Жасыратыны жоқ, медицина дамыған сайын аурудың да түрі көбейіп келеді. Ал науқас саны артқан сайын дәрігерлерге жүктелетін салмақтың да арта түсері анық. Мұндайда өз ісіне адал дәрігерлер ғана ауырып келген әр адамның көңілінен шығып, жанын да, тәнін де қоса емдеп жатады. Ауруынан айыққан науқастар дәрігерлерге дән риза.
Өңірімізде ел алғысын арқалап, дүние байлық жимаса да, абырой жиған ақ желеңді абзал жандар аз емес. Солардың бірі, облыстық аурухананың эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Болат Кереев 60 жасқа толып, әріптестерінің ыстық ықыласына бөленді.
Аурухананың мәжіліс залында болған салтанатты жиында мерейтой иесінің еңбек жолы қысқаша баяндалды. Атырау (бұрынғы Гурьев) облысының Ембі ауданының Қаратон ауылында дүниеге келген ол Ақтөбедегі мемлекеттік медицина институтын бітіріп, Гурьев (Атырау) қаласындағы облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінде хирург дәрігер мамандығы бойынша интернатурадан өтті. Бұдан кейін өзінің туған ауданындағы орталық аудандық аурухананың хирургия бөлімшесін бес жыл басқарып, бас дәрігер лауазымына дейін көтерілді.
1989 жылы Ақтауға келген Болат Керейұлы осындағы қалалық орталық аурухананың шұғыл көмек бөлімшесінде хирург болып бір жыл жұмыс істеп, жаңа ұйымдастырылған онкологиялық бөлімшеге меңгеруші болып ауысады. Көп ұзамай, 1991 жылы өз қолымен эндоскопия бөлімшесін ашып, оған меңгеруші болады. Заведующий эндоскопического отделения Мангистауской областной больницы. Жұмысын жанындай сүйетін жоғары санатты хирург күні бүгінге дейін осында, бейнеэндоскопия және микротамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі. Ол — Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Қат-қабат жұмысына қарамастан аурухананың кәсіподақ ұйымына да жетекшілік жасап жүр. Эндоскопиялық және бейнеэндоскопиялық ота жасауда тиімді тәсілдерді енгізе отырып, Маңғыстау облысына сапалы медициналық қызметті ұтымды ұйымадстыра білген Болат Керейұлының еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болды. Медицина саласында өзіндік орыны бар маман Тілек Аюпқызымен шаңырақ көтерген ол үш перзенттің әкесі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының оынбасары Салтанат Жармашева, облыстық аурухана директорының міндетін атқарушы Мұхамбетжан Нұрғазиев, Ақтау медицина колледжінің директоры Майя Ханчевская құттықтап, марапат-сыйлықтар тапсырды.
Ал бір жылдары Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарған денсаулық сақтау саласының ардагері, медицина ғылымының кандидаты Сүлеймен Бердәулетов мерейтой иесі туралы өз көзімен көргендерді әңгімелеп қана қоймай, ағалық ақылын да айтты.
Тағы оқыңыз: Сисем атаның мазарын неге шатастырамыз?- Заманымыздың заңғары жазушысы Әбіш Кекілбаевша айтсам, жақсымызды қызықтап, жайсаңымызды ұлықтау — елдіктің белігісі, - деді ол. - Сіздердің барлығыңыз да халыққа еңбектеріңіз адал сңген дәрігерсіздер дей аламын. Алдыңызға келген адамдарға аялы алақаныңызды тосып, қолдан келген көмегіңізді жасап келе жатсыздар. Бір-біріңізді осылайша құрметтегендеріңіз дұрыс-ақ. Мен сонау1988 жылы Алматыдан Маңғыстауға келгенімде алғаш мерейтойын осы жерде өткізген белгілі дәрігерлер Естұрған Мұқантаев пен Ахметжан Құсайынов болатын. 