Бұдан былай аймақта туризмді дамыту бағытында теңіз жағалауында қонақ үйлерді салу қолға алынып, оларды заман талаптарына сай жасақтауға басты назар аударылады. Әр қонақ үйдің алдында үлкен бассейндер де салынатын болады. Бұл жайында облыстық әкімдікте өткен жиында облыстық туризм басқармасының жаңа басшысы Өркен Бисақаев мәлімдеді.
Бүгінгі таңда өңірде 76 қонақ үй тіркелген, алайда олардың басым көпшілігінде бос орын көп. 2016 жылдың көрсеткіші бойынша қонақ үйлерге туристердің тұрақтауы 20,7%-ды құраған.
- Облыста туризмді дамыту үшін теңіз жағалауларында жүзу бассейні бар, үш қабатты, заманауи бірнеше қонақ үй кешендерін салу үшін құрылыс мүмкіндігі қарастырылуда. Мұндай жобаның құны 500-600 миллион теңгеден аспайды. Ең бастысы - осындай жобаға жергілікті инвесторлар тартылуы мүмкін. Қонақ үйлердің эскиздік жоспары әзірленді. Ақтау қалалық әкімдігі «Tree Of Life» демалыс базасы аймағынан он қонақ үйдің құрылысын салу үшін жер қарастыруда. Үш қабатты әр қонақ үй кешені 50 номерге арналған және ғимараттардың алдында міндетті түрде бассейн болады. Бір нысанды салу мерзімі он айдан аспайды, - дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Өркен Бисақаев.
Тағы оқыңыздар: Табиғи биологиялық жасқа жетпеудің себебі не?
Сондай-ақ, жиында маршруттық туризмді дамыту мәселелері қозғалды. Өз сөзінде Ө. Бисақаев Маңғыстау облысының аудандары арқылы үш бағытта «2 күн және 1 түн» атауымен маршруттық туризм жобасы жасақталғанын атап өтті. Маңғыстау ауданы бойынша "Қарақия - Отпан тау - Торыш - Шерқала - Ақмыш - Қызылқала - Айрақты - Шуманай - Көгезге" саяхаттау қарастырылған. Түпқараған ауданы бойынша туристер "Саура - Т. Шевченко атындағы музей - Мұрын Жырау атындағы музей - Сұлтан үпі - Шақпақ ата - Қапамсай - Жығылған - Сартас" арқылы саяхат жасайды. Үшінші бағыт Қарақия ауданы бойынша "Қарақия - Шопан ата - Бекет ата - Бозжыра - Қарынжарық - Түйесу" арқылы саяхаттау жоспарланған.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Ералы Тоғжанов жағажай туризмін дамыту үшін құрылыс жұмыстарына инвесторларды тарту керектігін атап өтіп, маршруттық туризм жобасын қайта жасақтауға тапсырма берді.
Венера МИРЛАН