Өткен жұмада Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің 2017 жылды қорытындылауға арналған отырысы болып өтті. Жиында Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың өңірдің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жөніндегі есебі тыңдалды. Сондай-ақ Мағыстау облыстық мәслихатының хатшысы Серікбай Тұрымов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сағын Қырымқұлов баяндама жасады.
Облыс әкімі өз сөзінде макроэкономикалық жетістіктерге, жол мәселесі, тұрғын үймен қамту, Қошқар ата көлін рекультивациялау, балабақшамен қамту, жаңа мектеп салуға тоқталып, шағын, орта бизнесті дамыту мәселесін де айтып өтті. Маңғыстау бизнеске жағдай жасау рейтингісінде 12 орыннан 2 орынға көтерілген. Былтыр өңірде 3 мыңдай жаңа бизнес субъектісі ашылып, олардың саны 47 мыңға жеткен. Өлкеде 30 мың жұмыс орыны құрылып, жастар жұмыссыздығы 5,1%-дан 3,5%-ға, жалпы жұмыссыздық 5%-дан 4,9% төмендеген.
Облыс басшысы «Ақтау теңіз порты» АЭА республика бойынша Астана қаласынан кейін экономикалық тиімділігі бойынша 2 орында екенін айтты. Мұнда инженерлік желілерді жүргізуге бюджеттен 7 млрд теңге салынса, 95 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде былтыр осындағы 19 кәсіпорын 23 млрд теңге салық төлеп, 260 млрд теңгенің өнімін шығарған.
Бұдан соң облыс әкімі Е.Тоғжанов ауылшаруашылығы саласы жайлы баяндады. Былтыр облыста 12 жылыжай ашылған. Бұған дейін өлкеде 19 жылыжай болған. Бұл - ауылшаруашылығы өнімінің 90%-ға жуығын сырттан алдыратын облыс үшін маңызды. Бүгінде Түпқараған ауданында «Ағарған» зауыты, Маңғыстау, Қарақия аудандарында қымыз өндіру цехтары жұмысын бастап, Ақтауда алғаш рет көкөніс қоймасы ашылған. Бүгінде Қарақия, Түпқараған. Мұнайлы аудандарынан 2 тонна өнім өсіретін 3 жылыжай салуға мүмкіндік бар.
Өлкеде кәсіпкерлерді қолдау бойынша 1% көлемінде несие беретін «Нұр капитал» жобасы қолға алынғаны белгілі. Бұған 2 млрд 700 млн теңге қарастырылып отыр.
- Жоба бір жылға жоспарланған. Жаңаөзеннен 54 жоба, Маңғыстау ауданынан 36 жоба ұсынылды. Несие жұмыс істеп тұрған орындарға емес, жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орнын ашатындарға беріледі, - деді Е. Тоғжанов.
Өлкедегі өзекті мәселенің бірі – ауыз су. Бүгінгі таңда 64 елдімекеннің 39 ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Облыс әкімі орталықтандырған ауыз сумен қамтамасыз етуді 64%-дан 69%-ға жеткізу мәселесінің күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. Биыл бюджеттен 4 млрд теңге қарастырылған.
- Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы салалық министрліктерге 16 жоба ұсынылды. Осы жылы бөлінген қаржыға Бейнеу ауданы Сарға, Боранқұл, Мұнайлы ауданы Басқұдық, Маңғыстау-4, Қарақия ауданы Бостан, Маңғыстау ауданы Жармыш, Жыңғылды ауылдарында ауылішілік су құбырларының құрылысы аяқталады, - деп мәлімдеді әкім.
Өндіріс саласының өсуіне байланысты, 2020 жылға дейін тәулігіне 70 мың текше метр судың жетіспеушілігі болуы мүмкін. Осыны ескере отырып, Құрықта тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытатын зауыт салу жоспарлануда.
Облыс әкімінің баяндамасынан соң қоғамдық кеңес төрағасы С.Қырымқұлов жиналғандардың назарын өлкедегі бірқатар мәселелерге аудартты. Олардың алғашқысы - құрылыс саласында конкурстың кешігіп жарияланатыны. Ол нысандар кешігіп қаржыландырылғандықтан, құрылыс кеш басталатынын айтады.
- Агроөнеркәсіп кешенін кәсіби маманмен қамту - өте өзекті мәселе. Тауар өндірушілерді былай қойғанда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері мен мемлекеттік мекемелердің өзінде кәсіби сала мамандарының тапшылығы қатты сезілуде, - деген С. Қырымқұлов жергілікті ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау үшін грант бөлу мүмкіндігін сұрады.
Облыстық қоғамдық кеңес былтыр 56 отырыс өткізіп, 72 адамды қабылдаған екен. Азаматтардан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ержан Хазіреттің туылғанына 130 жылдығын атап өту, Т. Әлниязұлының ескерткішін қайта жаңғырту, Маңғыстау түбегінің тарихы мен географиясына тікелей байланысы бар маңызды құжат – Мұхаммед ибн Наджиб Бекранның «Жаһан-наме» географиялық трактаты (XIII ғ. басы) Қазақстан мен Орталық Азия тарихының дереккөзі» атты фундаменталдық кітабын парсы тілінен қазақ және ағылшын тілдеріне аударған Нияз Тобыштың еңбегін баспадан шығару туралы өтініштеріне қолдау білдіруді сұрады.
Баяндамашылардан кейін қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкіміне сұрақтарын қойды. Жетім балаларға әлеуметтік қолдау көрсету, дәріханалардағы құбылмалы бағаны реттеу, оқу гранттарын әділ бөлу, ауылішілік жолдарды жүргізу, өңір кадрларын дайындау мәселелерін көтерді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