Әлемдік мұнай бағасының дағдарысы біздің елімізді айналып өтпеді. Маңғыстау облысындағы кенорындарының тоқтатылуы мұнай өндірушілерге айтарлықтай ықпал етті. «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамы ел экономикасы үшін жүйе құрайтын компания және бюджетке ірі салық төлеуші мекеме екені көпке мәлім. Мұнай ұлттық қорын қалыптастыруға арналған холдинг дағдарыс жағдайында басқару деңгейлерін барынша қысқартып, операциялық модельге өтті, тиімділікті арттыруға бағытталған бірқатар кадрлық жобаларды жүзеге асыруда.
"Қазмұнайгаз" дотациялайтын және оның құрамына кіретін мұнай-сервис кәсіпорындары рентабельді болмауына байланысты бүгінгі күнге дейін «нашар буын» санатында келді.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-қа (ММГ) қызмет көрсететін мұнай сервистің 5 компаниясында бизнес-процестерді оңтайландыру жөніндегі шаралар үлкен нәтиже бермеген. ММГ өндірудің азаюына байланысты тапсырыс беруді күрт төмендеткен. Бұл, өз кезегінде «тізбекті реакция» берді, мұнай-сервис ұйымдарындағы бірқатар кәсіпорындар – «Oil Construction Company», «Oil Services Company», «Oil Transport Corporation», «Мұнайтелеком», «Маңғыстауэнергомұнай» рентабельді емес мекемелер қатарына шықты. Бұл дағдарыстан шығу үшін мұнай-сервис кәсіпорындарына адамдарды нарықта сұранысқа ие болған кәсіптерге қайта оқып-үйрету, біліктілік арттырып, бәсекелес ортада және тіпті басқа өңірлерден тапсырыстар іздеу жолдары бағдарға алынды.
Маңғыстау облысының мұнай-сервис компанияларында – ҚазМұнайГаз ҰК құрамына кіретін «Oil Construction Company», «Oil Services Company», «Oil Transport Corporation», «Мұнайтелеком», «Маңғыстауэнергомұнай» 5/50 бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. Бұл – аталған компаниялардың рентабельді еместігінен туындаған жеңіл оңтайландыру жоспарының бір бөлігі. Аталған ұжымдардың басым бөлігінің пайымынша, бұл шешім – ҚМГ тарапынан мұнай өндіру дағдарысынан шығудың әділ әрі жауапты нысаны болмақ. Табыс әкелмейтін кәсіптің қызметкері ерікті түрде әкімшілікке жүгініп 5 жыл үшін жалақының алғашқы бөлігіне 100%, кейінгі 2,5 жылына 50% мөлшерінде өтемақы алу мүмкіндігі берілді. Бұл – орташа есеппен 7-ден 10 миллион теңгеге дейінгі қаржыны құрайды. Сондай-ақ есептеу нысаны зейнет жасына жақын адамдардың компаниядан кетуге тілек білдірген кезде де қолданылады. Қарым-қатынастар мен жұмыс берушінің өзара тиімді нысаны үлкен қызығушылық тудырды және қазірдің өзінде көптеген адамдар өмірлік мәселелерді шешу – тұрғын үй жағдайларын жақсарту, несие, қарыздарын жабу немесе өз кәсібін ашу мүмкіндігін пайдалануда. Сонымен қатар мұнай-сервис компанияларының басшылығы қызметтің бейінді емес түрлерін жеке секторға шығарып, жұмыстан босатылған персоналды сол бағыттағы жұмыстарға орналастыруды да қаперге алды.
«КӨЗІН ТАПСАҢ КӘСІП АШ»
Құлбай ӨТЕПОВ «Ойл Транспорт Корпорэйшн» ЖШС мекемесінде 10 жылдан аса автобус жүргізушісі болып еңбек етіп, бүгінде компания ұсынған 5/50 бағдарламасын өз кәдесіне жаратқан жанның бірі.
«Бес жылдық бағдарлама өзіме берілген мүмкіндік деп ұқтым. Шүкір, жағдайымыз жаман емес. Қомақты қаражат алып, қажетті шаруаларымды бүтіндедім. Қазіргі кезде де игілігін көріп келемін. Қаладан балама жеке үй алып бердім. Қазақ болған соң шаруашылыққа жақын келеміз ғой, жеке мал шаруашылығын қолға алдым. Сіздермен кездесуге әрең жетісіп келіп отырмын. Шаруашылығым ұлғайды. Ақтөбеден, оның ар жағы Ресей асып ешкілер әкелемін. Сауынды ешкілер өсіріп, өрісін кеңейтудемін. Ешкі сүтін ел-жұрт көбіне-көп емге іздейді», – дейдіҚұлбай Өтепов.
Әу баста бір ғана мал басымен шаруа бастаған Құлбай аға ешкі санын 70-тің үстіне дейін көтерген. Бес бала өсіріп жетілдірген әке компаниядан алған 9,5 миллион теңге қаржының отбасы қамын күйттеп, шаруаларын шешуге, кәсіп игеруге зор мүмкіндік туғызғанын айтады. «Аз қаржы емес, көзін тапсаң көп тірлікті іске асыруға болады. Алдағы жоспарым – осы шаруашылығымды дамыта түссем, өрісін кеңейтсем деймін. Жаңаөзен жақтан шаруашылығымның бір бөлімін ашқым келеді. Қазір сол шаруаны бастап жатырмын» деген Құлбай аға кәсібі жайын түсіндірді. Тілшілер қосыны ешкі шаруашылығын көзбен көрмек ниетпен Өтеповтың шаруа қожалығын бетке алды.
Мұнайлы ауданын мекен еткен шаруақор отбасының іске бейім, тірлікке бекем екені табалдырыққа көлік тірегеннен байқалды. Үй маңы, қора-жай, сарайлары түгелдей қоршауға алынып, қақпа аузы қазақы төбеттің қырағы күзетіне тапсырылған. Бізді қарсы алған Құлбай ағаның жұбайы Алма апа, шаруашылық жағынан көмекші туыстары да маңызды мәліметтерге қанықтырды.
«Ашығын айтсам, бұл шаруашылықты бір ешкімен бастадым. Саратовтан әкелінген тұқым көбейе бастады. Одан соң Шымкент, Ақтөбе облысынан да ешкінің өзге түрлерін әкелдім. Жалпы ешкі тез көбейіп, өнетін мал ғой, 2-3 лақтан береді. Қысқа қарай азайса, көктемде төлдеп, көбейеді. Отбасылық шаруашылық десем де болады. Мал бағу ісі оңай шаруа еместігін білесіздер. Жұбайым екеуміз жабылып, көмекшілеріміз қосылып, тіптен, үйдегі бала-шағаға дейін осы шаруаның айналасында жүрміз», - деді Құлбай аға.
Тағы оқыңыз: Маңғыстауда балалар онкологы жоқЖұбайы Алма апа көп істің мән-жайын ұқтыра түсті. Оның айтуынша, бұл аймақта ешкі сүтінен ем іздеген жан ойланбастан осы отбасыға келеді екен. «Ешкі сүті 20-дан аса дертке шипа. Емдік мақсатта бізден сүт алушылар көп. Жаңа жыл қарсаңында ауылымыздағы бір отбасының кішкентай сәбиі аллергиясы өршіп, осы ешкілердің сүтін ішкізіп, сауығып кетті. Қазір көп тараған дерттің бірі – қант диабетіне ешкі сүті бірден-бір шипа. Жаңаөзен жақтағы тумалас ағайынымыз диабетке шалдығып, қант көрсеткіші 29-ға көтеріліп кетті. Ешкі сүтін ішіп, нәтижесінде қант көрсеткіші 9-ға түсті. Асқазанның түрлі ауруларына да ем, сауылған кезінде үйден келіп ішіп кететіндер де әлі бар», – деп Алма апа өз кәсіптерінің елге тигізер пайдасын қуана жеткізді.
Құлбай ағаның шаруасы тек ешкі бағумен шектелмепті. Кәдуілгі тауық балапандарымен бірге күркетауық өсіруді қолға алған. Өнімі мол, етті құс бағу да кәсіп білгенге үлкен нәсіп екені сөзсіз. Қос қызын қияға қондырып, кішкентайларын балапандай баптап отырған отбасының дөңгелеткен шаруасының болашағы зор екенін көріп, көз қуанып, көңіл тойды. Тек тілектестік білдірдік.
Шұғай САҒЫНДЫҚ, 5/50 бағдарламасы бойынша жаңа пәтер алып, жеке кәсіп ашты. «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС-де 17 жыл еңбек еттім. 5/50 бағдарламасымен жұмыс- тан шығып, тиесілі қаражатты (14 миллион 700 мың теңге) алдым. Осының арқасында мойнымда жүрген берешектерімді, несие қарызымды жаптым. Бұдан өзге жаңа салынған үйден пәтер алып, жоспарға алған жұмысымды жүзеге асырып жатырмын. Ал бұл мекемеде алғашқы жұмысымды электро-монтер болып бастағанмын. Уақыт өте разрядтарым көтеріліп, қызметте мастер, учаске бастығы деңгейіне дейін өстім.
Біздің негізгі жұмыс – мұнай өнімін тоқпен шығару, оны насос арқылы айдау. Подстансаларды қараймыз, жалпы мұнайға қатысты инженерлік қызметтерді атқарамыз. Жұмыс кестесі вахталық әдіспен болғандықтан, отбасыңа, бала-шағаңа дұрыс көңіл бөліп, тәрбиесін қадағалауға да мұрша бола бермейді. Жалпы, вахталық жұмыстан шыққанымның бір себебі осы деп ойлаймын. Қазір жеке кәсібімді жоспарлап, отбасыма да уақыт бөлуге мүмкіндік бар».
Нұрлан ЖЫЛҚЫБАЕВ, 34 жаста, «Ойл Транспорт Корпорэйшн» ЖШС, 5/50 бағдарламасымен жеке кәсіп бастады.
«5/50 бағдарламасына қатысуымның үлкен себебі бар. Кішкентай қызым ауыр сырқатқа шалдығып, емге көп қаражат табуым керек болды, осы кезде бұл мүмкіндік маған ауадай қажет еді. Негізгі себеп – осы.
Одан соң жалпы қаражатты тиімді пайдалану үшін көліктерді жалға беру ісін бастадым. Кәсіпкерлер палатасынан тендерге қатысуға керекті маңызды кеңестер алып, жеке кәсіп аштым. Қазір шетелдік жеңіл көліктерді әртүрлі мекемелерге келісімшарт бойынша жалға берудеміз. Бұл кәсіпті өзім секілді бағдарлама бойынша жұмыстан шыққан әріптестеріммен бірлесе жүргізіп жатырмын. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» холдингіне қарасты компаниялардың біріне қайта біліктілік арттыру арқылы жұмысқа тұруды мақсат етіп отырмын».
Бердібек ҚИСЫҚБАСОВ, автоэлектрик, слесарь, 25 жаста.«Қазір қаражатсыз шаруаларыңды шешіп, тірлігіңді түгендеп алу мүмкін емес. Жеке кәсіптің де өз нәсібі бар. 8 жыл еңбек еткен жұмыстан өз қалауыммен бағдарлама бойынша кеткенмін. Қазіргі күнде автокөлік жөндейтін орталық ашуды жоспарлаудамын. Оған қажетті құрал-жабдықтарды алдым. Көлікке диагностика жасайтын сканер, тағы да басқа саймандарымды сайладым. Бұл бастамаларымды, жоспарлаған кәсібімді ашуға 5/50 бағдарламасы арқылы алған қаражат көп көмегін тигізіп отыр. Несиелерімді жауып, отбасымның көп қажеттіліктерін өтедім».
Уақтылы шешім – нақты міндет
«Ойл Транспорт Корпорэйшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі адам ресурстары және еңбекақы төлеу жөнінде бас директордың орынбасары Нұрлан Құрмашев холдинг тарапынан ұсынылатын 5/50 бағдарламасының компания әлеуетін сақтап қалу үшін аса маңызды шешім екенін айтады. 2002 жылы құрылған «Ойл Транспорт Корпорэйшн» мекемесінің соңғы жылдары шығын көлемі күрт көбейген. Нақты деректермен айтсақ, 6 жылда компания шығыны 40 миллиард теңгеден асқан. Шығындар күні кешеге дейін «Қазмұнайгаз» АҚ арқылы өтеліп отырған. «Бұл жағдай одан әрі жалғаса беруі мүмкін еместігі белгілі. Осыған байланысты компания үшін шығындарды төмендетудің тиімді жолдарын табу қажеттілігі туды.
2014-2016 жылдар аралығында біз компания өндірісінің шығындарын оптимизациялау бойынша бірқатар шаралар қабылдаған едік. Мәселен бензинмен жүретін автокөліктерді газға ауыстырдық, көліктерге GPS навигаторлар орнаттық, т.б. Дегенмен бұл шаралар өз нәтижелерін бергенімен, компанияның миллиардтаған шығындарын жаба алмай отыр» деген Нұрлан Жабағыұлы еңбекақы төлеу қорын реттеу жұмыстарын баяндап берді.
«2016 жылдан бастап еңбекақы төлеу қорын оптимизациялауды бастадық. Айта кетер жайт, еңбекақы төлеу компания шығындарының 80%-ын құрайды. Мақсат, әлбетте, шығындарды төмендету, компанияны банкротқа ұшыраудан сақтау. Қабылданып жатқан негізгі шаралар еңбекақы төлеу қорына қатысты екені жасырын емес. 2016 жылы «Қазмұнайгаз» АҚ зейнет жасына жақындаған жұмысшыларды мерзімінен бұрын босату, 2017 жылы кез келген қызметкердің жас ерекшеліктеріне қарамастан берілетін ұсыныстар мен жеңілдіктер негізінде жұмыстан шығуы туралы жоспар, яғни 5/50 бағдарламасы іске қосылды», – деді Нұрлан Жабағыұлы.
2017 жылы 5/50 бағдарламасын компанияның 600-дей қызметкері пайдаланған. Бұл қадамды жасауда әр жұмысшының өз себебі, мақсаты, жоспары бар. Бірі денсаулығына байланысты, енді бірі жеке кәсібін ашуға, басқа да шаруаларын жасауға ниеттеніп, жұмыстан өз еркімен шыққан. Мекеме басшылығы бағдарламаның ерікті түрде жүзеге асырылатынын ашық айтқанды жөн санайды. Компания ұсынысын таңдаған жұмыскерлер өз еркі бойынша арыз жазып, осыдан соң екіжақты келісімшарт жасала- ды. Бүгінгі күнге дейін компаниядағы 2400 қызметкердің 600-ы бағдарламаға сәйкес 5 жылдық жалақысын алып үлгерген.
Айта кетсек, 5/50 бағдарламасы 2018 жылы да жалғасады. Осы мақсатта қазір арнайы комиссия құрамы жасақталуда. Мекеме мен жұмыскер арасындағы екіжақты келісімнің тәртібі мен басқа да заңдылықтарын комиссия қадағалайтын болады. Бағдарламаны іске асырудағы негізгі міндет – компанияның бірнеше жылға дейінгі жұмыс көзін қамтамасыз ету, компанияны сақтау. Компанияның жұмыс көлемі әлемдік дағдарысқа байланысты 2015 жылдың өзінде 30%-ға қысқарған.
«Біздің негізгі жұмыс күші арнайы агрегаттардағы машинистер мен жүргізушілер, бұдан бөлек қосымша персоналдар, яғни жөндеу жүргізетін жұмысшылар бар. Сондай-ақ аутсорсинг арқылы 50-ге жуық қызметкерді басқа жұмысқа ауыстырдық», – деп Н.Құрмашев мекеме міндеті саналатын транспорттық қызметтің қиыншылықтары туралы мынадай деректерді келтірді.
«Транспорт саласы – шығыны көп саланың бірі екені белгілі. Сол себепті компанияның бұл бағыттағы шығындары көбеймесе азаймайды. Біздегі транспорттық қызметтер – Қаламқас, Жетібай кенорындарында барлық техникаларды жеткізу, сондай-ақ вахталық әдіспен істейтін жұмысшыларды Ақтау қаласынан кенорындарына жеткізудің орталықтандырылған жүйесін қамтиды», – деді ол.
5/50 бағдарламасымен өз еріктері бойынша жұмыстан кетіп, кейіннен қайта оқыту, біліктілік арттыру арқылы аутсорсинг жолымен жұмысқа қайта қабылдауды сұраушылар да жоқ емес. Комиссия алдағы жұмыс көлемі мен компания мүмкіндіктерін есептей келе аутсорсинг жолымен жұмыскерлерді басқа қызметтерге қабылдау тәртіптерін қарайды.
«Әлбетте, қайта қабылдау мүмкіндіктері туған жағдайда тәжірибе жиған бұрынғы қызметкерді қабылдаймыз. 5/50 бағдарламасы бойынша 2017 жылы 7 миллиард теңге игерілді. Биыл толық жоспарды жүзеге асырған жағдайда 13–15 миллиард теңге жұмсалады», – деп сөзін қорытты Нұрлан Құрмашев.
Қалай дегенмен, компания өз әлеуетін сақтай отыра, 5/50 бағдарламасы бойынша жұмыстан шыққан азаматтарына материалдық тұрғыдан көмек жасауды мүдделі міндетінің бірі санайды. Жүйелі жобаның жақсылығын көріп, қомақты қаражатпен тұрмысын түзеп, кәсібін жүргізе білген жандардың тіршілігі осының жарқын мысалы.
Жайық НАҒЫМАШ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47384,47389,47380,47388,47382,47387,47381,47386,47385"]