Менің мектебім! Мектебім десем, көз алдыма заңғар биік шыңдар, тау тұлғалар елестейді. Әрине, әр адамның өз мектебін мақтан тұтары сөзсіз. Білім ошағының бәрі киелі екені белгілі. Қасиетті өлкенің осыдан қырық жыл бұрын іргесі қаланған қазақ мектептерінің қара шаңырағы- талай дүлдүлдер түлеп ұшқан № 11 мектептің өткеніне зер сала отырып, бүгінгі рухани жаңғырған тәуелсіз еліміздің қайнар бастауларынан қалыптасуына дейінгі кезеңдерді көрем. Осы мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққаныма қуанам.
Он жыл бойы білім нәрімен сусындаған Ақтау қаласындағы № 11 мектеп Маңғыстаудың қара шаңырағы осыдан 40 жыл бұрын, яғни 1977 жылы қыркүйек айында Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласында алғаш ашылған қазақтілді мектеп болды. 1973 жылы қазіргі Ақтау (бұрынғы Шевченко) қаласы облыс орталығы болғанда сол кездегі солақай саясаттың кесірінен таза қазақ тілінде білім беретін мектеп болмағаны қынжылтады. Кеңес үкіметінің солақай саясатының күші кең етек жайған шақта елімізде тіпті өз ана тілінде емін-еркін сөйлеп, білім алатын ұлттық мектептердің саны саусақпен санарлық болды. Облыс орталығында таза қазақ тілінде білім беретін мектеп болмауы зиялы қауым атынан қайта-қайта көтерілсе де, көтерілген үндерге жауап болмады. 1977 жылы бұлттан шыққан күндей болып, олқылықтың орны толып, тұңғыш қазақ мектебі ашылған еді. «Қазақ мектепте оқу – білімсіздіктің басы» деген астарлы қағиданы жеңу де оңайға соқпады, бірақ ел алдында өзін мойындатқан, білім берудің терең жолдарын көрсеткен білім ошағы үлкен абыройға бөленді. Осы асқақ абырой мен нық сенімнің арқасында 2008 жылы Ақтау қаласы әкімінің шешімімен «№ 11 мамандандырылған физика-математика мектебі» болып өзгерді. Мектеп ұстаздары оқушыларға физика мен математиканы тереңдете оқыту бағытында жаңаша іске кірісіп, мектеп өміріне жаңа технологиялар енді. Қаладағы басқа да қазақ мектептері, аралас мектептер, лицей-гимназиялар, жеке мектептер осы мектептен бастау алғаны да бәріне белгілі.
Білім ошағының алғашқы басты жаңалығы – мектеп алғаш ашылғанда ата-аналар университеті жұмыс істеді. Ата-аналар университетінің ректоры болған Қырмызы Қонысбаева апай халықтық педагогиканы жолға қойды. Үлкен залда ата-аналар мен мұғалімдер бірге отырып, баланың тәлім-тәрбиесі туралы дәрістер оқитын еді. Ұстаздардың алдындағы басты мақсат қазақтың қаракөз балаларына ана тілінде білім беріп қана қоймай, адами құндылықтарды,өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын, оларға өмірден өз жолын дұрыс таба білуге көмектесетін, тағылымы мол ана тілінің қадір-қасиетін түсіндіруге негіз болатын, өз Отанын, өз халқының тарихын сүюге, оны құрметтеуге, рухани құндылықтарды қастерлеуге үйрету және ұлттық дәстүрлерді насихаттау міндеті тұр еді. 1977-1978 оқу жылында қара шаңырақ тұңғыш түлектерін өз ұясынан ұшырды. А.Қалимова, А.Озғанбаева, Ғ.Жұмырбаева, А.Садуова, Р.Шагирова, Т.Тулешова, Т.Әлиева, Т.Омарова, Қ.Мұхитова, Қ.Қонысбаева, М.Бегенова,Н.Жанғалиева, Ж.Қағазова, І.Қаржаубаев, Н.Сарбупина, Н.Халитова, Р.Букина, Ұ.Уразалина, С.Латыпова, Н.Кенжебаева, Ү.Кәрібаева, Ж.Ғұсманова, Б.Қыдырғалиева, Ж.Юсупова, К.Уразалина, О.Мұқанова, Е.Серікбаева, Р.Халилова, Ж.Есмурзина, Қ.Ақбердина, Р.Лесова, М.Шудабаева, Т.Әбділданова, А.Құбашева, Ы.Ізімов, Т.Досқалиев, С.Идирисова, С.Заденова, Ж.Ихсанова, Қ.Сұлтағалиева және тағы басқа да аты аталмаған көптеген ұстаздар мектеп алғаш ашылғанда жемісті еңбек етті.
