Өткен бейсенбі күні Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров халық алдында өткен жылдың есебін қорытып, қол жеткен табыстармен қатар осы жылдың еншісіндегі жоспарлар мен міндеттерді нақтылады. Есеп беру жиынына облыс әкімі Ералы Тоғжанов, облыстық мәслихат хатшысы Серікбай Трұмов, аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, аудан активі, тұрғындар және БАҚ өкілдері қатысты.
Бүгінде 38,5 мың халқы бар Маңғыстау ауданының өнеркәсіп өндірісінің көлемі 467,5 млрд. теңгені, негізгі капиталға салынған инвестиция 38,9 млрд. теңгені құрады.
Мал шаруашылығында өсім бар
Аудан әкімі Жармағанбет Айтуаровтың айтуынша, ауданда 379 шаруа қожалығы, 10 ұйымдасқан шаруашылық жұмыс жасайды. Оның 36-ы егін шаруашылығымен, 343-і мал шаруашылығымен айналысады. Жыл басындағы есеп бойынша ауданда 7596 бас мүйізді ірі қара, 19584 бас түйе, 34835 бас жылқы, 154413 бас қой-ешкі бар. Аудан әкімі Жармағанбет Қайырмағанбетұлы аудандағы мал шаруашылығында әр түлік бойынша 10,12, 15%-дан өсім бар екенін жеткізді.
Жол бойында сервистік қызмет көрсетілмек
- Ауданда орта және шағын кәсіпкерлер саны 2321-ге жетіп, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,2%- ға өсті. Аудан кәсіпкерлеріне кәсіпкерлікті қолдайтын қаржы ұйымдарынан мемлекеттік бағдарламалар бойынша 80 адамға 392 млн. 365 мың теңге көлемінде несие берілді, – деген аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров «Нұр капитал» жобасы бойынша жаңа істер қолға алынғанын жеткізді. Ол өз сөзінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының «Бастау бизнес» деп аталатын кәсіпкерлік сабағы ауылдарда да оқытылса деген ұсынысын білдірді.
Оның айтуынша, «Бейнеу–Шетпе» республикалық деңгейдегі жол бойынан қызмет көрсету орталықтарын ашуға 30 гектар жер бөлінген. Аудан әкімі бұл бағытта жоба жасалып жатқанын, инфрақұрылым жүргізуге қажетті құжаттар мемлекеттік сараптамаға жіберілгенін жеткізді.
Биыл екі ауылдағы егіз мәселе шешіледі
- Ауданға қарасты 12 ауылдың 10-ы сумен қамтылған. Бүгінде Жыңғылды мен Жармыш ауылында сумен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Жыңғылды ауылын сумен қамту жұмысы сәуір айында, Жармыш ауылын сумен қамту қараша айына дейін аяқталады, – деді Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров.
Жолдың жайы қалай?
- «Жыңғылды – Шайыр – Шерқала аймағы» бағытындағы 30 шақырым жолды жөндеу жұмысы басталып кетті. Өткен жылы «Тұщықұдық – Шебір», «Қияқты – Тұщықұдық» автокөлік жолы жөнделді. Бүгінде қалған жұмыстар жүріп жатыр. Қызан ауылының ауылішілік жолын жөндеу жұмысының қалған бөлігін биыл аяқтаймыз.
«Шетпе – Қызан» жолының 49 – 85 шақырымын (Тасмұрын – Мәстек аралығы) жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, осы жылдың бюджетіне енгізуге өтінім берілді. Тасмұрыннан Тұщықұдыққа дейінгі 28 шақырым жол жобасы дайын. Басқа да жолдардың жобасы республикадан өтіп тұр, – деді Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров.
Оның айтуынша, Маңғыстау ауданында жол бойынша 4 млрд. 517 млн. теңгенің жұмысы жүріп жатыр.
Кәріз жүйесінің құрылысы қашан басталады?
Аудан әкімі өз есебінде Маңғыстау ауданының 90 жылдығына орай жуырда Шетпеде кәріз жүйесі мен кәріздік тазалау имаратының құрылысы басталатынын хабарлады. Жармағанбет Қайырмағанбетұлы бұл жұмыстың іске асуы аудан орталығындағы көптеген мәселенің шешілуіне жол ашатынын жеткізді.
Биыл балабақшамен қамту көрсеткіші 100 %- ға жете ме?
Маңғыстау ауданы әкімі Жармағанбет Қайырмағанбетұлы ауданда қазіргі таңда балабақшамен қамту көрсеткіші 85 пайызды құрайтынын айтты. Оның келтірген мәліметінше ауылда 3-6 жас аралығындаға 140 бала балабақша кезегінде тұр. Биыл 100 және 75 орындық 2 балабақша пайдалануға беріліп, ауданда балабақшамен қамту көрсеткіші 100 %- ға жетпек.
Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов осы жылы халқы көп Мұнайлыдан басқа қала мен аудандардың барлығында биыл балабақшамен қамту көрсеткіші 100%-ға жетуі керектегін қаперге салды. Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы мектептерде жылыжай салынуы қажеттілігін айтты. Облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова арнайы дайындалған жоба барлық мектептерге берілгенін, қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Қылмыс саны көбейген
Ауданда өткен жылы тіркелген қылмыс саны 2016 жылмен салыстырғанда 178-ден 184-ке өскен. Бұл мәліметті келтірген аудан әкімі жол-көлік оқиғаларының саны 34,6%-ға төмендегенін жеткізді. Жармағанбет Қайырмағанбетұлы жол апатының басым бөлігі «Бейнеу – Шетпе» жолында такси жүргізушілерінің ұйықтап кетуінен орын алғанын хабарлады.
Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Ә.Төленов қылмыс санының артуын ҚР Қылмыстық кодексі туралы заңындағы қылмысты тіркеу туралы өзгертумен байланыстырды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысы ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Улугбек Мылтықовқа қылмыс санының өсу себебін тексеруді тапсырды.
Қандай сауалдар қойылды?
Өткен жылы пошта ғимаратының 2-қабатын жалға алып, балалар ойын орталығын ашқан жеке кәсіпкер Бибігүл Жакупова несие және жалға алу ақшасын, коммуналдық төлемді төлейтінін айтып, шығындар өз ісін ақтамайтынын жеткізіп, басқа ғимаратқа қол жеткізудің жолын сұрады. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Нұр капитал» жобасы бойынша көмек ала алатынын айтып, жобаға қатысуға шақырды. Зейнеткер Қуантқан Исаев Тигенде газ және ауылдарда жол мәселелерінің шешілгеніне ризашылық білдіріп, Тасмұрыннан Тұщықұдыққа дейінгі жол асфальтталса деген ұсынысын айтты. Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы бұл шаруа шешілетінін жеткізді.
Сайлаушылардың тілегін жеткізген облыстық мәслихат депутаты Нұрпейіс Сәрсенбай Сай-Өтес ауылына кезінде бейімделіп 2 балабақша ашылғанын, бұл мектепке дейінгі білім беру мекемелері заман талабына сай еместігін айтты. Жармыш ауылының тұрғыны Бисен Бекмағанбетов ауылішілік жол қажеттігін айтты. Ауылда мал өлімі орын алғанын, өтемақыны қалай алуға болатынын сұрады.
Аймақ басшысы жауапты басшыларға 5 күннің ішінде бұл істің анық-қанығын анықтауды тапсырды.
Ауылдың бір тұрғыны жиен немересі ыдыс жуатын сұйықтықты ішіп қойғанын, дәрігерлер өңешіне жіп салып бергенін, Ақтөбе қаласында сәуірде ота жасалатынын, қаражаты жоқ екенін айтып, көмек сұрады. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшыларына мұқтаж жанға көмектесуді тапсырды. Жалғызбасты ана Қарлығаш 5 жылдан бері үй жалдап тұратынын, 2 баласының бірі мүгедек екенін айтып, баспана сұрады. Маңғыстау ауданы әкімі Жармағанбет Айтуаров бұл мәселе жуырда шешілетінін айтты. Аудандық орталық кітапхана қызметкері Алтынгүл Жайлауова жаңа орталық кітапхана қашан салынатынын сұрады. Аудан әкімі Жармағанбет Қайырмағанбетұлы кітапхана жобасы министрліктен қолдау тапқанын айтты.
Аудан әкімі жазбаша келіп түскен сұрақтарға да жауап берді. Шетпе-1 ауылынан өз алдына селолық округ ашу туралы ұсынысқа аудан әкімі бұл шаруа қаралатынын жеткізді. Қоғамдық көліктер туралы мәселе қозғалғанда аудан әкімі маршрут желісі қайта қаралатынын, кәсіпсіз жүргендер осы іске араласса жұмыспен қамтылатынын жеткізді. Көпқабатты үй тұрғыны 5-6 жыл бұрын Шетпедегі бірқатар үйге жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтып, қалған үйлер қашан жөнделетінін сұрады. Аудан әкімі жөнделген үйлердің ақшасы кейін қайту керек екенін айтып, Маңғыстау ауданының 90 жылдығы аясында мекемелердің, тұрғындардың жұмылуымен жөндеу жұмыстары жасалатынын айтты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Салалардың жұмысы сараланғанда…Ауданның даму деңгейіне жаман емес деген баға берген облыс әкімі Ералы Тоғжанов макроэкономикалық көрсеткіштерді жақсарту, ауданға инвестиция тарту, коо- перативтер құру, жұмыссыздықты шешу, шағын және орта бизнесті дамыту, «Нұр капитал» жобасына белсенді қатысу, интернетпен қамту мәселелерін шешу, барлық салаға цифрландыруды енгізу, жол бойында сервистік қызметті дамыту туралы тапсырма берді.
Алыстағы ауылдарда...
Облыс әкімі Маңғыстау ауданына жұмыс сапары барысында Сай-Өтес және Жармыш ауылдарында болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Ауыл әкімдерінің жылдық есебін тыңдап, келер күндері атқарылатын жоспарлармен танысты. Жиында ауыл тұрғын- дары талап-тілектерін айтып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
САЙ-ӨТЕС. Ауыл тұрғыны Жәнібек «Қарақұдық», «Кен-сары» мекемелері Өтес ауы- лының тұрғындарын жұмысқа алса деген ұсынысын білдірді. Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы бұл мәселемен айналысатынын, басшыларымен сөйлесетінін жеткізді. Убайдулла Құлмұратов ауылға асфальт жол, теміржолдың үстінен өтетін өткел керек- тігін айтты. Облыс әкімі хабардар екенін айтып, кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Жауапты басшыларға жолдың жобалық-сметалық құжаттамасын тез бітіруді тапсырды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл мемлекет тарапынан берілетін көмек пен жеңілдіктер туралы кеңінен айтып берді.
Ауыл тұрғыны Аманжан Құлбаев Сай-Өтестің халқы ішіп отырған су сапасыз екенін, Толыбай ауылының тұрғындарының орталыққа қатынауы үшін жаяу жүргіншелер жолы, саябақ, балалар ойын алаңы, полигон жоқтығын алға тартты. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов су сапасын тексертуді тапсырып, ауылды жасыл желекке айналдыруға барлық ауыл тұрғындары атсалысуы қажеттігін қаперге салды. Ауыл тұрғыны Бақытжан Құлбаев ауыл шаруашылығына пайдалану мақсатында құдық қазғанда су шықпай қалған жағдайда шығын қалай өтелетінін, асыл тұқымды малға субсидия алудың жолын сұрады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл құдық кепілдемемен қазылатынын, шаруаның асыл тұқымды малды алғанын растайтын құжат болса төрт түлік малдың түріне қарай субсидия берілетінін айтты. Тағы бір ауыл тұрғыны ауыл шаруашылығымен айналысу үшін алғысы келетін құдық маңындағы жерлерге кооперативтер орналасқанын айтты. Аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров құдықты барлық шаруашылықтар ортақ пайдаланатынын, басқа жер керек болса арыз жазуға болатынын жеткізді. Сай-Өтес ауылының тұрғыны өзі тұратын көпқабатты тұрғын үйдің апатты жағдайда тұрғанын айтты. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жауапты мамандарға бұл үйді тексеруді тапсырды. Ауыл тұрғыны «Бейнеу- Шетпе» жолындағы жеріне қызмет көрсету орталығын ашқысы келетінін, бірақ тоқ жоқ екенін айтты. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы бұл мәселені қарастыратынын жеткізді.
ЖАРМЫШ. Ауыл әкімі Қайрат Сейтмағамбетовтің айтуынша, ауылда жұмыссыздар кезегінде 156 тұрғын тіркелген. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жұмыссыздық мәселесін шешуге қатысты 2 жұманың ішінде ұсыныс беруді тапсырды. Сонымен қатар жауапты басшыларға барлық ауыл әкімдерін оқытуды тапсырды.
Жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржігіт Хайруллаев ауыл шаруашылығын дамытуда шаруаларға берілетін субсидия және басқа да көмек түрлерін түсіндірді. Ауыл кәсіпкері қырда бітеліп қалған құдықтарды тазалау туралы ұсыныс білдірді. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл бұл мәселемен айналысатынын жеткізді.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, несие ал- ғысы келетін тұрғындарға «Атамекен» тарапынан қаржы жетпесе облыс әкімдігінен көмек көрсетілетінін жеткізді. Боздақ ауылының тұрғыны интернет, ұялы байланыс жоқ екенін айтты. Облыс әкімі бұл мәселе 1 желтоқсанға дейін шешілетінін жеткізді.
Ауыл тұрғындары интернетті жетілдіру, ауылды жарықтандыру, саябақ салу, жел кез- де жарықтың өшіп қалуы, жаңа үйлерге газ тарту, ауылда көпшіліктің көмегімен салы- натын спорт кешеніне қолдау көрсету, дренаж қондырғысының жұмысы, жерде беті көмілмей жатқан тұрбалар жайы, ауыл сәнін бұзып тұрған ескі балабақша ғимаратын бұзу туралы мәселелерді көтерді. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бұл мәселелер уақытымен, ретімен шешілетінін айтып, бірқатар басшыларға тапсырма беріп, қадағалауға алынатынын айтып, ауыл тұрғындарын ауылды көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына атсалысуға шақырды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48711,48712,48714,48713"]