Бұрын біз қалай өмір сүрдік екен? Біреумен шұғыл сөйлесу керек болса, дөңгелегін зырылдатып бұрап, нөмірлерді теретін телефон дегеніңіз кез-келген кісінің үйінен табылмайтын. Әсіресе жедел жәрдем шақырту керек болғанда зыр жүгіріп, үйді-үйді аралап кететінбіз. Құрбыларымыздың бірінің үйінде телефон бар болса, әр санды бір теріп, кімге соғарымызды білмей, қызықтап қана отыратынбыз. Өйткені біз танитындардың ешқайсысында телефон жоқ.
Кейінірек мемлекеттік мекемелерде ғана болатын телефон аппараттары барлық үйлерге тартылды. Хабар айту үшін бірінің үйіне бірі барып, қауқылдасып, әңгімелесіп қайтатын жұрт енді жаңалықтарын үйдегі телефон арқылы хабарлай алатын болды. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» деп жырлаған Ыбырай атамыздың арманы орындалды. Той-садақаны телефон арқылы хабарлап, бара беретін болдық. Бұл сенбі-жексенбі күндері ағайын-туыстан хабар алмаққа үлкендердің үйіне баруымызды сиреткені болмаса, уақыт үнемдеу тұрғысынан тиімді еді.
Бір-бірімізбен дидарласуды азайтқанның көкесі жаңа ғасырмен бірге келді. Ғасырдың бас кезінде көшедегі бірлі-жарым адамның құлағына алақанын тосып, сөйлеп бара жатқанын көргенде, шынымды айтайын, алғашында бұл кісілердің құлағы ауырып, содан ашынып сөйлеп бара жатқан болар деп ойлағам. Ал қазір екі жасар баладан сексеннен асқан қарияның қолында жүрген қалта телефондардың сан түрі көбейді. Көз ілеспес шапшаңдықпен түрленіп, жаңарған үстіне жаңарып шығып жатыр. Бүгінгі шыққаны кешегісінен, ертеңгісі бүгінгісінен қуатты. Жастар арасында бұлардың жаңа түрлерін алып, алдыңғысын арзан бағаға сатып, не үйдегі үлкендерге бере салу үрдіс алды. Қолындағы ескіні кімге берсе, соған берсін, сата алса, оның да қайырын көрсін. Әрине, ол отбасы тыныштығы мен бюджетіне зиянын тигізбейтін болса. Дүкендегі дүниеден қалағаныңды несиеге ал да, бөліп-бөліп төлей бер. Бірақ күллі әлемді аясына сыйғызып тұрған алақандағы құрылғының кесірі кірісі шағын үйдің несібесіне тиіп тұр. Несие бірде төленсе, бірде төленбей, тауар сатылғанша мырзасыған банктер қайта-қайта қоңыраулатып, берекені кетіреді. Содан бір шаңырақта тұрғандар арасында кикілжің туып, ыдыс-аяқ сылдырлап жатқаны.
Иә, бұл әлеуметтік желіге тәуелді болған өмірдің бір жағы ғана. Расында, біздің әрқайсымыз мұнсыз тіршілікті көз алдымызға елестете алмайтын күйге жеттік. Бәрінен де алысқа сапар шексең үйіңмен, басқа жақта оқып жатқан балаңмен, тіпті әскер қатарындағы ұлмен де байланысып, тыныс-тірлігін көріп отырудың ғажаптығын айтсаңшы. Ағайын-туысың да, таныс-тамырың да осы интернетте. Қаншама жылдар бойы көрмеген, бір хабарын білмеген ескі достарың мен сыныптастарыңды да ғаламтордағы желілерден тауып, мәз боласың. Бүкіл жаңалықтың бәрі осында. Кино көресің бе, ойын ойнап, ән тыңдайсың ба, өзіңді мазалаған сұрақтарға жауап іздейсің бе, өзің біл. Ғылым мен техника саласындағы жетістіктерді де көзіңмен тамашалай аласың. Тіпті сауда-саттығыңды да осы жерден жасап, көптеген іс бітіруге мүмкіндік бар.
Әлеуметтік желілердің ішінде жасты да, жасамасты да жіпсіз байлап алған байланыстың бірі — Whatsapp. Онсыз түк шаруаң бітпейді. Қайғы мен қуанышты да осы желіден естіп, тойға, қонаққа шақыру сияқты шаруаларды да тындырудың таптырмас құралы осы Whatsapp болғалы қашан. Топ-топқа бөлініп, группа ашып алып, ой бөлісеміз. Бірауыздан ортақ шешімге де келеміз, арасында ұрысып-керісіп, группадан шығып кетіп жатамыз. Facebook, Twitter, Одноклассники, Instagramm, Вконтакте сияқты толып жатқан басқа да желілер баршаның басын айналдырды. Қолданушыларының жас айырмашылығына, кейде әлеуметтік мәртебесіне қарай бұлардың да бөлініп жататыны бар.
Әлбетте дұрыс қолдана білсек, бұлардың барлығы пайдасыз емес. Өте ыңғайлы. Бірақ біз осынау мүмкіндіктердің игілігін орнымен көріп отырмыз ба? Сүйген асын басынан асырып ішкеннің ақыры ауырып тынатыны сияқты, біздің жанымызды әлеуметтік желілер жегі құрт боп жеп жатқан жоқ па? Айналамызға байыппен қарайықшы, нендей жаңалықтардың болып жатқанын. Солардың жақсысынан жаманы көп. Бала әкесін, әке баласын өлтіріп жатыр, ана өзінің туған баласын соттатып, біреу немересін өртеп жіберіп жатыр. Атам қазақ «Аталастан ауылдасым жақын», «құдайы қоңсым» деп сыйлап келген көршілерін ұрып-соғып, өлтіріп, не сотқа берсе, шәкірт ұстазын, ұстаз шәкіртін жәбірлеп жатыр. Өзіне-өзі қол жұмсап, не үйінен қашып кетіп жүрген балалар, қоқыстан табылып жатқан шараналар, ұрланып, жоғалып кетіп жатқан жандар қаншама... Әйтеуір дені дұрыс хабар жоқ.
Жан түршіктірер ақпараттардан көзіңді тайдырсаң, тірлігіңе түк пайдасы жоқ кәдімгі өсек-аяңға тап боласың. «Анау әнші бүйтіпті, мынау әртіс сөйтіпті, біреу үшінші рет күйеуге тиіпті, мынау әйелін тастап кетіпті» деген бос әңгімелерден жүрегің айниды. Бос әңгіме деймін-ау, әркімнің отбасылық жағдайы болғанымен, бұлар да халқымыздың қаймағы бұзылып, ұлттық тәрбие-болмысымыздың болжырап бара жатқанын айғақтап тұрған жоқ па? Мұны ойласаң түнімен кірпік ілмей шығасың. Ойламайын десең қолыңдағы телефоныңа өз-өзінен жетіп тұрғасын оқымауға, қарамауға тағы болмайды, бірдеңеден құр қалатын сияқтысың. Сосын мұның бәріне ет өліп бара жатқанын сезесің. Ең жаманы — осы...
Бізді қойшы, бүгінгі жасы қырық бестің бер жағындағылар қазақылықтың не екенінен азды-көпті хабардар ғой. Мәселе жастарда болып тұр. Интернетпен бірге жаһанданып бара жатқан жастардың миы шырмалып барады. Қазақылық, мұсылмандық былай тұрсын, қарапайым адами құндылықтардың өзі қадірсіз болып бара жатқандай. Дәл қазір бүкіл әлемде не болып жатқанын біліп отырамыз да, бір жардың арғы жағындағы телефон қарай алмайтын науқас көршіміздің, бір аттам жердегі қарт ата-анамыз бен бауырларымыздың жағдайынан бейхабармыз.
Бір аттам жердегі ата-ана деймін-ау, тіпті бір пәтерде, екі-ақ бөлменің екіншісіндегі баламыздың немен айналысып жатқанын да білмейміз. Ас үйде телефоннан бас көтерместен жүрдім-бардым тамақ дайындап жүрген әйел келесі бөлмеде сәбиінің барын да ұмытып, оның үстіне ауыр үстел түсіп, немесе шкафтың астына кіріп кетіп, мертігіп қалғанынан хабарсыз. Мектепте оқып жүрген баласының екінші бөлмеде отырып-ақ о дүниеге аттанып кеткенін кеш біліп жататын жайттарды да еститін болдық. Өзін-өзі жарнамалауға құмар бишаралардың сельфидің жолында желпілдеп жүріп, жан тапсырғандары қаншама... Телефонның есті алуымен болып жатқан, бұрын көз көріп, құлақ естімеген қайғылы оқиғалар тым көбейіп кеткендіктен, әсіресе, жастар жағы мұндайларға селт етпейтін болды. Селт етпейтін болғандықтан әбден көзі үйренген адамға ондай жамандықтарды өз қолымен жасай салу да қиын емес. Ісі үшін жауапты болатынын білмейді де.
Біреулер «интернеттен баламыз да, өзіміз де білмейтінімізді біліп, білім аламыз», деп ақталады. Ау, алдында қолына кітап ұстап, ілім үйрететін ұстазы болмаса, ұстазсыз алған білім - білім бе? Өз бетімен ілім үйренемін деген талай бала желінің ар жағындағы алаяқтардың арбауына түсіп, сорлап қалған жоқ па? Осы орайда Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың: «Ұстазы жоқтың ұстазы — шайтан» деген хадисі ойға орала береді.
Ал бір дастарханның басына жиналған отбасы бірімен бірі шүйіркелеспей, әрқайсысы алақанына қарап, есі кетіп отырса, бұл үйге береке қайдан орнықсын, ауызбіршілік қайдан болсын? Жанына әлдене сұрап келген бүлдіршінінің қолын «кетші әрі» деп қағып жіберіп, телефонға телміріп отырған ата-ана ертең баласының тәрбиесіз өскенін кімнен көреді? Мазаламасын деген ниетпен тілі шықпаған сәбиіне де телефон ұстатып, өзімен қоса перзентін де ауру қылып жатқаны ойына кіріп-шықпайды. Ал өзі жаһан жаңалықтарының барлығын қалдырмай көріп отырып, әлем ғалымдарының телефон радиациясының қандай қауіпті ауруларға ұшырататынын айтып жатқанына қалайша назар аудармайтынына қайран қаласың.
Жақында бір танысымыздың үйіне қонаққа бардық. Үй иесі бала-келінімен бірге бәйек болып, қонақтарын қабылдап, дастархан басына жайғастық. Бәрі жақсы, көңілді еді. Шай құйып отырған келін бір-бір кесе шай құйды да, еңкейіп, етегіне қарады да отырды. Бірін-бірі көптен көрмеген қонақтар хал-жай сұрасып, әңгімелесіп отырған. Алдарындағы шайларын тауысқандары кеселерін келінге қарай жылжытып қойды. Келінге жақын отырған әйел келінді түртіп, «шайыңды құйсайшы, кесе жиналып қалды ғой», деп еді, төмен қарап, өз-өзінен ыржиып отырған келін: «аха, иә» деп, басын изеді де, сол күйі отыра берді. Дастархан басындағылар әңгімесін баяулатып, шай құйып отырған келінге қарай назар аудара бастады. Ал келіннің отырысы — анау. Қасына жас жарым шамасындағы баласы келіп, әлдене сұрап еді, сәбиіне қараған да жоқ, екі көзін қолындағы телефоннан алмаған күйі баланы қолымен жайлап итеріп жіберді. Бала қыңқылдай берді, анасының онымен де шаруасы жоқ, есіл-дерті телефонда. Біресе ыржияды, біресе қабағын түйеді. Бір үй толы қонақ соған қарап қалған. Бір кезде ас үйде жүрген енесі келіп, жиналып тұрған кеселерді көргенде қатты ыңғайсызданды. «Ей, келін, мынауың не, таста ана қолыңдағыны. Шайыңды құйсашы. Ұят болды ғой» деп, кеселерді келінге жақындатып, шай құюға келініне көмектесе бастады. Әлдеқашан суып қалған шәйнекті алып, ыстық шәйнекпен ауыстырып келді. Ұяттан өртеніп бара жатқан сияқты, қонақтарының беттеріне қарамай, төмен қарай береді. Ал келіннің жүзінде ұяттың белгісі де жоқ. Жымиған болып, қайтадан шайын құйды. Үйдің иесі, келіннің енесі қонақтардан кешірім сұрап еді, келін: «қойыңызшы, не болды соншама? Қандай ұят? Ұялатындай, кешірім сұрайтындай ештеңе де болған жоқ қой» деп, оның сөздерін бөліп кетті. Келіннің орнына өздері ұялған қонақтар да: «ия, әбес ештеңе болған жоқ, тек мына баланың телефонға ұзағырақ қарап, шай құюды ұмытып кеткені болмаса. Қазіргі жастар солай ғой» деп жатты. Басқа не десін?..
Шынында да, бұдан артық не дейміз? Бүгінде қолымыз жетіп отырған озық технологияларды ойлап шығарғандағы ниет уақытты тиімді пайдаланып, жұмысты жеңілдету еді. Дамыған үстіне дамып кетті. Алланың бізге берген осынау нығметтерін оңды-солды жұмсап, алтын уақытты босқа жіберіп, ең жағымсыз, денсаулыққа да, жан-дүниеге де пайдасыз тұстарын бойымызға сіңіріп келеміз. Мұның, әсіресе, жастарға зияны көп тиіп тұр. Отбасылардың көбісі осының кесірінен ойрандалып жатыр. Ал жарым-жарты отбасы көбейген елге құт қонар ма? Оның үстіне болашақ азаматтарымыз өзіне емес, алдамшы телефонға ғана сенетін, мимен ойлауға қауқарсыз, машина сияқты бірдеңе болып шықса ше? Бұдан асқан қауіп жоқ...
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Сурет Medinfo.ua сайтынан алынды