Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесіне орай облысымызда игі бастамалар қолға алынып, жақсы істер жарасымды жалғасын табуда. Өндірісі өрге басқан «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының ұжымы балалар үйінің ауласына жас шыбықтарды отырғызды.
Игілікті шара «НұрОтан» партиясының мүшелері мен Жас мамандар кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылды. Бірлігі жарасқан ұжым ұлағатты істің ортасынан табылып, қолдарына күрек пен шелек алып қызу кірісіп кетті. Күнделікті жұмыстан бір сәт сергіген мұнайшылар аулаға бозарша, катальпа, калетерия ағаштарын екті.
– Мұндай шарапаты мол шараны жыл сайын ұйымдастырып келеміз. Өткен жылы «Ақбота» саябағында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 көшет отырғызған едік. Биыл балаларға қуаныш сыйлап, балалар үйінің айналасын жасыл желекке бөлеуді ұйғардық. Көшеттеріміз қалаға көрік беріп, балаларға сая болады. Біздің компания мұндай қайырымдылық шараларын алдағы уақытта да жалғастырады, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Майра Ғұмарова.
Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері Сару Ермұханова аталған компания балалар үйін назардан тыс қалдырмайтынын айтып, мұнайшыларға алғыс білдірді. Бұл күні қайырымдылық шарасын ұйымдастырған мұнайшылар балалар үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, тәрбиеленуші нәрестелерді жүрек жылуына бөледі.
Осы жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Жас мамандар кеңесінің бастамасымен «Мұнайлы өлке» қайырымдылық қоры құрылған болатын. Жастардың игілікті талабын қолдаған мұнайшылар қорды ай сайын ерікті түрде жарнамен толықтырып келеді. Қыркүйек айынан бері қор Ақшұқыр мектеп-гимназиясындағы аз қамтылған отбасылардың балаларын қыстық киіммен қамтып, сәбиі дертке шалдыққан мұнайшы әріптесіне қаржылай көмек көрсетті.
Тұңғыш Президент күні қайырымдылық шарасы жалғасын тапты. Жас мамандар Ақтау қаласындағы №6 мектеп директорының өтініші бойынша күн суытқалы қиналып отырған мүжәлсіз отбасылардың балаларын жылы киім-кешекпен қамтыды. Сондай-ақ Сайын ауылындағы мұқтаж отбасының балалары қыс айын жылы күрте, аяқ киімдермен қарсы алды. Жалпы, мерекеге орай мұнайшылардың «Мұнайлы өлке» қайырымдылық қоры аз қамтылған 9 отбасының балаларына қыстық киімдерді сыйға тартты.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ербол АЙТБАЕВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="43923,43922"]