©
Ақтау қалалық сотында Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД ГМ-172/6 мекемесінің басшысы Т.-ға қатысты сот үкімі жарияланды, - деп хабарлайды Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сотта анықталғандай, сотталушы Т. мекеме бастығы қызметін атқарып жүріп, пайдақорлық ниетпен, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген лауазымды адам бола тұра сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған. Яғни, жазасын өтеушілердің бірінен туыстары арқылы жаңа ноутбук алған.
Сот үкімімен Т. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3 бөлігінің 1 тармағымен кінәлі деп танылып, жеке меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, «әділет майоры» арнаулы атағынан айырумен бірге, мемлекеттiк қызметтегі белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Үкімге он бес тәулік ішінде тараптар апелляциялық шағым немесе өтініш келтіруге құқылы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ГМ-172/6 түзеу мекемесінің 4 қызметкері сыйбалас жемқорлыққа жол берді деген айыппен қамауға алынған болатын. Олардың қатарында ГМ-172/6 колониясының бастығы, оның екі орынбасары мен жедел бөлімінің бастығы бар. Осы айдың басында осы мекеменің бастығының орынбасары мен жедел бөлімнің басшысына қатысты сот үкімі шыққан болатын.
Ал, ГМ-172/6 мекемесінің бастығының екінші орынбасары Қ.Ж-ға қатысты сот үкімі жарияланып, ол ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, жеке меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, мемлекеттiк қызметтегі белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, «әділет майоры» арнаулы атағынан айырумен бірге, оған параның (30 000 теңге) елу еселенген сомасы мөлшерінде – 1 500 000 теңге айыппұл салынған. Оған қолданылған «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы бұзылып, сот отырысы залында дереу босатылған болатын.Ақтау қаласынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан бұл мемлекеттік мекеме — қатаң тәртіптегі түзеу колониясы.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН