©
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жұмыстары аясында Маңғыстау облысына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев арнайы іссапармен келді.
Ресми сапар Ш.Есенов атындағы мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті жанынан бой көтерген ұстаздар үйінің ашылу салтанатты шарасымен басталды. Университеттің білім сапасын жақсартып, ғылыми негізін қалауға өлшеусіз үлес қосқан ұстаздарға арналған көп қабатты тұрғын үй алаңында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов профессорлар мен оқытушыларды атаулы күнмен құттықтады.
«Құрметті университет ұжымы, сіздерді бүгінгі ерекше күнмен құттықтаймын. Білім беру ісі – қашанда жауапкершілігі жоғары, міндеті ауыр сала. Мемлекет тарапынан жоғары оқу орындарының деңгейін өсіру, ғылыми кеңістігін ұлғайту ісіне үлкен маңыз берілген. Елбасы Жолдауында білім мен ғылымды дамытудың жаңа жолдары мен тың тәсілдеріне бағдар көрсетіліп, нақты міндеттер жүктелді. Бұл ретте, педагогмұғалімдерді жанжақты қолдау қажет екені белгілі. Еңбектеріңіз еленіп, тұрғын үй ғимаратының берілуі – осының бір көрінісі. Елімізде жаңа заманға сай білім стандартын қалыптастырып, дамытуға одан әрі атсалысады деп сенемін. Қоныс тойларыңыз құтты болсын» деп тілек білдірді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы.
Министр Ерлан Сағадиев ұстаздар қауымына алғыс айта келе, Елбасы Жолдауына тоқталды.
«Қадірлі ұстаздар, құрметті қонақтар! Көптен күткен қуаныш тарыңыз құтты болғай! Елбасымыз өз Жолдауында еліміздегі білім саласын дамытуға, педагогтар мен мұғалімдердің әлеуетін арттырып, мәртебесін өсіруге қолдау жасап келеді. Жуырда ғана жарияланған Жолдауда білім мен ғылым саласына ерекше назар аударылған. Сіздерді Президентіміз бастаған даму жолында қажымай, талмай еңбек ете беруге, елімізді бірігіп көркейтуге шақырамыз. Жаңа үйлеріңіздің іші шаттыққа толсын, құтты болсын!», – деді Е.Сағадиев. Білім шаңырағының қазанын толтырып, ұстаздардың абырой-беделін көтерген шарада университет ректоры Берік Ахметов, бұрынғы ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров, ардагер ұстаз Сатжан Айсаевта жүрекжарды тілектерін арнап, пәтер кілтіне ие болған педагог-оқытушыларды құттықтады.
Игі шарада университеттің білім беру ісінің үздік ұстаздары мен ғылыми бағытын дамытуда озық ойлы оқытушы-профессорлары облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен министр Ерлан Сағадиевтің қолынан пәтер кілтіне ие болды. Айтулы күнді асыға күткен ұстаздар мемлекеттің тікелей қамқорлығына ие оқу орнының абырой-беделін арттыруға бұдан әрі атсалысатындарын жеткізді.
«Бүгін біз үшін ерекше күн. Баспаналы болдық. Осы университеттің әскери кафедрасында 2016 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бұл күнді екі жыл күттік. Біздің қуанышымызға арнайы қатысып отырған облыс әкіміне, министрге алғысымызды білдіргім келеді» деді әскери кафедра меңгерушісінің міндетін атқарушы 2-ранг капитаны Бауыржан Бяшимбаев.
Салтанатты шарадан соң Білім және ғылым министрлі Ерлан Сағадиев Маңғыстау облысы Жоғары оқу орындарының Ғалымдар кеңесімен кездесу өткізді. Жиын барысында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаудағы Мемлекет басшысының білім саласына қатысты міндеттемелерін жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Жолдауда педагогтар алдында білім беру мен ғылымды дамыту бойынша нақты міндеттер қойылғанын айтты. «Қазіргі күнде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясын да өңірдегі 134 орта білім беру мекемесінің 98%-ы кең жолақты интернет желісімен, комьютерлік сыныптармен қамтамасыз етілді. Жолдаумен қатар Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясымен алғаш рет облыстағы барлық білім беру ұйымдарында «Жасыл мектебім – жасыл мекенім» атты жобасын іске қостық. Жоба аясында кезең кезеңімен барлық мектептерде жылыжайлар салынып, мектеп аулалары көгалдандырылатын болады. Аймақтың климаттық ерекшелігіне байланысты қолға алынып отырған бұл жоба меценаттар тарапынан қолдау тапты», – деді Ералы Лұқпанұлы.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі 600 мұғалім ағылшын тілі бойынша білім жетілдірген, қазіргі уақытта ауылдық аймақтағы 300 мұғалім аталмыш курстан өтуде. Сонымен қатар министрлік бастамасымен енгізілген «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» факультатив пәні облыстағы 30 мектепте жүйелі оқытылып келеді.
«Өңірдегі білім саласын заманға сай, бәсекеге қабілетті дамытуда айтарлықтай өзгерістер бар. Бүгінде оқушыларды кәсіпкерлікке баулу мақсатындағы арнаулы пәндер оқытылады. Жалпы бизнеске қолайлы жағдай жасау рейтингі бойынша Маңғыстау облысы 9 ай ішінде 12 орыннан 2 орынға көтерілді. Сондай-ақ Елбасы Жолдауында қамтылған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын басты бағдарға алып, жаңа сандық технологияларды білім жүйесіне енгізіп, биыл барлық мектепті интертет желісімен қамтамасыз етеміз. Педагог мамандардың қарым-қабілеті мен әлеуетін көтеруге де күш саламыз», – деді Ералы Лұқпанұлы.
Министр Ерлан Кенжеғалиұлы Маңғыстау облысында орындалған істерге оң баға беріп, Мемлекет басшысының Жолдауындағы ел дамуының негізгі бағытын айқындаған міндеттерді абыроймен ат қаруға үндеді.
Жайық НАҒЫМАШ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