Тұңғыш ашылған қазақ мектебі 1977-1978 оқу жылын сегіз әдістемелік пән бірлестігі, тоқсан үш мұғаліммен, 51 сыныппен, 1357 оқушымен бастаған. Оқу ісінің меңгерушілері Қаржаубаев Ізтұрған, Букина Раиса Ибрашқызы, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Махамбекова Әбзелхан, партия ұйымы хатшысы Мұхитова Қасиет, орынбасары Мұқанова Орын, кәсіподақ комитетінің төрайымы Әлиева Тәртіпті болды. Осыдан он жыл бұрын мектепте жеті пән бірлестігі, жеті гимназия сыныбы, екі тереңдетілген сынып, 72 мұғалім, 8588 оқушы болса, бүгінде «№ 11 мамандандырылған физика-математикалық мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 7 пән бірлестігі, елу тереңдетілген сынып жұмыс істеп, 96 мұғалім қызмет етіп, 1174 оқушы білім нәрімен сусындауда.
Алғаш ашылған қазақ мектебінің тұңғыш басшысы іскерлігі мен біліктілігі қатар бағаланған ел ағасы, Қошанов Бақтыгерей Жүзбайұлы болды. Ол кісі басшылық еткен тұста мектептің ішкі базасын нығайтуға мол үлес қосумен қатар, өз қарамағындағы ұстаздардың, ең алдымен өз мамандығын жан-тәнімен сүю екендігін басты назарда ұстаған және «Ұжым – бірлік пен ынтымақтың ұясы» болуы тиіс дегенді қайталаудан жалықпаған. Алғашқы мектеп басшысынан кейін 40 жылдық мектеп тарихында бес мектеп директоры білім ордасының көркеюіне үлес қосты. Мектептің соңғы бес жылдан бергі директоры Гүлзада Еңсегенова жеке тұлғаның шығармашылық әлеуетін және қабілетін дамытуға, зерттеу білігі мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған қазіргі инновациялық-педагогикалық технологиялардың жолға қойылуына аса мән беруде.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деп тұжырымдайды. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады. Мектепті бітірген сан мыңдаған түлек республикамыздың түкпір-түкпірінде білім алып, жемісті еңбек етуде.
2003-2004 оқу жылында 12 жылдық білім жүйесіне өту эксперименті өткізілді. 2015-2016 оқу жылында мектеп пилоттық жобамен апробация жұмысын бастады. Астана қаласында өткізілген жаңартылған оқу мазмұны аясындағы арнайы курстардан мектептің 27 мұғалімі мен мектеп әкімшіліктері оқып, сертификатталды. «Жаңартылған білім мазмұнын пилоттық енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2014 жылғы 6 қарашадағы № 455 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі № 159 бұйрығына сәйкес 2015 жылғы 1 қыркүйектен бастап республиканың 30 пилоттық мектептерінде (1-сыныптарында) жаңартылған оқу бағдарламалары мен жоспарлары даярланған болатын. «№ 11 мамандандырылған физика-математикалық мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бойынша 2012-2017 жылдары деңгейлік бағдарламалар бойынша, атап айтқанда бірінші, екінші және үшінші деңгей мен мектеп басшылары деңгейінен мектеп мұғалімдерінің елу пайыздан астамы және мектеп директоры біліктілік арттыру курстарынан өтті. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдерді біріктіретін «Заңғар» шығармашылық тобы төрт жылдан бері мектеп басқару құрылымының толыққанды мүшесі ретінде жаңа мазмұнды қызмет атқарып келеді. Қала, облыс, республикалық бойынша өтілетін семинарлар, конференциялар басқа да шаралардың ұйытқысы болып отыр. Сонымен қатар «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымымен, «Өрлеу» БАҰО» АҚ, Педагогикалық шеберлік орталығымен үндестікпен жұмыс жасауда. НЗМ және «№ 11МФМ» мұғалімдері жаңартылған білім мазмұны бойынша өз тәжірибелерін тәжірибе жүзінде алмасады. Көшбасшы және екінші деңгейлі мұғалімдер мектептің ішкі қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, мектеп әкімшілігі мен бірге мектептің басқару жұмыстарына атсалысады. Сабақтарға қатысып, талдау-зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ұсыныстарын беріп, қорытындылап отырады. Сонымен қатар, деңгейлік курсын бітірген мұғалімдер тәлімалушыларымен бірігіп ата-ана жиналыстарын, педагогикалық кеңесті жаңа мазмұнда, жаңаша түрде өткізуді қолға алған.
Ж.Дүйсенбаева, Ә.Қабылов, Ж.Мұқанова, С.Ақмұратқызы, А.Өтесбаева сияқты білікті мамандар еңбек еткен білім ордасы бүгінде өз жүрісінен жаңылған жоқ. Осынау жарты ғасырға жуық ғұмырында білім ошағы қаншама жас ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып келеді. Бүгінде мектеп оқушылары қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиада, ғылыми жоба, спорттық жарыстар мен өнер сайыстарында жүлделі орындарды иеленіп жүр. Соңғы оқу жылында республикалық олимпиададан озат оқушылар Әсел Ихсанова, Заман Құрмет жүлделі оралып, мектеп мерейін асқақтатты. Өз білімін дәлелдеген Әсел Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен облыс бойынша жоғары ұпай саналған 135 балды жинап, «Алтын белгісін» абыроймен қорғап шықты. Мектептер, оқушылар мен ұстаздар арасындағы қалалық, облыстық сайыстарда бұл мектептің топ жарған кездері өте көп еді. Бұл – ұстаздардың адал еңбегі. Республикалық «Үздік педагог» сайысының жүлдегері, математик Маржан Асылбаеваның «Жыл адамы» атануы да – мектеп мерейі.
2008-2009 оқу жылында мектепке мемлекет және қоғам қайраткері, 1973 жылы құрылған облысқа басшы болып келген азамат, 1973-1980 жылдары Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып табысты еңбек еткен Тұтқабай Әшімбаевтың есімі беріліп, мектеп ауласына қайраткердің бюсті қойылғанына қатты қуанғанбыз.
Ұстаздардың ерен еңбектерінің нәтижесінде 2016-2017 оқу жылында мектеп түлектерінің жетпіс пайызы мемлекеттік грант иегерлері атанды. Ұстаздары ұлағатты, шәкірттері талантты мектептің үздік болуы – табиғи, ал, үздік мектепті үлгілі басшының басқаруы – заңдылық. Сондықтан да, қазақтың қара көздеріне тәлім-тәрбие беріп, қара домалақтардың білімді азамат болуын қамтамасыз етіп отырған алтын ұяның алатын орны ерекше болмақ.
Тағы оқыңыздар: Қазақ тілінің жаңа эволюциялық кезеңіМен дәл осы білім ордасы - қара шаңырақтың 1988 жылғы түлегімін. Қолыма қалам ұстатып, алғаш әріп танытқан алғашқы ұстазымыз жайсаң да сабырлы жан, білікті педагог Талжыбек Тулешова апайыма және 4-10 сыныптарда сынып жетекшіміз болған, әрбір оқушының көңіл күйін тамыршыдай тап басып танитын психолог, мықты математик, салиқалы, парасат иесі Қырмызы Қонысбаева апайыма өмір бойы қарыздармын. Осы адамдардың арқасында сыныпта түгелге жуық бала матеамтиканы сүйіп оқыдық. Бұл пәннен талай олимпиадаларға да қатыстық. Мектепте жыл сайын «үздік сынып» атануымыздың өзі осы ұстаздарымның арқасы еді.
Мен де белсенді оқушылардың бірі болдым. Орыс тілі, математика, химия пәндерінен қалалық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделеніп жүрдім. 6-8 сыныпта оқып жүргенде облыстық телеарнадан жүргізілетін «Балдырған» бағдарламасын сыныптасым Гүлмира Алапанова екеуміз жүргіздік. Журналист Сұлушаш Молдажанова апайдан тәжірибе жинадық. Облыстың түкпір-түкпірінен балалар қатысатын бұл хабар бізді біраз шыңдады. Сол кездегі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Жарылғапова апайымыз өте талантты ұйымдастырушы еді. Осы ұстаздарымның еңбекқорлығының нәтижесінде мектеп өмірі қайнап жататын, қандай да жарыс-сайыстарда облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрінетін еді. Мектепте жүргізілетін ән, күй, би, домбыра, т.б үйірмелері көп еді. Оқушылардың да бос уақыты жайдан жай өтпейтін. Салауаттылық өмір салты басты назарда ұсталып, оқушылар біліммен бірге спортты, өнерді серік етті.
Мектепте білімімен, талантымен танылған сыныптастарым Али Тумышев, Жансая Жарылғасова, Еркін Бисембаев, Раушан Теңізбаева, Рашид Ермағанбетов, Мағираш Бекбосынова, Баян Ташенбаева, Райхан Таниева, Нұролла Жанзақов, Гүлмира Алапанова, Айсауле Сардарбекова, Алмагуль Урбисинова, Гульмира Бажикова және т.б. бүгінде бір-бір отбасының отағасы, отанасы атанып, қызметте де абыройға бөленіп жүрген достарым.
Өзіндік дара бітімі, жарты ғасырға жуық ерекше даму тарихы бар беделді білім ордасының 40 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, алтын ұя тұғырының биік болғанын тілеймін! Ұстаздар қауымы биік шыңдардан көрініп, шәкірттері мектептің мерейін асқақтата берсін!
Асқар СЕЙДАЛИЕВ,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік
технологиялар және инжиниринг университетінің
проректоры, техника ғылымдарының кандидаты