1989 жылы екеуі де елуге шығып, дәрігерлерді марапаттауды содан бастағанбыз. Бірақ денсаулық сақтау саласында алғаш орденге ие болған осы залда отырған өзіміздің Талғат Мұқантаев шығар. Ал дәрігерлердің еңбегі қандай орденге де лайықты. Еңбегімізді еледі-елемеді демей, бір-біріңізді көтермелеңіздер. Әйтпесе, «бірінші байлық — денсауық» деп, алдыңа келген науқастар аурудан жазылған соң дәрігерді ұмытып кете береді. Біз өзімізді өзіміз құрметтеуге тиіспіз. Болат Керейұлын алғаш жұмысқа қабылдаған өзім едім. Оған дейін Құлсарыдағы аурухананы сол замандағы жаңа жабдықтармен жабдықталып жатқан алдыңғы қатарлы аурухана деп еститінмін. Ол кезде қиын уақыт қой, ауруханаға жабдықтар алу оңай емес-ті. Мен онкологиялық институтта жұмыс істеп жүргенімде барлық аймақтарға бардым. Ауруханалардың көпшілігінің мүшкіл жағдайын көрдім. Болаттың да атын естіп жүргенмін. Сырттан атына қанық болып жүрген Болатым да Ақтауға келгесін оны жұмысқа қабылдадым. Облысымыз қанша бай болса да, ауруханамыздың жайы мәз емес еді. Онкологияның жағдайы мүлдем нашар, жылда 300-ге жуық адам емделуге жан-жаққа кетеді екен. Сондықтан осы ауруханада бас дәрігер болып жүргендіктен ықшамдап жіберіп, 40 кереуеттік бөлімше аштым да, Болатты соған меңгеруші қылдым. Кейін эндоскопия бөлімшесін ашып, соған меңгеруші етіп ауыстырдым. Қай сала болмасын, таныс-тамыр арқылы әркімді де басшы етіп қоя салуға болады. Бірақ басшылыққа қойған адамың сол міндетті лайықты атқара ма, жоқ па, мәселе осында. Оның үстіне дәрігер науқаспен жұмыс істейді, басшы болғасын ұжыммен тіл табысуы керек. Жүріс-тұрысы да, қабілеті де, жұмысқа деген қызығушылығы да ұнап, осы жұмысты алып кетеді ау деген үмітім болды. Болат өзінің осы мамандық иесі екенін дәлелдеп, үмітімді ақтап, әлі сол бөлімшеде келе жатыр. Бірінші компьютерлік томографты, бірінші МРП-ны, екінші болып лапороскопиялық отаны осы ауруханада жасадық. Қазақстанда лапороскопиялық отаны тұңғыш белгілі хирург Мұхтар Алиев жасаған еді. Өзім Мұхтар Алиұлының талай отасына қатысып, қасында тұрғанмын. Оның алдына шығатын адам жоқ дер едім. Бұл отаның тұсаукесеріне бардық. Сол жылдары «Маңғыстаумұнайгазды» Ләззат Қиынов басқаратын. Сол кісіге барып, ауруханаға аппаратура сұрағанмын. Ол кісі бірден қоштады да, ұзамай аса қажет боп тұрған үш аппаратурамызды алдырдық. Жабдықтарды алып келген кісілер бізге бұлармен жұмыс істеуді үретпекші болғанында біз келіспей, Америкаға барып үйренуді жөн көрдік. Сөйтіп, біздің жақтан төрт дәрігер, арасында Болат та бар, Мұхтар Алиевтің өтінішімен екі дәрігер, барлығымыз алты дәрігер болып Америкаға аттандық. Бізге қосылған екі дәрігердің бірі Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев еді. Осылайша, 1993 жылы біздер Қазақстаннан Америкаға шыққан тұңғыш дәрігерлер болдық. Келгеннен кейін бірінші отаны өзім жасадым, Болат ассистент болды. Оның үлкен еңбек жолының біз үзігі осындай. Дәрігерлердің көпшілігі осы Болат сияқты, қанша мақтауға да тұрарлық. Өйткені, дәрігер мамандығын байлық іздеген адам таңдамайды. Байығысы келетін дәрігерлер шетелдерде, мысалы, Америкада. Сол кезде америкада орташа хирургтың жалақысы 17 мың АҚШ доллары екен. Ал біздікі 200 долларға да жетіңкіремейтін еді. Қайта, ешкім сұраған жоқ біздің жалақымыздың мөлшерін. Бұдан да қиын кездерде жұмыс істеп, халық денсаулығы жолында еңбек етіп келе жатқан мамандығымызды баршамыз да мақтан тұтамыз. Кеше Болаттың бөлімшесінде күрделі ота жасалғанын көріп, жетістіктеріңізге шын қуандым.
Болат Керейұлына мерекелік тілегін арнаған С. Бердәулетов оған өзінің төл туындысы — арнайы композициялап дайындаған картинасын сыйға тартты.
Мерекелік лебіздерді мейрейтой иесінің әріптестері жалғастырып, ақ тілектер ақтарылды. Болат Керейұлы өзінің тілекші болып, қуанышын бөліскен әріптестеріне рахмет айтып, ілтипат білдірді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47053,47054,47056,47055,47057,47059,47060,47061,47063,47062"]