©
Мал және егін шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлерге берілетін субсидиялар мен әртүрлі жеңілдіктер, өңірдегі ауыл шаруашылығының бүгінгі жай-күйі, құрылған кооперативтер жұмысы неліктен тұралап тұр, егін түсімінің азайып кетуіне не себеп? Осы және өзге де шешімін таппай жүрген мәселелерді қарап, шаруалардың сұрақтарына жауап беру үшін Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев аймақтағы ауыл шаруашылық кәсіпкерлерімен кездесті.
- Кәсіпкерлік бағытта соңғы жылдарда Жаңаөзен қаласында көптеген шаралар атқарылды. Бүгінде өңірдегі орта бизнестің үлесі 30 пайызды құрайды. Бұл аз жетістік емес. Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударып отыр. Түрлі бағдарламалар жасақталды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында облыс экономикасының әлеуетін арттыруға бағытталған «Нұр капитал» жобасы да Маңғыстау облысында қолға алынып отыр», - деді қала басшысы. Жиынға Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Г.Көшекбаева, аталған басқарманың мал шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Кабдулова, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Маңғыстау облысы филиалының несие бойынша бас маманы Т.Төлеуғалиев, сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтері, шаруа қожалықтары, несие серіктестік мүшелері қатысты. Қала әкімінің орынбасары И.Сағынбаев Жаңаөзен қаласы бойынша ауыл шаруашылығы жөнінде баяндама жасады.
Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шарушылығы бөлімінің басшысы Г.Көшекбаева егін шаруашылығы бойынша берілетін субсидиялар жайында, Жаңаөзен қаласына жылыжай шаруашылығын дамытудың тиімді бағыттары мен женілдіктерін, егінді суару бойынша суға кеткен шығынын өтеуге қарастырылған және тыңайтқыштардың құнын субсидиялаудың жаңа деңгейлерін түсіндіріп өтті. Сондай-ақ егін шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлердің санын көбейту үшін әр кәсіпкерге 1 гектар жерден бөліп берудің маңыздылығын айтты.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Маңғыстау облысы филиалының несие бойынша бас маманы Т.Төлеуғалиев жаңадан енгізіліп жатқан несие серіктестігі бойынша мәліметтер беріп, төмен пайыздағы несиелер жөнінде және корпорацияның ұсынатын агрогрант бағдарламасы бойынша түсініктеме берді. Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Кабдулова мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қарастырылған субсидия бойынша асыл тұқымды малдарды асыраудың тиімділігі, аталған жеңілдіктерді алудың жолдарын баяндады.
Өз кезегінде кәсіпкерлер су тапшылығы, инфрақұрылым, жайылым жерлерін кеңейту, құжат алудың қиындығы секілді өзекті мәселелерін айтты.
Жаңаөзен қаласының әкімі Ә.Құлынтайұлы орынбасарларына, «Атамекен» ҰКП Жаңаөзен қаласы бойынша директоры А.Ідрісовке, қаладағы коммуналдық кәсіпорын және басқа да бөлім басшыларына жоғарыда аталған мәселелер жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Айжан НАСЫРОВА
Тағы оқыңыз: Бастаудан бастау алған бастамалар