Қазақстанда 5 мыңдай адам өмірлік маңызы бар ағзаларды ауыстыруға мұқтаж болып отыр. Олардың барлығы күту парағында тұр – күн сайын, сағат сайын, минут сайын медициналық орталықтан қоңырау күтуде....
Адам баласы қайтыс болғаннан кейін, мәйіттегі сау азғаны мұқтаж адамға ауыстыру арқылы (трансплантация) ажалдан аман алып қалу үрдісі ақырындап кірігіп келеді. Бұл донорлық деп аталады. Кейбіреулер науқас жанға жаңа өмір сыйлауға (әсіресе, шетелде) келісімін беріп жатса, мұндай жағдайға түбегейлі қарсылар да бар.
«Өзгені құтқаратын мәйітті жер қойнына берудің қажеті қанша?»
Осы орайда, халықтың пікірі сан-саққа бөлінеді. Кейбірі «Бүкіл өркениетті елдерде қайтыс болғаннан кейін донор болу әдеттегі тәжірибе болып саналады. Басқаларды құтқарып қалатын мәйітті жер қойнына берудің қажеті қанша? Бұл мәселе оңай болмаса да біз де осыған келуге тиіспіз» десе, келесі бір топ «Қайтыс болған адамның денесіне исламдық тұрғыда пышақ тиюіне рұқсат етілмейді» деген пікірді қолдап жатады.
– Қайтыс болғаннан кейін донор болу мүмкіндігі туралы мәселе пациентте бас миының өлгендігі тіркелген кезде қойылады. Мидың өлгендігін құрамына реаниматолог, невролог және басқа мамандар кіретін дәрігерлер комиссиясы анықтайды. Трансплантологтар бұл процедураға қатыспайды, – деп түсіндіреді трансплантолог дәрігер Мылтықбай Рысмаханов.
– Қайтыс болған бір адам 8 адамның өмірін құтқарып қала алады. Жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе, ұйқы безі және ішектер секілді маңызды ағзалар, сондай-ақ тиісті өңдеуден өткеннен кейін пластик материал ретінде көздің қасаң қабығы, түрлі сүйек фрагменттері жарамды болуы мүмкін. Тіпті, тамыр фрагменттері басқа пациенттерді емдеуге көмектесе алады. Оларды түрлі тамыр құрылымдары үшін пайдалануға болады, – дейді ол.
Туыстардың рұқсатынсыз мәйітке қол тигізуге бола ма?
Еліміздегі батыс, оңтүстік өңірлерге қарағанда, солтүстік аймақтағы тұрғындардың көпшілігі бұған қарсы болмайды екен. Әсіресе, Павлодар облысында қайтыс болған адамның туыстары оның ағзаларын ауыстырып салуға келісім берген жағдайлар жиі болды. Осылайша, бір донордың арқасында 5-6 адам аман қалған. Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін донорлар 5 жыл ішінде 100-ден аса азаматқа өмір сыйлаған. Дәрігерлер қайтыс болғаннан кейін туыстары яки өзі (аманат қағазы) бұған келісімін берсе, күту парағы жартылай азаяды деп есептейді. Статистика бойынша, Қазақстанда 70 пайыздан астам халық қайтыс болғаннан соң, ағзаны алмастырып, науқасқа өмір сыйлауды қолдай бермейді.
Ал « Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Заңының 27-тарау, 169 бабында былай делінеді:
«Егер ағзаны алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адам тірі кезінде не оның жұбайы, жақын туыстары немесе заңды өкілдері ол өлгеннен кейін оның тіндерін және ағзаларын реципиентке транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдегені туралы хабарланған болса, мәйіттен тіндерді және ағзаларды алуға жол берілмейді».
Бұдан бөлек, елімізде жылдан-жылға трансплантация бойынша ота жасау саны көбейіп келеді. 2013 жылы 164 ота жасалған болса, 2016 жылы 306 трансплантация жасалған. Ағза ауыстыру бойынша кезекте тұрған 3500-нан аса қазақстандық бар екен. Олардың көбі, яғни 2700-дей адамға бүйрек ауыстыру қажет болса, 500 науқасқа бауыр, 150-ден аса азаматқа жүрек ағзасын ауыстыру қажет екен. Ал 4 адам өкпе трансплантациясына мұқтаж.
Жұрт не дейді?
Қоғам арасында «шын мәнінде қайтыс болмай тұрып-ақ, белгілі бір «құйтырқы» мақсат үшін жан сақтау бөлімінде жатқан адамды донорлыққа пайдаланып кетпей ме» деген қорқыныш та бар. Яғни, әлі ажалы келмеген науқастың миы өлмей тұрып, денеге пышақ тие ме деген күдік туатыны рас. Өйткені, ажал аузында жатқан уақыт тым қысқа болады. Мұндай кезде дұрыс шешім шығаруға уақыт та, мүмкіндік те бола бермейді. Мұның бәрі заңды түрде қадағалануы тиіс. Бұл ҚМДБ бекіткен «Пәтуалар жинағында» кеңірек көрсетілген: «Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, мидың бүкіл қызметтері істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажырағанда ғана өлген болып есептеледі. Адамның жанының шыққаны немесе шықпағаны үш адамнан құрылған білікті, сенімді медицина мамандарының жазбаша түрде куәлік етуімен болады».
