©
Бұл мектеп-лицейдің ішіне кіргенде кішігірім мұражайға кіргендей күй кештім. Бос қабырға дегенді көрмейсіз, барлығы көрнекіліктермен толтырылған. Ашылғанына 3-4 жыл ғана болған мектеп дәлізінің бойында оқушылары жеткен жетістіктері бейнеленіп, грамоталар, дипломдар, кубоктары қойылған. Оқушыларының көп сайыстардан жүлдемен оралғанын айтпаса да көрсетіп тұрған көрнекіліктерге мән беріп қарағанда – көбі облыстық, республикалық, тіпті халықаралық білім сайыстарынан алған жүлделер. Ал, жақсы оқитын оқушыларына арналған бұрышта білімді балаларының суреттері 3*4 форматта емес, портрет болып ілінген. Ол жерде өзіңіздің де суретіңіз үлкен болып ілінсе, сабақты оқуға ынтаңыз екі есе артатын сияқты. Мектептің ашылған сәтінен, бүгініне дейінгі суреттер мектеп тарихын айтып тұр. Одан кейін білім беруде жетістіктерге жеткен ұстаздардың суреттеріне орын берілген. Қысқы бағы мектептің бір дәлізіне көрік беріп, өсімдіктер әлеміне шақырып тұр. Жаратылыстану пәндерін тереңдете оқытуға мән беретін кабинеттері өз алдына жабдықталған. Мектеп іші тап-таза, тәртіп орнаған. Ауласында жылыжай, доп ойнайтын алаңы да ерекше күтімде екен. Әрбір оқушысының бойынан осы мектептің шәкірттері екеніне мақтанатындай келбетті көргендей болдым. Қай мектеп-лицей екенін айта кетейін, бұл Қаламқас Қалиқызы Тілеубаева басқаратын Ақшұқыр мектеп-лицейі.
Жаңа салынған мектепке директорлықты әкімдік оған міндеттегенде, ол сол ғимаратта түн ортасына дейін жұмыс жасайтын болды. Бұрындары да өз жұмысын сүйіп жасайтын, ал бұл жаңа жұмыс орны тіптен әбігерге салды. Үй дегенді ұмытты. Күндіз-түні құрылысы толық бітпей тұрған мектептің ішінде бар қалың киімді киіп алып қадағалау жүргізді. Қолданысқа берілуі керек мерзімі болғанмен, мектептің біресе анау жері дұрыс салынбай кеткен, біресе мына едендері де көңілге қонымсыз болып тұрғаны. Уақытылы ашылуын ашылғанмен, олқы-солқылықтарды тезірек қалай жөнге саламын деген әбігер күй еді. Ел азаматтарынан да көмек сұрады. Бірінен қолдау көріп, бірінен меселі қайтып келді. "Өстіп-өстіп құрылыстың маманы болып кетпесем болар еді", – деп директор өз жүрісіне күліп те қоятын.
Қаламқас Тілеубаева Қалиқызының негізгі мамандығы – ұстаз. 40 жылға жақын еңбек өтілі бар ұстаздың міндетіне 2014 жылы Ақшұқыр ауылындағы жаңа мектеп-лицейдің директорлығы жүктелді. Алғаш ашылғанда құрылысында аз-кем олқылығы болды. Оның үстіне жаңаның аты жаңа, директорлық қызметінен бөлек, жаңа ұжымды ұйыта алып кету, көзге көрінетін ешқандай көрнекілігі жоқ бос қабырғалардан тұратын ғимаратта балаларға жайлы, қызықты орта қалыптастыру сынды міндеттер тұрды. Ал бүгін қарапайым ұстаздың қолынан не келгенін көргіңіз келсе Ақшұқыр мектеп-лицейіне барып, біз сияқты өз көзіңізбен көрген абзал шығар.
Үлкен бір ұжымды ақылмен, біліммен, жаңашылдыққа құмар әрі батылдау мінезімен ұстап отырған Қаламқас Қалиқызының өзім көрген тағы бір сәтін келтіргім келеді. 2010 жылдары үкіметтен берілетін тұрғын үй комиссиясына мүше болдым. Осы жылдары Сайын ауылындағы №1 мектеп-лицейде директорлықтағы Қаламқас апай мектебіндегі мұғалімдерге үй беруін талап етіп, комиссия қарауына ұсынды. «Балаларымыз білімді болуы үшін жақсы ұстаздар керек дейміз. Ал мықты-мықты ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жасай алмасақ, олар қалай қызықты етіп сабақ береді. Сондықтан «Дипломмен ауылға», «Қолжетімді баспана» болмаса мемлекеттен тағы қандай үй алуға мүмкіндік берілсе, сол бағдарламалардың көмегімен менің ұстаздарыма үй беріңіздер» - деді. Ең бірінші балаға жақсы білімді беру болса, одан да бұрын жақсы ұстаздың әлеуметтік жағдайы да жақсы болуы керек екенін осы талабымен-ақ көрсетті.
Ақшұқыр мектеп-лицейі - халықаралық ЮНЕСКО федерациялық клубына мүшелікке ие облыстағы екі мектептің біреуі. 2016-2017 оқу жылындағы оқу-тәрбие жұмысының негізгі тақырыбын «Білім сапасын арттыруда инновациялық әдіс-тәсілдерді оқу үдерісіне енгізу деп атады. Ондағы мақсаты - инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеруде мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыра отырып, жеке тұлғаға бағытталған білім беру. Ол мақсат өз жемісін берді. Өткен жылы 25 критерий бойынша жалпы білім беретін мектептердің қызметін бағалау мақсатындағы облыстық конкурста «Орта білім беретін үздік ұйым» грантына ие болып, мектеп-лицей директоры Қаламқас Қалиқызына облыс әкімдігінің 19 миллион 567 мың 200 теңгелік сертификаты табысталды. Одан бұрын да бұл білім ордасы көптеген ақшалай, бағалы сыйлықтармен де марапатталып келген. Осы марапаттың барлығында директордың атқарған істерінің ізі жатыр емес пе?
- Сіздің бұған дейін Сайын ауылында ашылған алғашқы мектеп-лицейде бірінші директор болғаныңызды білеміз. Сол кез аудандағы алғашқы лицейді аяғынан тік тұрғызып, аз жылда биіктерден көрсете білдіңіз. Мына мектеп-лицейді де 2-3 жыл ішінде олқылығын жойып, жетістіктерін асырып жібердіңіз. Құпия болмаса, бұны қалай жасадыңыз? – деп сұрақ қойдық.
– Оның ешқандай құпиясы жоқ. Ең бірінші осындағы ұстаздардың әлеуметтік жағдайының жақсы болуына күш саламын. Себебі ұстаз жағдайы жақсы болса, жұмыс жасауға әсері болады. Әрдайым жас ұстазбен де, егде ұстазбен де сөйлесіп, пікірлесіп отырамын. Одан кейін оқушыларды ынталандырып, ілгері жүруге, лидер болуға мотивациялық оқу-сабақтарын өткізіп тұрамыз. Облыс орталығынан, республикадан ғылым кандидаттарын, профессорларды арнайы алдырып, мұғалімдер мен оқушыларға арнайы сабақтар өткізіп тұрамыз.
– Ал, оған қаражат көзі қайдан алынады?
– Оған қаражат лицей, гимназия статусы бар барлық білім ордаларына қарастырылған. Себебі олардың мақсаты балалармен кеңінен жұмыс жүргізуге, білімді тереңдете беруге бағытталған. Оны тиімді, ұтымды пайдалану - директордың жұмысы, - деп жауап берді.
Қаламқас Қалиқызы жұмыста кездескен қиындық үшін сүйіп жасайтын ұстаздық мамандығынан бас тартпайды. Ол қайта өзіне жүктелген істі соңына дейін жеткізіп, мықты екенін дәлелдеген үстіне дәлелдеп келеді. Жасы зейнет жасына жақындағанымен, өзі басқаратын мектебін көштің басына шығаруда. Жалпы ұстаздар қауымы жұрттың балаларын оқытып қоймай, оған тәрбие мен өмір сүру дағдысын үйретеді, жаңашылдыққа бағыттайды дейміз. Бірақ ұстаздарын да, оқушыларын да лидер қылуға тырысатын жан аз шығар. Қаламқас Қалиқызының білім беру саласында еткен еңбегіне берілген марапаттар мен атақтары көп. Ұжымындағы көп ұстазы да шетінен білімді, «Ең үздік мұғалім» атағының республикалық дәрежедегі жыл сайынғы жеңімпаздары. Тіпті білімді бір ұстазы үздік білім бергені үшін көлік иеленгенін де мақтанышпен айта алады. Бұл жүрістің барлығы не үшін, кім үшін еді? Жауап біреу, ол – балалардың білім алуына жағдай жасау. Ал мақсаты – өзіне берілген істі абыроймен соңына дейін жеткізу. Бұл мақсат емес-ау, ол Қаламқас Тілеубаева сынды ісіне адал ұстаздардың қанында бар қасиет дерсіз. Қаламқас Қалиқызындағы мінез бен іскерлікті өзге мектептің директорларынан да көргіміз келеді. Сонда бәсеке, білімге талпыныс пен нәтижелі істің ілгерілеушілігі болары анық.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА