Былтырғы жылдан бері «ҚазМұнай-газ» ҰҚ АҚ Басқармасының шешімімен қызметкерлермен жасалған еңбек келісімшартты тараптардың келісімі бойынша ақшалай өтемақы төлеу арқылы мерзімінен бұрын тоқтату туралы ереже бекітілгені бүгінде көпке мәлім. 5/50 аталған бағдарлама ҚМГ мұнай-сервис компаниялары арасында кең қолданысқа түсіп, көптеген жұмысшылар өз мәселелерін оңтайлы шешіп, игілігіне жаратты.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевеліміздегі бірінші ұлттық мұнай-газ операторы саналатын «ҚазМұнай-газ» ҰК АҚ ел экономикасы үшін жүйеқұрушы компания және республика бюджеті үшін өте ірі салық төлеуші екенін ескеріп, мейлінше табыс көлемін арттыруды жүктеген еді. Әлемдік мұнай саласындағы бағаның тұрақсыздығы мен экономикалық дағдарыс компания әлеуетіне де айтарлықтай әсер етті. Қазіргі уақытта ҚМГ құрамына кіретін «OilConstructionCompany», «OilServicesCompany», «OilTransportCorporation», «Мұнайтелеком», «Маңғыстауэнергомұнай» мұнай-сервис компанияларының кіріс көзі төмендеп, шығындар Ұлттық компания тарапынан өтеліп келді. Әлемді дендегенэкономикалық дағдарыс пен мұнай бағасының құлдырауына байланысты бұл компанияларға түсетін тапсырыс күрт төмендеді.
Ұлттық холдинг құрамына кіретін «OilServicesCompany» ЖШС дағдарыс алдында тұрған мекеменің бірі. Бұл компания жерасты кен орындары құрылымдары мен мұнай ұңғымаларын жөндеу жұмыстарымен айналысады. Басты тапсырыс беруші «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қарасты Жетібай, Қаламқас кенорындарында қызмет көрсетеді. «OilServicesCompany» ЖШС директоры Мырзағали Санатбайұлы Масатов компанияның бүгінгі жағдайы, 5-50 бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндап берді.
«Қазір экономикалық дағдарыс қысып келе жатқанын білесіздер. Біздің компания шығыны 2016 жылдың өзінде 6 миллиард теңгеден асты. Бұған жыл сайынғы инфляцияны, сондай-ақ, ҚР Заңнамаларына сәйкес жыл сайын еңбекақы көлемінің көтерілуін қосыңыз. Былтыр компаниямызда еңбекақы төлеу көрсеткіші – 6, 2017 жылы – 7 пайызға өсті. 2017 жылғы компанияның шығыны 5-50 бағдарламасынан тыс 8 миллиард теңгеден асты» деп Мырзағали Санатбайұлы компанияның қордаланған мәселелерін тарқатып берді.
Қазіргі кезде кенорнындағы тоқтаусыз жүргізіліп отырған бұрғылау, жөндеу жұмыстары компания кірісінің негізгі бөлігін құрайды. Ал шығындар негізінен бұрғылау саласында құбырлардың, металл бағасының шарықтауы, көліктік басқару саласында жанар-жағармай материалдарының қымбаттауы себебінен туындайды. Мекеме құзіретіне тиесілі ұңғыма құрылысында цемент, құбырлар өте көп қажет етіледі. Бұл материалдардың құны жыл сайын қымбаттап келе жатқаны әмбеге аян. Нарық өз бағасын қояды. Тағы бір үлкен себеп – жұмыс жалақысының жыл сайынғы идентификациясы.Компанияның еңбекақыны төлеу қоры мәліметіне сүйенсек, жұмысшыларға жалақы төлеу жыл сайын 7 пайызға өсіп отырады екен.
«Бүгінгі күнге дейін осы факторларды есепке ала отыра компанияны дамыту, шығындарды өтеу, кірісті көтеру мақсатында бірқатар іс-шара жоспарларын қабылдадық. Кіріспен шығыс көлемі көп бағыттарды анықтап, әлсіз тұстарымызды есепке алдық. Біздің компанияның негізгі табысы жерасты құрылысы, күрделі жөндеу, бұрғылау, технологиялық процестерді химиялау арқылы түседі. Қалған қосалқы құрылымдар – транспорт басқармасы, базалық өндірістік қызмет компанияға табыс әкелмейді. Оларға керісінше қомақты қаражат жұмсалады» деді Мырзағали Масатов.
Өндірістік базаны шығындардан азайту үшін жабдықтарды сатып алу бойынша мекеме тарапынан арнайы жоба әзірленген. Жоба «ҚазМұнайГаз» тарапынан қолдау тауып, 2018 жылдан бастап жүзеге асырылатын болады. Бұл бастама компанияға шығын әкелмей, керісінше өзін-өзі ақтауы керектігін көрсетеді. «Оқу комбинатын қайта өңдеуден өткізіп, жаңарттық. Қазір аз да болса кіріс түсе бастады. Біз осы әрекеттердің барлығын компанияның шығындарын өтеу үшін жасадық. Дегенмен, бұл да кемшін түсіп отыр. Осыған байланысты компаниядағы бейіндік емес қызметтерді іріктедік. Компания құрамынан шығарып, аутсорсингке ауыстырдық. Бұл дегеніміз – күзет қызметі, кеңсе тазалықшылары, хатшылар, яғни мұнай қызметіне кірмейтін қосалқы қызмет түрлері» деп, шығынды саланың келесі бірі автокөлік басқармасына қатысты екенін жеткізді.
«OilServicesCompany» мекемесіне қарасты арнайы техника паркі бар. Қазіргі уақытта ондағы техниканың саны 400-ден асады. Ал техникалық жабдықтарды ұстап тұруға өз кезегіндемол қаражат қажет етеді. Мырзағали Санатбайұлы транспорттық қызмет көрсету компанияның негізгі бағытына кірмеуіне байланысты бұл саланы да қосалқы салаға ауыстыру көзделетінін айтты.Ол үшін компания арнайы бағдарлама қабылдамақ. «Алдымен, 5-50 бағдарламасы бойынша кететін қызметкерлерді анықтаймыз, одан кейін транспорт секторын нарықта тәжірибелі сенімді басқармаға тапсыру көзделеді. 5-50 бағдарламасында жұмысшыларға аз қаражат берілмейді, орта есеппен алғанда әр қызметкерге 8-9 миллион теңге қарастырылған. Жұмысшылар далада қалмайды. Осы бағдарламаны пайдаланған қызметкерге біз бірден сенімді басқарма арқылы жұмыс ұсынамыз» деді Мырзағали Масатов.
Аталмыш бағдарламамен шыққан жұмысшылардың жалақысы бұған дейін «ҚазМұнайГаз» құрамында есептен жоғары болмағанымен, бір реттік берілетін қомақты қаражат және тұрақты жұмыс ұсынылады. Дағдарыс уақытында бұның өзі аз мүмкіндік емес. Бүгінгі күнге дейін көптеген жұмысшылар бағдарлама ұсынған қомақты қаражат арқылы біраз мәселелерін шешіп, атап айтсақ, банктердегі қарыз-берешектерін жауып, балаларының оқу ақысын өтеп, ем-домына пайдаланып, қажет десеңіз қосымша үй сатып алғандары да бар. «Шындығында, заңға салар болсақ, компания табысы төмендеп,шығынға ұшыраса қызметкерлерге алдын ала ескертпе жасап, 1-2 айдың еңбекақысын беріп, келісімшартты тоқтатуға да құқылы. Бірақ біз бұл қадамға бармадық. Компанияны тоқыраудан сақтай отыра жұмысшылардың да жағдайын қарастыруды дұрыс көрдік» дейді «OilServicesCompany» бас директоры.
Айта кетер жайт, 5-50 бағдарламасын компанияның негізгі құрамындағы қызметкерлер де пайдалана алады. Себебі, компанияға қарасты транспорттық басқармада жұмысын сақтағысы келетін қызметкерлерді қайта біліктілік арттырудан өткізіп, негізгі құрамға көшіреді. 2017 жылдың басында бағдарлама жоспарынжан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілген. «Әуел баста түсініспеушіліктер туғаны рас. Кенорны жұмыс басындағы қарапайым жұмысшылар компанияның есептік жүйесі, бағдарлама жоспары туралы жетік білмеуіне байланысты біз барлық бөлімшелерді аралап, қалам-қағазбен жазып-сызып, көрсеттік. Оның нәтижесінде көп адам қызығушылық танытып, жылдың екінші жартысында өтініш білдіргіндер саны артты» дейді бас директор.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Асылдың сынығы ақын Зәкарияның ұрпақтары жайлы не білеміз?Аутсорсинг мәселесіне келгенде Мырзағали Масатов өз пікірін былайша түйіндеді. «Аутсорсинг дегеннен гөрі сервистік қызмет көрсетуге көшіру деген дұрысырақ болар. Халықаралық тәжірибеде дәлелденген басқа тараптан қызметтерді сатып алу жүйесін енгіземіз. Яғни, әр сала өз жұмысын тиісінше атқаруы керек. Мәселен, біз транспорттық компания емеспіз, енді бұл саланы сол бағыттағы сервистік қызметтерге береміз. Мамандандырылған басқарма осы бағытта бізге қызмет көрсетеді» деді ол.
Бақтылы Өтесбайқызы Аязбаева, 41 жаста, «OilServicesCompany» кеңсе тазалықшысы
«14 жыл осы мекемеде кеңсе жуушы болып жұмыс істедім. Өткен жылдың 1 шілдесінде 5-50 бағдарламасын пайдаланған қызметкердің бірімін. Бағдарлама бойынша тиісті қаражатты алып, аутсорсинг арқылы жұмысқа қайта қабылдандым. Әрине, айлығым бұрынғыдай емес. Дегенмен, қазір жұмыссыздық мәселесі күрделі кезеңде жұмысты сақтап қалу да оңай емес. Басшылық бізге бағдарламаның мақсатын, жоспарын түсіндірді. Өз басым тиімді деп санаймын. 3 балам бар, үлкен қызым мүгедек. 4 миллион теңгедей қаражатты банк депозитіне сақтап қойдым. Қолымда үлкен қызым 20 жаста, мүгедек, жұмыссыз, оның ем-домына, дәрі-дәрмекке де қаражат керек екені белгілі.Жолдасым екеуміз де осы мекемеде жұмыс істейтіндіктен, мен 5-50 бағдарламасын пайдалануды қажет деп ойладым. Үй-ішімізбен кеңесіп, осындай шешім қабылдадық. Еш өкінбеймін».
Әлия Қалмағанбетова, 40 жаста, «OilServicesCompany» кеңсе тазалықшысы
«Бұл мекемеде он жылдан аса еңбек өтілім бар. Негізі, қазіргі уақытта декретте болуым керек еді. Өткен жазда кадр бөлімі шақыртып, 5-50 бағдарламасын таныстырып, талап-шарттарын түсіндірді. Отбасыммен ақылдасып, мекеме беріп отырған мүмкіндікті пайдалану қажет деп шештік. Қазір жұмыс табу оңай емес, білесіздер. Бағдарламаға сәйкес қаражатты алып, жұмысқа аутсорсинг арқылы қайта қабылдандым. 3,5 миллион теңге алып, қаладағы 3 бөлмелі үйіме күрделі жөндеу жасаттым. Мен қазір отбасымда 5 адамды асырап келемін. Ең бастысы мойнымда қарызым жоқ, жұмысым бар. Бағдарламаның игілігін материалдық тұрғыда жоққа шығаруға болмайды. Құдайға шүкір деймін».
Ізімберді Қонарбаев, «OilServicesCompany» күзетші, аула тазалаушы
«Осы мекемеде 8 жылдан аса жұмыс істеп келемін. 5-50 бағдарламасы шыққан кезде алғашқылардың бірі болып мен де бұл игілікті пайдаға асырдым. Алған қаражат отбасымдағы материалдық мәселелерді шешуге көп пайдасын тигізді. Мойнымда банктен алған 2 несие берешегім бар еді, бұл қарыздардан құтылдым. Үй саламын деп тағы 1,5 миллион теңге қарызданған едім, оны жаптым. Бағдарлама шартына сәйкес жұмыстан шығып, аутсорсинг жолымен қайта қабылдандым. Айлығым бұрынғыдай болмағанымен, тұрақты жұмысым бар. Мекемеден алған 3,5 миллион теңге қаражатым бар. Шүкір, жағдайымыз жаман емес. Отбасымда 10 адам бар. 2 келінім, немерелерім бар бағып отырған. Үлкен келінім балалармен үйде, кіші келін әлі оқуда. Бір балама өз үйімнің жанынан 4 бөлмелі үй салдым. Осының бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Жаман демеймін, тұрмысым түзеліп қалды».
Жайық НАҒЫМАШ, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН