«Нұрлы Ақтау» қоғамдық бірлестігі Қарақия ауданындағы Бостан ауылының мәдениет үйінде «Иммундық профилактикаға сенім–бала кезінен!» ұранымен акция ұйымдастырды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары облыстық орталығының әлеуметтік тапсырысы және «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен шараға ауыл балалары қатысты.
Акцияны қызықты баяндамамен ашқан тәжірибелі дәрігер-педиатр Мұқадес Жаманқұлова балаларға иммундық профилактика жөнінде ақпарат жеткізіп, екпе күнтізбесінің жай-жапсарын түсіндірді.
Жаңаөзен қалалық жастар денсаулық орталығының менеджері Ерлан Қалиев балаларға мінез-құлық қауіп-қатер факторларының зияны туралы айтып, оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сондай-ақ «Нұрлы Ақтау» қоғамдық бірлестігінің өкілдері шараға қатысушыларға иммундық профилактиканың, яғни қатерлі жұқпалы аурулардың алдын алудың маңыздылығы туралы ақпараттық парақшалар тарататып, оларға тақырып бойынша бейнероликтер көрсетті.
Мамандардың ашық-жарқын әңгімелерінен жеткілікті мағлұмат алған балалар «Мен екпелерге сенемін» тақырыбында ұйымдастырылған сурет сайысына қатысты. Балалардың өз таным-түсінігіне қарай салған суреттері сараланып, тиісті бағаланды. Қорытынды бойынша I-орын Ерген Бексланға беріліп, Уайс Рауанға 2-орын бұйырса, Болат Арайлым 3-орынға ие болды.
Акцияны ұйымдастырушылар Бостан ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың ішінде иммундық профилактика бағыты бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31059,31060,31061"]