Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында жаңа қойылым тұсауы кесілмек. Сындарлы сыншы-сатирик, ұлы драматург Н.В.Гогольдің уытты әзіл, сын-сықаққа толы «Ревизоры» жаңа қырынан танылып, жанкүйер жүрегіне жол тартпақ. Жас қоюшы режиссер Дина Жұмабаева терең астарлы туындының түп мазмұнын тыңнан түлетіп, оқиға желісін көркем өрбітеді. Жаңа рең бүркеп, көркем тәсіл құралдарын жетік пайдаланды. Шенді-шекпенді алдында «құлдық» ұрып, құрдай жорғалаған жағымпаз жандар, бас пайдасын күйттеген пасық парақорлар образын мір оғындай ащы мысқылмен айқындап, ауыр ақиқат бетін ашады. Әйгілі «ДДТ» рок-тобының музыкасы сахна төрінде сомдалар образ бен оқиғаны айшықтай түседі.
«Гоголдің шығармаларын еліте оқимын. Бұрын Гогол туындыларын төрт мәрте сахналадым. «Ревизор» – өміршең дүние. Мән-мазмұны құнсызданбайды. Парақорлық, пасықтық, екіжүзділік пен дүниеқоңыздық, жағымпаздық пен жасандылық адамзат табиғатына тән қасиет. Қай кезеңде болмасын қоғамдағы өзекті мәселе. Гоголдің сөз саптауы сара, ой толғауы ерек. Туындылары тылсымға, беймәлім мистикаға толы. Осынысымен оқырманын баурайды», - дейді режиссер.
Биік мәртебелі қойылымды сахналау сын тұрғысынан сараланары айқын. Әртістің қарым-қабілеті, табиғи таланты мен шынайы дарыны көрермен талқысына түседі. Сондықтан дайындық та қызу. Әртістер бір ай бойы әзірліктен өтіп, шеберліктерін шыңдай түскен. Өткен ғасыр үлгісіндегі костюмдері де сақадай сай. Ескілік лебі еседі. Не десекте, жаңа қойылым жанкүйер жүрегіне жол таба білері сөзсіз.
Қойылым тұсаукесері облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында 27 мамыр күні сағат 19.00-де өтеді. Қапы қалмаңыздар!