©
Баянды ауылында
Маңғыстау ауылынан басталған әкімдердің халықпен есептік кездесуі Баянды ауылында да жалғасты. Кезекті кездесуге ауыл тұрғындары мен халық қалаулылары, мекеме басшылары қатысты.
Жиында алғаш мінберге шыққан ауыл әкімі Рахмет Таймұратов өткен жылы атқарылған жұмыстар, осы жылдың еншісіндегі жоспарлармен таныстырды. Айта кетсек, ауыл көшелеріне демеушілердің көмегімен құм төгіліп, тегістеу жұмыстары жүргізіліп, «Ақтау-Баянды» тас жолына толықтай жол белгілері қойылған. Баянды-3 елдімекеніне ауыз су тарту жұмыстары толығымен аяқталған. Баянды ауылындағы ауылішілік 15 шақырым асфальт жол салуға қаржы бөлініп, оның 5 шақырым жолы төселген. Сонымен қатар Баянды-2 тұрғын үй учаскелеріне газ тарту жұмыстары қолға алынып, жобалық сметалық құжаттары жасақталып жатқанын айтты.
Кезекті сөз тізгінін алған аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Ауыл тұрғындарын аудан көлемінде атқарылған жұмыстармен хабардар етіп, алда тұрған міндеттерімен бөлісті.
Баяндамадан кейін ауыл тұрғындарының бірі жол, тағы бірі жер керек деді. Енді басқалары пошта ғимаратын түзеу, банкомат қою қажет деген ұсыныс-пікірлерін жаудырып жатты. Бар талаптарын тыңдаған аудан әкімі бәрі де жоспарда бар екенін, ұсыныстар қараусыз қалмайтынын айтып, "ретімен орындалады", деді. «Суымыз келіп тұр, үлкен мектебіміз бар, енді жолымыз салынғалы жатыр...», - деп барға шүкірлік білдірген ауыл ақсақалдары әкімдерге оң бағасын берді.
Дәулет ауылдық округінде
Жиында облыстық экономика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров және ауыл тұрғындары мен аудандық мекеме басшылары болды.
Алдымен ауылдық округ әкімі Ғизат Жолдасбаев өткен жылды қорытындылады. Жаңа жылдың жоба-жоспарларымен бөлісіп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатқан жұмыстарды баяндады. Мәліметінше, Қызылтөбе-2 мен Жаңа-Дәулет тұрғын үй массивінің аралығын қосатын 7,7 шақырым асфальт жол салынған. Дәулет ауылына кіреберіс тас жолына электронды жарнама бағанасы орнатылып, орталық көше мен қосалқы көше бойындағы 100 бағанаға түрлі-түсті жарық шамдар қойылған. 9 отбасы «Өрлеу» бағдарламасына қатысып, мал шаруашылығымен, тігін тігумен, нан пісірумен және отбасының жағдайын жақсарту мақсатында түрлі бизнес көзімен айналыса бастаған. «Жасыл ел» бағдарламасымен жағдайы төмен 23 отбасының баласы уақытша жұмысқа тартылған.
Ауыл әкімінің есебіне үңілсек, ауылдың суы, газы, тоғы, жолы, мектебі бар ілгері келе жатқан ауыл екенін ескеруге болады. Ауыл өткен жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Үлгілі ауыл» жобасынан ынталандыру сыйлығы - қаржылай 2 млн. теңгенің сертификатын иеленген болатын.
Аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев 2017 жылы ауданда жүргізілген әлеуметтік-экономикалық жұмыстар мен 2018 жылдың жоспарлары жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында жүргізілген жұмыстар жөнінде айтып, осы жылдың басында жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын да түсіндірді. Алда талай жұмыстар атқару жоспарында бар екенін де жеткізді.
Жиын соңында әкімдердің есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берілді.
Қызылтөбе ауылдық округінде
Әкімдердің биылғы есеп беру кездесулері өте қызу әрі қанағаттанарлық бағаға ие болуда.Аудан әкімі мен ауыл әкімінің Қызылтөбе ауылдық округіндегі есеп беру жиынына облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова қатысты. Залды толтыра отырған тұрғындар белсенділік танытып, тұнып тыңдады. Кездесуде аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев, Қызылтөбе ауылдық округінің әкімі Серік Боранбаев өзі басқарып отырған аумақта өткен жылда жасалған жұмыстарды қорытындылап, баяндама жасады. Халық тарапынан көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстардың қарқынды жүргізілген тізімін тізбекке тізгендей айтып берді. Ауыл әкімінің баяндамасы бойынша, ауыл аумағындағы жолдар жөнделіп, оның ішінде Құбыла, Балауса көшелері аумақтарында абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Қызылтөбе-2 тұрғын массивіндегі №6 орта мектепке жаяу жүргіншілер жолы және жол белгілері орнатылған. Ауыл тазалығының маңызды екенін ескерген атқа мінерлер контейнерсіз қоқыс жинау экспериментін жүргізіп, қоқысты жинайтын және шығаратын кесте бекітілген. Ауыл аумағына жоспарланған 15 шақырым автокөлік жолын салу барысында Арай көшесіне асфальтобетонды жабынды төсеп, автобус жүруге қолайлы жағдай жасауды жұмыс жоспарына бекіткен. Осылай жұмыстарын атап өткен ауыл әкімі тұрғындардан түскен өтініштер жөнінде де тілге тиек етті. 2017 жылы әкімдікке 409 өтініш түскен. Оның 356-сы жер мәселелері, 31-і «Алтын Алқа», «Күміс алқа» және материалдық көмек, 22-сі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша болған.
- 2017 жылы ауылдың 260 тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар 2554 тұрғынның мәртебесі анықталып, 24-не біржолғы материалдық көмек көрсетілді деген С.Боранбаев мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды да атады. Балабақша денсаулық саласы бойынша мәселелер де аталған ауылда шешімін тапқан. Мәдениет және спорт бойынша да қалыс қалмаған. Ауылда 1 әмбебап жабық, 2 ашық спорт алаңы, 7 балалар ойын алаңдары орналасқан.
Баяндамада ауыл әкімі ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, қоғамдық тәртіп және діни ахуал, ауыл тазалығы туралы да атап, қараусыз иттер мәселесі жөнінде де сөз қозғады. Жыл басынан бері ауылдық округ бойынша 11 сенбілік өткізіліп, 400 тонна қоқыс қалдықтары тазартылған екен. Сондай-ақ ауыл әкімдігі Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсының «Ауылды бірлесе дамыту» жергілікті өзін-өзі дамытуға бірлесе ықпал ету» жобасымен бірнеше жұмыс атқарған.
Жиын соңында алдағы жоспарлар мен мақсаттар айтылып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Ауылдағы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін көбейтіп, тәртіп мәселесін қадағалауды қатаңдатуды ұсынған тұрғындар алғыстарын айтып, есепке «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Батыр ауылдық округінде
Әкімдердің есептік кездесуі Батыр ауылында да өтті. Ауыл әкімі міндетін атқарушы Қалнияз Оңдабаев халық алдында есеп берді. 8 шағын ауданнан құралған Батыр ауылдық округінде өткен жылы атқарылған жұмыстар тізбектеліп, тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев аудан белсенділері және ауыл тұрғындары қатысты.Ауылдық округте адам саны былтырғымен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткішке ие болған. Мемлекеттік қызмет көрсету бағытында ауыл әкімінің аппаратында тұрғындарға 6 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Округтің барлық шағын аудандары бүгінгі заман талаптарына сай келетін дербес электр төмендеткіш станциясымен және жоғары газ қысымын орта қысымға реттейтін "АГРС" орнатылып, электр және газ жүйелерімен толықтай қамтылып отыр деді, өз сөзінде Қ.Оңдабаев.
Жұмыспен қамту және кәсіпкерлік саласы бойынша Батыр ауылы аумағында аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 2017 жылы тұрақты жұмыспен 105 адам, жастар іс-тәжірибесімен 8, қоғамдық жұмыспен 3, әлеуметтік жұмыспен 20 адам қамтыған. Өңірде жеке кәсіпкердің қолдауымен «Экзотикалық құс әлемі» шаруашылығы өз жұмысын бастаған.
Ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы әлеуметтік, білім, медицина, ауыл шаруашылығы, қылмыс пен құқық бұзушылық бағытына да кеңінен тоқталып, сөзін қорытындылады. Әкімнің есеп беру жұмысына ауыл тұрғындары оң бағасын беріп, қойған сұрақтарына тиісті жауаптарын алды.
Есептік кездесулер әлі де жалғасуда.
Г. ТАСБОЛАТОВА, З. ӘБДІЛ-САТТАР
Тағы оқыңыз: «103» нөміріне телефон шалған атыраулықтар Ақтауға түсіп кетіп жатыр