Қай заманда да әр отбасының тірегі, арқа сүйер асқар тауы әрі қамқоршысы — отағасы, балалардың әкесі болып келе жатқанын айтудың өзі артық. Алайда рухани құндылықтардың құны өзгеріп, адамзат санасы сан-саққа бөлінген бүгінгі күні ардақты әкелер өз орнында ма? Олардың бала тәрбиесіне қосар үлесі қаншалықты?
Осы тақілеттес сауалдарға жауап іздеп, жағымды отбасыларды дәріптеу, әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру және отбасы институтын насихаттау мақсатында «Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы мектебі» қоғамдық бірлестігі жақында «Әкем — асқар тауым» атты облыстық деңгейде әкелер форумын өткізді.
- Өмірде ата-ананың ең қымбат нәрсесі – өздерінің балалары, - деді форумды ашқан қоғамдық бірлестік төрайымы Роза Махамбетова. - Баласы жақсы жағынан көрінсе, мақтаныш, жаман жағынан көрінсе, аяп, қимайды. Оның себебі, «бала — ата-ананың бауыр еті» демекші, оны дүниеге алып келген соң ата-ананың парызы — өз ұрпағын өсіріп, тәрбиелеу, лайықты білім беріп, қоғамға қосу. Баланың әлеуметтену процесінен өту жолы біраз уақытқа созылады және соның ең күрделі кезеңі отбасында өтеді. Бірде ойшыл Конфуций «Он ұрпақтан кейінгілердің не көретінін болжай аласыз ба?» деген сұраққа: «Ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға не қалып жатқанын дәл білсек, оныншы емес, жүзінші ұрпаққа да не қалатынын болжап білу қиын емес», – деп жауап берген екен. Осы айтылған ойларды қазіргі отбасына келтірсек, заманға сай, қоғамның өзгеруіне байланысты отбасылардың алдында көптеген қиыншылықтар тұр. Ең бастысы, әрине, қоғамның нарық экономикасына көшуі. Бұл қоғамдық формация отбасының дамуына, ұрпағына лайықты білім мен тәрбие беруіне өз әсерін тигізуде. Тіпті, отбасының негізгі, репродуктивті функциясына кедергі жасауда. Әр бала өз отбасында қабылданған өмірлік құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, қарым-қатынастарды бойына сіңіреді. Отбасы ол үшін тәрбиелейтін де, қолдайтын да, қастерлейтін де ұжым. Бұл жерде ол жаман мен жақсының не екенін тани бастайды. Балада ауытқыған мінез-құлық пайда болудың бірден-бір себебі кішкентай кезінен бастап әлеуметтену үдерісіне лайықты жағдай жасалмағанынан болуы мүмкін немесе әлеуметтену процесінің тоқтап қалуы да себеп болады. Қазақстанда кейінгі жылдары ажырасу саны күрт көбейіп кетті. 2011 жылы олардың саны 44 900 болды немесе 2010 жылға қарағанда 7,9 пайызға өсіп отыр. Ал 2013 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 34 мың адам үйленсе, 11600 ажырасу тіркелген. Ол былтырғы осы мерзімге қарағанда 6,4 пайызға көбейіп отыр. Ажырасқан уақытта бала әдетте шешесімен қалады. Толық емес отбасылардың санын көбейтетін фактор – баланы күйеусіз дүниеге әкелу. Ал мұндай отбасының саны жылдан жылға өсіп келеді. Тағы бір фактор, оны атамасқа болмайды, ол ер азаматтардың өлімінің көбеюінен толық емес отбасы санының өсуі. Сөйтіп балаға әкесінің жоқтығы, шешесінің оның тәрбиесіне көңіл бөлуіне уақытының аздығы, тағы басқа жағдайлар баланың көңіліне кібіртік салып, түрлі жағымсыз жағдайларға итермелеуі мүмкін. Үшіншісі, асоциалды қарым-қатынаста отбасы мүшелері ішкіш, нашақор, криминалдық психологиясы бар, зорлық-зомбылыққа жақын, балаға қатыгездікпен қарайтын болады. Осы аталған тәрбиелік стильдер балаға өмір бойы әсерін қалдырады. Бала өз білгенімен жүруге дағдыланады, кей уақытта өзінің жаман екендігін, ешкім оны жақсы көрмейтініне, керек еместігіне сене бастайды. Баланың психикасы да, тәртібі де өзгеріп, ол төбелесуге, агрессияға, қатыгездікке барады. Балалардың ауытқыған мінез-құлығының пайда болуына отбасындағы кемшіліктермен қатар араласып жүрген ортасы, БАҚ-тағы агрессия, өлтіру, зорлық-зомбылық көрсетілімдер, қанды кинофильмдер, криминогенді сюжеттер себеп болады. Мұндай жан түршіктірер жағдайларды көріп, кейбір жасөспірімдер соларды қайталағысы келеді. Ақырында не біреуге қиянат жасайды, не өзі жамандыққа душар болады. Осындай мәселелерге байланысты Маңғыстау облыстық әкімдігі қоғамдық келісімнің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында түрлі шаралар, кездесулер мен акциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер откізілді. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласы бойынша отбасы құндылықтарын насихаттау және жетімдерді болдырмау мәселелері бойынша студуент жастардың арасында семинар өткізілді. Семинарға Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары, облыстың үкіметтік емес ұйымдарының басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкер әйелдер мен саяси партиялар өкілдері қатысты. Балаларға жақсы тәрбие берудің түрлі жолдары бар. Ең бастысы тәрбиенің негізі отбасынан, ананың сүтінен, әкенің қамқорынан басталатынын ұмытпағанымыз жөн. Ата-аналардың отбасылық тәрбиеде жауапкершілігін арттыру үшін олардың педагогикалық мәдениетін көтеру қажет. Ұлы Абай «Дүние–үлкен көл, заман–соққан жел. Алдыңғы толқын–ағалар, артқы толқын–інілер, баяғыдай көрінер»,–деп, дүниенің бір қалыпты тұрмайтынын, бір ғасыр бір ғасырды ауыстыратынын, ұрпақ ұрпаққа жалғасатынын жырлаған. Қазақ халқының көне мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін ұрпақ тәрбиесіне пайдалану қазіргі ата-аналардың міндеті. Халықтық педагогика – біздің ұлттық болашағымызды, халықтық қасиетімізді баршаға танытатын асыл мұрамыз, ұлттық құндылығымыз. Біз ата-бабаларымыздың ұлттық тәжірибесін пайдалана отырып, жас жеткіншектерге отанын, елін құрметтеуге, адал еңбекке, адамгершілікке, білім алуға, өмірге бейімделуге сияқты ізгі қасиеттерге тәрбиелеуіміз қажет. Ұрпақ тәрбиесі – ұлы мұра. Олай болса, отаншыл, елін, жерін сүйетін ұрпақты намысшыл етіп тәрбиелеу күн тәртібінен түспек емес.
Тағы оқыңыздар: Бостан ауылдық драма ұжымы есептік қойылымын сахналадыСондай-ақ Роза Қарымсаққызы өңірімізде жыл сайын өтіп жататын дәстүрлі отбасы сайыстарына тоқталды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Әбдіқадыров әкелер сайысына қатысқан азаматтарды құттықтап, игі тілегін жеткізді.
Форумда әкелер арасында алдын ала ұйымдастырылған байқаудың қорытындысы шығарылып, төр аталым бойынша орын алған отағасылар марапатталды. Олар — ең жас көп балалы әке атанған Абыз Махамбетов, ең жас студент әке атанған Райыс Шынжырбеков, ең мейірімді, қамқоршы әке — Нұрберген Тыныштықов және ең өнерлі де үлгілі әке — Ерлан Бегендиков.
Өнерлі отбасылар сахна төріне шығып, өз өнерлерін көрсетті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА