Егемен еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстайтын білімді де саналы жас ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздың еңбегі орасан зор. Шәкірттердің санасына сәуле ұялатып, білім нәрімен сусындататын мұғалімдер- мектептің тірегі мен жүрегі. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері, ұстаздар көшінің шоқтығын биік еткен тұлғаның бірі - Айша Нұрлыбайқызы.
Өз білімі мен біліктілігін ұстаздық жолға арнаған Айша апай Маңғыстау ауданының орталығындағы Б.Жұмалиев атындағы орта мектепте 1992 жылдан бастап мектеп директоры қызметін атқарды. Сол жылдары мектептің педагогикалық ұжымы бірлесе отырып, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру, оқытудың тиімді тұстарын кеңінен қолдану бағытында ілкімді істер жасалды. Әсіресе, оқушы жетістігінің негізі мұғалім іскерлігіне байланысты екендігін берік ұғынған ол кадр таңдауда мамандардың білімі мен біліктілігіне ерекше ден қойды. Ата- аналармен, оқушылармен ынтымақтастық педагогикасын басты нысанада ұстады. «Сабақтың тиімділігі – оқушы мен мұғалімнің бірлігінде» тақырыбындағы пікірталасты пайдалы шараға айналдырды. Басшы мұғалімнің мектепті басқарудағы алдына қойған мақсаты – оқу және тәрбие үдерісіне озық тәжірибелер мен жаңа технологияларды барынша кеңінен енгізу, оқушылардың, мұғалімдердің ғылыми шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай туғызу болды. Ұлағатты ұстаздың бұл мақсаты жемісті болды. Оған дәлел, облыстық «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының ұйымдастырумен өткізілген экономика негіздерінен байқауда мектептің «СерАйхан» командасы І орынды жеңіп алып, нәтижесінде республикалық деңгейден көрінді. «Маңғыстаунама», «Экология және балалар» ғылыми сайыстарында үнемі жеңімпаз болу да алға қойған мақсаттардың жемісі. Егер жақсы директор болсаң, мұғалім өзіне ақылшы дос, сенімді серік санайтыны анық. Оның жәрдеміне жүгінеді, кеңесіне құлақ түреді. Өйткені, директор қатысқан сабақ терең талданады, әдістемелік көмек дер кезінде жасалады. Бұл айналып келгенде, мұғалімге қанат бітіріп, жігеріне жігер қосады, алға ұмтылдырады, қайраттандырып, құлшындырады. Айша Нұрлыбайқызы мұғалімдерді жеткен жетістіктеріне қарай ынталандырып отыратын.
- «Мектептегі мерейлі істердің барлығы - мұғалімдердің арқасы»,- дейді Айша апай. Биология пәнінің мұғалімі Сара Құсайынова Елбасы Н.Назарбаев жариялған «Қазақстан - 2030» стратегиясына байланысты зерттеу жұмысымен облыста 1-орын алса, «Экология және біз» республикалық конференциясында да жүлдегер атанды. Сондай-ақ Ақишан Мангурова, Рая Байназарова, Оңдаш Бекбай, химбиолог Оңайгүл Бөкенбай, Назым Бапанова сынды математикатердің жеткен жетістіктері мектеп мерейін асқақтата түсті.
Айша апай 2006-2007 оқу жылынан бастап аудандағы Алшын Меңдалыұлы атындағы орта мектептің директор қызметіне ауысты. Педагогикалық ұжыммен білім беруде оқытудың педагогикалық технологияларын қолдана отырып, әр оқушының білім сапасын көтеру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізді. 2008-2009 оқу жылында мектеп ҰБТ қорытындысы бойынша төртінші орыннан көрініп, 16 түлек білім грантына ие болды. Айша апайдың тағылымын көрген Қ. Бөбетаева, Б. Ордабаева, Е. Мажитов, Ә. Сәнәуов бүгінде аудандағы білім саласының биікке көтерілуі жолында талмай еңбектеніп жүр.
Білікті басшы болған ұстазымыз, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Айша апай ақылшы ана, асыл әже. Қолы қалт ете қалса мектепке келуден шаршаған емес, білім саласындағы барлық жаңалықтардан да хабардар. Өмірлік тәжірибесі, тәлім-тағылымы көпке үлгі боларлық басшы мұғалімнің ұрпақтар жүрегінде қалдырған ізі мәңгілік деп санаймын.
Гүларша НҰРМАҒАМБЕТОВА,
Шетпе гимназиясы