Бұдан бөлек, мұндай заңсыз әрекеттер орын алмас үшін ағза ауыстыру оталары да заңды әрі мемлекеттік медициналық мекемелерде жасалуы керек.
Белгілі ақын Қалбай Әбдіраман бұл құдайға, ата-баба дәстүріне қарсы шыққандық деп есептейді. «Егер (құдай сақтасын) бұл іс басымызға түссе, мен денеге пышақ тиюіне ешқашан келіспеймін», - дейді ол.
Ал журналист Жұлдыз Әбділда «Туысыңыз, я жақын адамыңыз дүниеден өтсе, өзге адамға сау мүшесін беруге рұқсат етер ме едіңіз?» деген сауалымызға былай деп жауап берді:
– Әр адам – өз өмірінің қожайыны. Қанша жақыным болса да, біреудің органына қатысты үкім айта алмайтын шығармын. Әрі кез келген басқа адамға менен басқа да адамдардың құқығы бар екенін ескерейік. Егер өз басыма түссе, келісер едім деп кесіп айтпай-ақ қояйын. Қашан, қандай жағдайда кетеріміз бір Аллаға ғана аян ғой. Бірақ келісетін сияқтымын. Өткен жолы ғана осы мәселе туралы ойланған едім. Интернеттен бір бойжеткеннің жазбасын көріп қалдым. Бір бүйрегі жарамай қалған екен, неше жыл кезекте тұрыпты. Жол апатынан қаза болған бір жігіттің анасы келісім беріп, соның бүйрегін салған екен. Алғысын айтыпты. Маған осы жазба ерекше әсер етті. Операциядан кейін тура бір жыл өткенде тойда жүрген суретін салыпты. Оның алдында сын сағатын күтіп жатқан адам ғой. Сондықтан, ойланып қалдым. Біздің дініміз бұған не дейтінін білмеймін, бірақ егер біздің бір органымыз басқа бір адамға өмір сыйлай алатын болса, онда неге келісім бермеске?! Қашан және қандай жағдайда дүниеден өтеріміз бір Құдайға ғана аян ғой, дегенмен, ойланып жүретін болдым. Ішкі менім қарсы емес екен, – дейді Жұлдыз Әбділда.
Қайтқан адам ағзасын донорлыққа қолдануға шариғатта рұқсат етілген бе?
«Бекет ата» облыстық мешітінің бас имамы Смайыл Сейтбеков Пәтуалар жинағында «Ағзаны ауыстырудың үкімі» деген тақырыптағы №8 пәтуада трансплантация ұғымы кеңірек қаралғанын айтады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ҚР Діни басқармасы жинақтаған «Пәтуалар жинағынан» үзінді келтірейік.
«Ағзаны ауыстыру – адам баласының жанын сақтап қалуға себеп болатын емдеу жолдарының бірі. Бұл амал Құранда айтылғандай, бір адамды тірілтумен тең. Алла Тағала былай дейді: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық етпеген біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең». («Маида» сүресі, 32-аят)
Адамның денсаулығына төніп тұрған зияннан арылу үшін дене мүшесін тіріден тіріге ауыстыруға рұқсат болғанындай, зәру болған жағдайда өлген адамның мүшелерін тірі адамға ауыстыруға да болады. Өйткені, өлген адам Құран мен хадисте айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болғанымен, өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырса да оның құрметі төмендемейді. Өйткені тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады. Себебі тірі пенде тіршілігін жасап, Алланың шариғаты мен дінін насихаттап, жалғыз Жаратушыға құлшылық етеді. Фикһта ананың жанын сақтап қалу – жатырдағы баланы өлімнен құтқарудан жоғары тұрады деп бекітілген. Өйткені ананың жанын сақтап қалуға мүмкіндік бар, ал баланың тірі туылуы – екіталай. Осыған орай, ананың өмірі жатырдағы баладан жоғары тұрса, онда өлі адамның ағзасын тіріге ауыстыруға да болады. Бұл өлген адамға зиян жасаған болып саналмайды.
Исламда өзіңе де, өзгеге де зиян келтіріп, зарар тигізуге болмайды. Бұл мәселеде әділ сенімді дәрігерлер ағза берушіге отадан кейін өміріне ешқандай кері әсері болмайтынын айтса, онда донордың өз ағзасын беруіне кедергі жоқ». («Пәтуалар жинағынан»)
Осы жинақта өлінің ағза мүшелерін тірі адамға көшірудің мынадай шарты көрсетілген: "Ағзаны беруші адам өз еркімен ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт. Алайда ағзаны ауыстыру адамды қорлауға алып бармауы тиіс. Яғни, өсиеті адамның денесі босап қалатындай көптеген ағза мүшелерін қамтымауы тиіс. Себебі бұл Құранда адамды ардақтап келген аятқа қайшы әрекет. Алла Тағала былай дейді: "Расында, Адам баласын ардақтадық" (Исра сүресі, 70 аят)".
Түйін.
Имам шариғаттың трансплантацияға рұқсат беретінін айтады. Тек діни және медициналық тұрғыдан кейбір қағидаларға аса мән беру керек. Дегенмен, маңызды шешім қабылдау кез келген азаматтың жеке қалауы болып қала береді. Ал сіз бұл жағдай туралы ойланып көрдіңіз бе? Науқас жанға қайта өмір сыйлау мүмкіндігі туса, сіз қандай шешім қабылдар едіңіз?
Айгүл ДӘДЕН