©
Отбасы екі жүректің қасиетті одағы, селкеусіз сенім, сүйіспеншілік пен өзара сыйластық негізіне құралған берік одақ. Әр алуан ұлт пен ұлыста, кез келген қоғамдық құрылымда отбасы ұғымы әркез зор мән-мағынаға ие болған. Ізгі қасиет, игі ниет - отбасы құндылығының нәрі де, мәйегі.
Адамзат өн бойы мен ақыл-санасына тән асыл қасиет, пайым-парасат отбасы, ошақ қасында бүр жарады. Отбасы жылуына бөленген жан алуан реңке малынған өмір сүрлеуінде өзін-өзі тани біледі. Сүрінсе де, қайта түрегеп, алға адымдайды. Отбасы институты бала бойына ізгі адамгершілік қасиеттерді сіңіреді. Өзге жан алдындағы жауапкершілік, қамқорлық пен бауырмалдық, қолдау мен қанағат, мейірім мен махаббат сынды сезімдерді қалыптастырады. Қарапайым қазақы тәрбие, қазақы отбасындағы қарым-қатынас астары зор, құнды өмір пәлсапасына тұнып тұр. Кез келген салт-дәсүр, әдеп-ғұрып, жөн-жоралғы, ырым-тыйымдар бүткіл ұлт тарихының тереңіне бойлайды. Бағзы заман баяны - көне дәуір қатпарында қалған аңыз-әпсаналармен тоғысып, бірге тұтасып, өнеге-тағылым тұнған мұндай дүниелер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Заман алмасып, адамның өмір сүру дағдысы, тұрмыс-тірлігі, рухани болмысы мен моральдық құндылықтары өзге ауқымға ойысуы «отбасы» ұғымын түбегейлі өзгерете қоймағанымен, қадір-қасиетін өзіндік деңгейінде ұғына алмауына сеп болған секілді. Себебі, бүгінгі таңда «неке мен отбасы» рухани мән-мағынасынан алшақ тұрмыстық сипат алып, астар-ауқымы бос тіркеске айналып барады. Үйленуге асық, біріне-бірі ғашық жастар отбасы құрып, өмір жолын бірге жүріп өтуге серттеседі. Жастық максимализм мен боямасыз романтизм кемерінен тасып тұрған жігері жалын албырт шақта шұғыл шешімдер қабылданып жатады. Шынайы жанашырлық, зор қамқорлықты мақсат тұтқан ересектердің ақыл-кеңесін де құлаққа ілмей, жеке-дара маңызды қадамға баратын кездері де жиі кездеседі. Содан болар шалыс басып, шалт кеткен жастар отбасылық өмірде туындайтын кедергілерді еңсеруден тайқақтап, жауапкершілік жүгінен жүрексініп, өз жөніне кете барады. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десек те, жас буын өкілдері қиял мен шынайы өмірдің ара жігін ажырата алмай, істің байыбына бармай байбалам салып, шорт кесіп, оқыс шешім қабылдауға әзір. Жастардың психологиясы, жан-дүниесі мүлдем өзге. Өзіндік «мені» басым, әркез бой көрсетеді. «Біз» үшін күрес, талпыныс пен ынта енжарлық пен кінәмшіл сезімнің құрбаны боп кете барады.
Әрине, жаһандану үрдісі белең алған бүгінгі әлемде жастардың кез келген дүниеге өзіндік көзқарасы, ой-пікірі қалыптасқан. Еркін ойлау, ой-пікірін ашық білдіру, бәсекелі ортада өмір сүруге, білімін жетілдіруге, сын-қатерді еркін еңсеруге дағдылану сынды қасиеттерді бойға сіңіруге ұмтылыс - жас буынға тән қасиет.
Ғаламтор желісі төрткүл дүниені алақан аясына сыйдырып, ақпарат алмасуға, өзге ел мәдениеті мен тұрмыс-тірлігін еркін зерделеп, мағлұматпен қанығуға шексіз мүмкіндіктер ұсынуда. Бүгінде әлем шекарасы шектескен жеке-дара елдер, қоныс-мекені ұштасқан әр алуан ұлт пен ұлыстар құрылымынан бұрын, шексіз ақпарат-мағлұмат ағыны алмасқан, ортақ ғаламтор кеңістігін мекен еткен үлкен бір глобальды ауылға келіңкірейді. Шындығында да, алма-ғайып заманда жаһандану дүлейіне іліккен елдер ұлттық болмыс-сипатынан ажырап, тұрмыс дағдысы түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Елбасы Н.Назарбаев бастамасымен еліміздің тұрақты даму мен рухани жаңғыру даңғылына түсуі жаһандану үдерісін ұлттық болмысымыз мен ерекшелігімізге еш зиян келтірместен бастан өткеруге меңзейді. Елбасы өз сөзінде «біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» дей келе, ұлттық сана-сезім мен болмыс-бітімге селкеу түсірмей, адамзат игілігіне ортақ құндылықтар мен ғылыми жетістіктерді пайдалануға үн қатады. Бұл орайда, ерте дәуірден бастау алып, ықылым заманнан арқауы үзілмеген отбасы құндылықтары ұлттық дәстүрдің мәйегіндей қастерлі екендігін естен шығармаған жөн.
«Өзгенің қаңсығы - таңсық» болып көрінген бүгінгі заманда ұлттық бет-бейнемізді айшықтайтын дара жолымыздан жаңылмау, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, данагөй баба мұрасын келер ұрпаққа аманаттау - жастарға артылған басты міндет. Өнеге-тағылымы мол тәрбие тұнығынан сусындап, бақуатты, береке-бірлігі жарасым тапқан отбасын құру, және сол ортада толыққанды тұлға тәрбиелеу ата-ана иығына артылған ең басты жүк деп білеміз. Қазақ отбасында ер кісіге жүктелген жауапкершіліктің жөні бөлек. Жұбайы мен балаларына шексіз мейірім, ыстық ықылас танытып, әкелік махаббат пен қамқорлыққа бөлеу – отағасының басты парызы. Ал аналарымыздың отбасы мен ұлттық тәрбиедегі рөлі айрықша. Бұл туралы сан түрлі ғылыми еңбектер, ауқымды жарияланымдар, татымды дүниелер, әдеби туындылар жазылып та, айтылып келеді. Қазақ қоғамындағы отбасы институты биік мәртебеге ие. Оның жанама күш ықпалымен ұмыт болған тұстарын қайта жаңғырту, мән-маңызын, мерей-мәртебесін арттыру арқылы бүкіл ұлттық жадымыздың жетілуі мен сананың қайта серпілуіне сеп болары анық.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