©
Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарабев Зияткерлік мектебінің оқушылары биыл үшінші жыл қатарынан International Waterbird Census (IWC) 52-ші халықаралық қысқы суда жүзетін және су маңындағы құстар санағына шықты, - деп хабарлады осы мектептің баспасөз қызметі.
Оқушылар Қазақстандағы ерекше орнитологиялық аумақ болып есептелетін Қаракөл көліндегі құстарды санады. Бұл сулы-батпақты алқапта әр түрлі мерзімде 175 түрлі суда жүзетін және су маңында өмір сүретін құстар тіршілік етеді. Оның ішінде 20-дан аса құс Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Бұған сұңқылдақ аққу, бұйра және алқызыл бірқазан, сары, египетті және кішкентай аққұтан, фламинго, қалбағай, қарабай, қарабасты өгізшағала, аққұйрық су бүркіттері және т.б жатқызуға болады.
Оқушылармен бірге құстарды Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы Жолберген Сардарбеков, «Қолдау-Қазахстан» көппрофильді коммерциялық емес холдингінің еріктілері Мұрат Джусупов және Нұрлыхан Исмаилов, «Қолдау-Қазахстан» көппрофильді коммерциялық емес холдингі жанындағы «Қолдау-Экология» мамандандырылған орталығының жетекшісі Әділбек Қозыбақов, «Жасыл әлем» Қазақстандағы биоәртүрлілікті сақтау ассоциациясының Ақтаудағы клубының мүшелері қатысты.
Әділбек Қозыбақовтың сөзінше, құстар санағы әлемнің 100-ден астам елінде 1967 жылдың қаңтар айының ортасынан бастап жүргізіле бастаған. Қазір бұл санақ жыл сайын ұйымдастырылады.
- Синхронды санақтың негізгі мақсаты – суда және оның маңында өмір сүретін құстардың саны мен өзгерістері жайында нақты мәлімет алу. Бұлардың ішінде шаруашылық үшін маңызды және сирек кездесетін құстардың түрлері бар. Осы материалдар негізінде түрлердің жағдайына өатысты болжамдар жасалып, оларды сақтап қалу бойынша шаралар жүзеге асырылады, - дейді ол.
Қарақия-Қаракөл мемлекеттік экологиялық қорықшаның бөлігі болып есептелетін Қаракөлдегі құстар санағының нәтижесінде, балалар 6 сұңқылдақ аққуды, 4000-ға жуық сыбырлақ аққуды, 300-ден аса барылдауық (жабайы үйрек), 70 сүңгіуір үйректі, 50-ге жуық өзен қарқылдауығын, 2 анықталмаған ителгі, 3 аққұйрық субүркітін және 200-дей әр түрлі шағалаларды санады.
Сонымен қатар, жас экологтар сараптама үшін ауаның, судың және топырақтың сынамаларын алды. PASCO әмбебап құралының көмегімен оқушылар судың, топырақтық, ауаның температурасын анықтап, ауа ылғалдылығын, барометриялық қысымды су мен топырақ қышқылдығын өлшеді.
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақытгүл Жақсылықованың айтуынша, санақ барысында алынған үлгілер Қаракөлдегі және онда тірлішік ететін жануарлардың проблемаларын зерттеу үшін жүргізілетін ғылыми жобаларға пайдаланылады.
- Айта кетейін, Қаракөл көлі – «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» ЖШС өндіріс орнының табиғатқа тигізіп отырған оң әсерінің көрінісі. Мекеме Ақтау және оның маңындағы елді-мекендерге арнап жылу мен электроэнергия өндіріп, теңіз суын тұщытып отыр. Қаракөлдегі құстардың саны жөніндегі біздің үш жыл бойы жинаған деректеріміз орнитолог-зерттеушілерге суда және оның маңында өмір сүретін құстар жөніндегі ақпаратты жаһандық тұрғыдан көруге көмек береді деген үміттеміз, - дейді Бақытгүл Жақсылықова.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46979,46983,46980,46978,46981,46982"]