©
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында орналасқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне қарасты 2087 әскери бөлімінің учаскесінде жергілікті тұрғындар жағынан еліміздің көші-қон заңын бұзған Өзбекстан Республикасының азаматтарын белгілі бір ақшалай қаржыға келісіп, мемлекеттік шекарадан, яғни Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына заңсыз түрде өткізуге көмектесу фактілері күні бүгінгі дейін тиылмай, жалғасын тауып келеді.
Соның нәтижесінде, 2017 жылы 2087 әскери бөлімінің шекарашыларымен мемлекеттік шекарадан Өзбекстан Республикасының азаматтарын заңсыз түрде өткізбек болған, яғни заңсыз көші-қонды ұйымдастырған Қазақстан Республикасының азаматтары ұсталып, тиісті жауапқа тартылды.
Атап айтқанда, 2017 жылдың 17 қазан күні сағат 10:00 шамасында Қазақстан Республикасының азаматы, Бейнеу селосының тұрғыны О. Шонкалов Бейнеу селосының Б.Майлин көшесінің бойында Өзбекстан Республикасының азаматы Егамов Шерзон Отаназаровичпен кездесіп, оның жеке басын анықтайтын құжаты жоқ екенін біліп, елу мың теңгеге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз түрде өткізіп жіберу үшін заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға келісіп, шетелдікке уақытша тұруға Бейнеу селосының 1 ауылында тұрған үй береді. Сол күні, А.Шонкалов шетел азаматын түнгі уақытта қосауызбен торды кесіп Мемлекеттік шекарадан заңсыз түрде өткізу мақсатында «Лада ларгус» маркалы автокөлікті Бейнеу селосынан «Тажен» кеден бекетіне дейін жалдап, жүріп бара жатқан кезде «Бейнеу - Тажен» автожол бойында ҚР ҰҚК шекара қызметінің және Бейнеу аудандық ІІБ-нің қызметкерлерімен жасақталған топпен құрықталды. Жоғарыда аталған бойынша А.Шонкаловқа Қазақстан Республикасының қылмыстық кодесінің 394-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс ашылып, материалы Бейнеу аудандық сотқа жіберілді. Жинақталған қылмыстық іс бойынша Бейнеу аудандық сот талқылауында А.Шонкаловтың әрекеті дәлелденіп, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 394-бабының 1-бөлімімен кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде 1 жыл 3 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
31 қазан 2017 жылы сағат 13:35 шамасында Қазақстан Республикасының азаматы, Бейнеу селосының тұрғыны Б. Аяпбергенов жеке басын анықтайтын құжаты жоқ Өзбекстан Республикасының азаматы Жолдасов Саубетбай Оракбаевичпен келісіп, қырық мың теңгеге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткізіп жіберу үшін заңсыз көші-қонды ұйымдастырған. Яғни, сол күні Бейнеу селосындағы базардан шекара сымдарын кесу үшін 2 дана сым кесетін қосауыз сатып алып, оны С.Жолдасовқа берген. Одан кейін, аталған Өзбекстан Республикасының азаматын Мемлекеттік шекарадан заңсыз түрде өткізу мақсатында, «Бейнеу - Қарақалпақия» бағытында жұмысшылар тасымалдайтын пойызбен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына жақын орналасқан «Оазис» станциясына барып, қараңғы түскеде олар шекара қызметкерлеріне ұсталған. Жоғарыда аталған әрекеті бойынша азамат Б.Аяпбергеновқа Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 394-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс ашылып, материалы Бейнеу аудандық сотқа жіберілді. Жинақталған қылмыстық іс бойынша Бейнеу аудандық сот талқылауында Б.Аяпбергеновтың әрекеті дәлелденіп, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 394-бабының 1-бөлімімен кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
Жоғарыда көрсетілген бұл деректер шекара шебінде орын алып жүрген жағдайлардың бірі ғана. 2017 жылы 2087 әскери бөлімінің шекарашыларының қырағы да, қажырлы шеберліктерінің арқасында қаншама заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойылды.
ҚР ҰҚК шекара қызметінің 2087 әскери бөлімі