©
Жуырда «Қазпошта» акционерлік қоғамының Ақтау қаласындағы орталық пошта бөлімшесі жаңғыртудан өтті. Тұрғындарға қызмет көрсетудің жаңа үлгісіне көшкен осы облыстық филиал кеше келушілерге есігін айқара ашты. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов, пошта басшылығы, қызметкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.
– Қазіргі таңда еліміздегі 100- ге жуық пошта бөлімшесіне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Біздің филиал да бүгіннен бастап тұтынушыларымызға ыңғайлы, жеңіл қызмет түрлерін ұсына бастады. Мұнда жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету залын бір қабатта, бөлек орналастырдық. Бұрын заңды тұлғаларға екінші қабатта қызмет көрсетілетін. Сондай-ақ келушілеріміз үшін ресепшн қызметі іске қосылды. Мамандарымыз келушілерге кеңес беріп, бағыт сілтейді. Жеке тұлғаларға арналған озық үлгідегі құрал-жабдықтар да жұмыс істеп тұр. Еліміз бойынша жұмыс уақыты жұмыс күндері 9.00-ден 19.00-ге дейін, сенбі күні 9.00-ден 16.00- ге дейін болып бекітілді. Жексенбі күні – демалыс. Жаңғыртылған орталық бөлімшеде пошталық және қаржылық қызмет түрлері көрсетіледі. Осында 10 қызметкер жұмыс жасайды, – деді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Шыңғыс Тұрлыбеков.
Тағы оқыңыздар: «Caspi Leader camp» бизнес жоба жасауды үйреттіОның айтуынша, біздің облыстан 4 пошта маманы Көкшетау, Астана қалаларынан білім алып, кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп келген. Бұл мамандарымыз қазіргі таңда алған білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісіп, әріптестерін іске машықтандырып жатыр. Келген қонақтар жаңғырту жасалған орталық пошта бөлімшесін аралап көргеннен кейін өткен жылы пайдалануға берілген сәлемдемелер супермаркетінің және постомат қызметінің жұмысымен танысты. Облыс тұрғындарына ақысы төленіп жіберілген сәлемдемелер постоматқа келіп түседі. Ұялы телфоны арқылы сәлемдеменің жеткізілгені туралы хабарлама алған тұрғын нұсқаулыққа сай постоматтағы түймелерді басып, алып кете алады. Сәлемеделер супермаркетіне ақысы төленбеген жүктер жеткізіледі. Мұнда келген тұтынушы жүк көлеміне сәйкес қаржыны төлегеннен кейін сәлемдемесін алып кетуіне болады.
Пошта қызметіндегі жаңалықтарға оң баға берген облыс әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов осы саладағы бірқатар мәселелерден өзін хабардар етуді тапсырып, оны шешу жолдарын аудан, ауыл әкімдіктерімен бірге қарастыратынын жеткізді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="36351,36352,36353,36354,36355,36356,36357,36358,36359,36360,36361,36362,36363,36364,36365,36366"]