«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік Комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті» РММ-сі үш маманмен толықты. Мұнай-химия, металлургия және тау-кен өнеркәсібін мемлекеттік қадағалау бөлімінің бас маманы қызметіне Батырбек Науханов, атом-энергиясын пайдалану, қазандық және газ шаруашылығы, көтергіш құрылыстары мен нан өнімдері объектілерін мемлекеттік қадағалау бөлімінің бас маманы қызметіне Иман Уәли, әкімшілік-қаржылық жұмыс бөлімінің бас маманы қызметіне Аясын Досанов қабылданып, салтанатты түрде ант берді.
- Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің ант беру қағидасының 10-шы тармағына сәйкес алғаш рет мемлекеттік қызметке қабылданып, ант бердім. Бүгіннен бастап мұнай-химия, металлургия және тау-кен өнеркәсібін мемлекеттік қадағалау бөлімінің бас маманымын. Мемлекеттік қызметке қабылданғаныма өте қуаныштымын. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң аймақтағы жекеменшік мекемеде 25 тонналық жүк тасымалдайтын көліктің жүргізушісі, кейін механик, участкі бастығы қызметтерін абыроймен атқардым,-дейді Батырбек Науханов.
Өңірдегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мекемеде бүгінгі таңда 22 адам жұмыс істейді. Жыл басынан бері департамент қауіпті өндірістік нысандарына 358 тексеру жұмыстарын жүргізіп, 363 өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормалар мен ережелердің бұзылуын анықтаған. Нәтижиесінде 14 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 382 450 теңге айыппұл салынған.
Венера МИРЛАН