©
Ақтау қалалық №1 емханасында Майра Асқанбаеваның мейірбике болып жұмыс жасағанына да екі жылдың жүзі болыпты. Осындағы медициналық колледжді жақсы бағалармен тәмамдаған Майраның қағілез және пысық қыз екенін көрген емхана басшылары сөзді көп бұйдаламай, оны жұмысқа алыпты.
- Теориялық білім бір басқа, ал практикалық жұмыс бір басқа. Осында қызметке тұрған соң, көп нәрсені қайтадан сабақтап, пайымдауға тура келді, - дейді Майра. – Бірақ Алматы медициналық институтының түлегі, тәжірибелі дәрігер және еңбек жолындағы бірінші ұстазым Дариға Сейітова апайым маған көп нәрсені үйретті. Мейірбике Риза Сейдахметова да өз білгендерін айтып, маған әлі күнге дейін кеңес беріп отырады. Міне осындай ақ халатты абзал жандармен жұмыстас болып, бірге жүрудің өзі мен үшін үлкен мектеп.
Шынында да, дәрігер Дариға Сейітоваға көрінуге келген науқастардың ауру тарихы есебі кітапшаларын тауып беріп, кезекті жазбаларды тіркеп, қолы-қолына жұқпай тез қимылдайтын Майраны жанындағы кәсіптес қыздары да құрметтейді екен. Әсіресе Дариға Әшім қызы:
- Жас келсе іске дегендей, осы Майра келгелі бері қолым біршама ұзарып қалды. Біздің учаскеміздегі 2200 адамның күн сайын келмеді дегенде 20-25-і дәрігерге көрінуге кезек күтеді. Одан қала берсе, сыртқа шығып, жүре алмайтын, кәрілікке бой алдырып селкілдеп отырған науқастарымыз да баршылық. Міне соларға Майра мен Риза екеуі барып, жағдайларымен танысып, керек кезінде қоңырау шалып, менің тікелей кеңесіммен оларға медициналық жәрдем көрсетіп отырады. Сосын осы заманның талаптарына сай, дәрігердің күнделікті жүргізетін жазбалары үшін де біраз уақыт сарыптауға тура келеді. Міне осындайда Майра мен Ризаның еңбегі ұшан-теңіз. Науқастарға берілетін дәрі-дәрмектерге тиісті құжаттарды рәсімдеудің өзі де біршама еңбекті талап етеді.
Қазақстан Президентінің «Саламатты Қазақстан», «Нақты 100 қадам» бағдарламаларында және жыл сайынғы Жолдауларында республика азаматтарының денсаулығын сақтау мен нығайту шараларын нақтылап орындау туралы көрсетпелерге біршама орын беріледі. Міне осы жұмыстардың іс жүзінде орындалуына жоғары дәрежедегі кәсіби дәрігер мамандардың және орта буын медицина қызметкерлерінің қосып жатырған үлестері ауыз толтырып айтарлықтай екені даусыз. Бас ауырып, балтыр сыздаған шақта дер кезінде медициналық көмек көрсететін мамандарымыздың баршылық екенін, осындай кісілердің еңбектерінен көріп сүйсінесің.
Іске сәт, кәсібің мен еңбегіңнің жемісін көруге жазсын Майра, дейміз.
Жақсылық Төлегенов