©
Жаңа жыл қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бала туған ата-аналарға мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен көрсету жобасын жүзеге асыра бастады. Енді ақпараттық жүйелердің бірігуінің арқасында жаңа туған нәрестені тіркеу, туу туралы куәлікті алу бойынша өтініш автоматты түрде келетін болады.
Проактивті принцип бойынша туу туралы куәлікті алған алғашқы жаңаөзендіктердің бірі жас нәресте Расул Асылбекұлы Нарембай болды. Пилоттық жоба іске қосылғаннан бері 1208 әйелге SMS хабарлама арқылы құттықтау келіп, сәбиді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтерді проактивті принциппен алу ұсынысы жасалды. Бұл орайда Электрондық үкімет порталы барлық мәліметтерді түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен жинап, ал өзге деректерді SMS хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды.
Сондай-ақ телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады. Ал халыққа қызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана келу керек немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға болады екен.
Алғашқы проактивті куәлікті табыстауға Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Ербол Айтенов, орталықтың инспекторы Абзал Жарылғасов, АХАЖ бөлімінің инспекторы Гүлсім Аманғалиева, қалалық әкімдік қызметкері Айнаш Зайырова қатысып, қаңтардың 12-сі күні өмірге келген Расулдың анасы Райгүл Айтуоваға ақ тілектерін жеткізді. Осынау жаңашылдықты өз игілігіне пайдаланып, сәбиінің куәлігін перзентханадан ұзамай алған Райгүл ана мен балаға жасалып жатқан жағдай үшін ризашылығын білдірді.
- Жас босанған ананың буын-буыны әлсіз, физиологиялық жағдайы да онша жақсы бола бермейді. Ал жылы жерден шықпай отырып, сәбиіңнің құжаттарын алып, оны балабақшаға тіркеу ата-ана үшін үлкен қуаныш, - деп ағынан жарылды.
Әр сәбидің өмірге келуі шынайы қуаныш. Оның болашағының жарқын, кедергісіз болуы да ең алдымен тіленетін тілегіміз. Ал дүние есігін ашқан сәттен қолдау көріп жатқан еліміздің бүлдіршіндердің болашағы да жарқын болмақ.
Тұрғындардың құжаттық қамтамасыз етілуі саласындағы атаулы оңтайландыру жұмыстарының жүзеге асу легі мұнымен шектеліп қалмақ емес. Көп ұзамай әлеуметтік қамсыздандыру және зейнетақы саласына қатысты қызметтер де проактивті принциппен ұсынылатын болады. Еске сала кетсек, мемлекеттік қызметтерге проактивті тәсілмен қол жеткізу үшін азаматтар жеке сәйкестендіру нөмірін порталдағы жеке кабинетінде көрсетілген телефон нөміріне бекітуі тиіс.
Жаңаөзен-Ақпарат