спортшылардың шеберлігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Шетпе ауылындағы білім беру ұйымдарынан 7 топ қатысты. Жарыстың бас төрешісі – ҚР спорт қайраткері, ұстаз Сабақбай Тілегенов.
Турнирге шетпелік жастар белсене қатысып, ұлттық ойын тартысты өтті. Жарыстың нәтиже сінде 1-орынды А. Меңдалыұлы атындағы орта мектептің «Сұңқар» командасы жеңіп алса, 2-орынды Шетпе лицейінің «Тұлпар» тобы, 3орынды Шетпе гимназиясының «Жалын» тобы иеленді. Жүлдегерлер мен белсенді қатысушылар кубокпен, алғыс хатпен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
– Арқа төсіндегі Астанамыздың мерейлі мерекесіне орай бүгін өте қызықты, тартысты турнир өтті. Сайыс жігерімізді жанып, қатысушылар алғырлығын көрсетті. Осындай ұлттық ойындар жастар арасында жиі өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді М. Атымов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні ұстазы Ғалым Әбенов.
Еркебұлан ТӨЛЕПБАЕВ, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы