Тағдыр тәлкегіне түскен жандар аз ба? Біз облыстағы қылмыскерлер өмір сүретін кішкене ғана мекемеге бас сұқтық. Мұнда қылмыстық жазасын өтеп, бостандыққа шыққалы тұрған азаматтарды кәдімгі өмірге бейімдеу үшін түрлі мүмкіндіктер қарастырылған екен. Тағдыр тәлкегіне түссе де, әлі де түзелуге, жаңа өмір бастауға уақыты бар. Тек түрме деп аталатын суық жерге қайта оралмаса болғаны...
Осы мақсатта құзырлы органдар мен босап шыққалы тұрған азаматтар ашық алаңда кездесті. Жиын «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы негізінде «Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққаннан кейінгі алғашқы күндер» атты тақырыпта өтті. Ол үшін арнайы Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ГМ-172/6 мекемесіне Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығы, «Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығы, Ақтау қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығы, Көші-қон қызметі, қоғамдық бақылу комиссиясы, облыстық және аудандық жергілікті полиция өкілдері келді.
Жұма күні Василий Волохов, Нұрлан Жолмуханмедов, Бисен Абдыкалыков түрмеден босап шығатын күні екен. Жиынға арнайы шақырылған осы үш азаматтың ендігі тағдыры сол сын сағаттарда шешілгендей болды.
...1980 жылы Алматыда дүниеге келген Василий қалған өмірін де сол қалада өткізгісі келеді. 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған ол жұмысқа жарамды, бойдақ, өкініштісі 3 рет сотты болыпты. Түзеу мекемесінде болған мерзім бойынша бірінші дәрежелі оң мінезді, мекеменің мерекелік және спорттық іс-шараға белсене қатысқаны үшін 2 рет марапат алған, мекеменің ішкі тәртібін бұзғаны үшін 2 рет жазалау шарасы қолданған. Ол бостандыққа шыққан соң, жұмысқа мұқтаж еместігін айтады. Шыққан күні-ақ кешке Алматыға жол жүретін ол жол жүру билеті мен тамақ алуға берген ақшалай көмек үшін мекеме басшыларына алғысын жаудырды.
... Нұрлан Жолмуханмедов 1988 жылы Маңғыстауда дүниеге келген. Бұрын 3 рет сотты болғанына қарамастан ол түрмеге қайта оралмайтына сенімді. «Босап шыққанымда қайда барарымды білмей сандалдым. Бостандыққа үйренісу біз сияқтылар үшін оңай емес. Бір құжаттың соңынан айлап жүгіреміз. Істі болдың деп, ешкім жұмысқа алған жоқ. Қайта бетіме басқандар көп. Сол үшін мында қайта келе беріппін», - деп еске алады бұрынғы өмірін Нұрлан. Қамауда жатып 3 жыл дәнекерлеуші мамандығын бітіреді. Енді осы қызметпен дұрыс жұмысқа тұрып кетуді ойлайды. Нұрланның отбасы, ата-анасы Жаңаөзен қаласында тұрады. Өкінішке қарай, түзету мекемесінде болған мерзім бойынша дәрежесіз мінез-құлық, 8 рет ішкі күн тәртібін бұзғаны үшін жазалау шарасын алыпты. ...Араларында ең ұзақ мерзім жазасын өтеген, 1980 жылы туған Бисен Абдыкалыков – Түрікменстан Республикасының азаматы. 8 жыл 6 ай қамауда отырған Бисен осы уақытта ата-анасынан айырылғанын айтады. «Маған ата-анамның қайтқаны өте ауыр тиді. Бостандыққа шыққан соң, інімнің үйінде тұрып жаттым. Қайда барсам, қайғылы оқиға есіме түсе берді. Жаңа өмірге бейімделіп кетейін десем, берген құжаттарым бойынша Түркіменстан консулдығынан мардымды жауап болмады. Сөйтіп, «отметкаға» барарда 2 рет сыра ішіп бардым. Тағы да қамауға алды», - дейді ол. Ұзақ жыл жазасын өтесе де, ішкі тәртіпті бұзбаған Бисен бауырларының бәрі Маңғыстауда тұратынын айтады. Оның ендігі арманы, Қазақстан азаматтығын алып, Мұнайлы ауданы, Атамекен селосында інісі тұрып жатқан үйге барып жаңа өмір бастау. «Туысқандарымен қарым-қатынасым жақсы. Әйелім болды, бала сүйген жоқпыз. Мынадай жағдайға түскесін кетіп қалды», - деп өкінеді ол.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары әділет подполковнигі Асылбек Анарбаев бүгінгі күні аталған 3 азаматтың мұң-мұқтажын естуге жиналғанын айтты.
- Сіздерге айтарым, енді мұндай атын атауға ауыз бармайтын суық жерге қайта оралмасаңыз екен. Біз, осында отырған барлық мамандармен бірге, қолдан келетін көмекті аямаймыз. Бірақ көп нәрсе өзіңізге байланысты. Ешкім қылмыс жасауға итермелемейді, ауызға келіп арақты құймайды, ұрла, тона деп бұйрық бермейді. Тәубеге келіңіздер! – деді ол.
Жұмысқа мұқтаж азаматтарды қызметке орналастыру бойынша пробация қызметі өкілдері жауап берді. Жұма күні бостандыққа шыққан азаматтардың жаңа жұмысы, күтіп отырған үй-жайы бар. Сондай-ақ, оларға денсаулығын түзету керек болса, медициналық мекемелердің есігі әрдайым ашық. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер, пробация қызметіне барып тіркелу, есептен шығу, құжаттандыру тәртібі сияқты мәселелер де түсіндірілді.
Ақтау қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығының бас маманы Майя Маликова: «Барған үйіңізде сыйыспай қалып, біздің орталыққа келуге асықпаңыздар! Бауырмен, ағайынмен тұрғанға не жетсін. Біздің мекеменің де ішкі тәртібі бар. Басты айтарым, тура жолдан таймаңдар», - деп өз кеңесін айтты.
Темір тордан кейін де өмір бар. Тағдыр бір айналдырғанды шыр айналдырады екен. «Қайта қамауға алынғым келмейді. Бірақ осы жерге қалай келгенімді білмей қаламын» дейді темір тордың ар жағында телмірген бейбақ. «Ат баспаймын деген жерін 3 рет басады» деген мақал осындайда айтылса керек.
Үкімет қанша жазалы болса да, күнделікті өмірге бейімдеу үшін түрлі жеңілдік жасап келеді. Осының бәрін орынды қолданса, олардың өміріне өзгеріс енетініне шүба жоқ.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42409,42408,42404,42407"]