Қазақстан-Ақтау телеарнасынан өткен жылдың бірінші қазанынан бастап көрермендер назарына ұсынылып келе жатқан «Сөз бен саз» бағдарламасының 22 сазгердің әндерінен құралған алғашқы концерті ағымдағы жылдың 10-шы наурызында ұйымдастырылып, эфирден берілгені мәлім. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын көрермендердің сұранысы арқасында керемет өткен концерттің екінші бөлімі араға төрт ай салып, 4-ші шілде күні Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыка театрында ұйымдастырылды.
Өнер саласындағы рухани байлығымызды толықтыру, туған жерден түлеп ұшқан сазгерлердің тамаша әндерін болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында өткізілген концерттің беташары Құлсары қаласынан келген Әлібек Темірхановтың орындауындағы белгілі айтыскер ақын Салауат Исақаевтың сөзіне жазылған Әбдіғаппар Темірхановтың «Ата-ана парызы» әнімен ашылды. Келесі кезекте М. Балтабайұлы өзінің «Қос қанатым» әнін әуелетсе, туған жері Атырау өңірі болғанымен Маңғыстаудың мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан сазгер Әбілхайыр Ибатолланың «Каспийдің толқыны» әнін белгілі әнші Нәзира Тұржанова мен сазгердің қызы Гүлсара Ибатолла сахна төрінен қосыла шырқады. «Үлгілі отбасы» сайысы арқылы бүкіл республика көлеміне кеңінен танымал болған күйші, сазгер, дирижер Орын Құлсариевті білмейтін жандар кемде-кем. Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Ғашықтар» әнінің сазын Орынның қызы Гүлнар Құлсариева шығарған. Махаббат тақырыбына жазылған әнді өнерде өзіндік орны бар ағайынды Құлсариевтар орындап берді. Өткен ғасырдың 1980-1990 жылдары хит әндерді жанды дауыспен орындаған «Сәлем» тобының атағы дүркіреп алысқа жайылды. Сол топтың жетекшісі, соңғы кездері тамаша әндерімен көрермен ықыласына бөленіп жүрген талантты сазгер Қарлыбек Жанмағанбетовтың әні «Айналайын» деп аталады. Өнер атты кемеде ұзақ жылдардан бері жүзіп келе жатса да жандары жас топ Қалыбай Аталықовтың сөзіне жазылған әнді тамаша орындады. Сегізінші сыныпта оқып жүргенде-ақ «Сағыныш көктемі» әнін дүниеге әкелген ағайынды Ақпанар мен Гүлсара Түметовалар аталған әнді қосыла шырқады.
Мамандығы мұғалім, қызметі мұнайшы болса да құдай берген талантының арқасында халық ықыласына бөленіп жүрген әнші-сазгер Құлыбек Төлекбаев ақиық ақын Мұқағалидың сөзіне жазылған «Жанарым» әнін Қадірбек Құдияровпен бірге дует болып шырқап, көрермен көзайымына айналды. Маңғыстауда вокалды-аспапты ансамблді алғашқы ұйымдастырушылардың бірі-дарынды әнші, талантты сазгер Данияр Аралбайұлы сахна төріне көтерілгенде қол соқпаған көрермен қалмады. Нұтфолла Шәкеновтың сөзіне жазылған «Қаракөз» әнін үлкен сахнада алғаш рет Маңғыстаулық әншілер Қайырхан Әзтілеуов пен Бекслан Аязбаевтар «Тамашаның» кезекті қойылымында шырқаған болатын.
Бүгінгі күні «Қаракөз» әнін «Керуен» тобымен бірге Даниярдың өзі қосыла орындады. «Самға» тобының әншісі Бүркіт Елбаевтың «Неге» әнін топтың сүйемелдеуімен Жомарт Әміров шырқаса, өнердің сан түрін меңгерген сазгер Жамбыл Көбейсін атты азаматтың «Сен бір гүл» әнін республика көлемінде танытып жүрген әнші Жолдас Иманбаев пен Жамбыл қосыла айтты.
1975 жылы ашылған Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармониясының 2015 жылғы есеп беру мерекелік концертінде әнұран есебінде қабылданған «Өнерлі орда» әнін «Телқоңыр» тобы, Жазира, Фариза Ретбайқыздары және автор Бақытжан Еламанов (сөзін жазған Сұлтанбек Құдайберген) орындады. Сахна төріне 1970 жылдардың соңы мен 1980 жылдардың ортасында тек біздің өлкеміз ғана емес, бүкіл қазақ еліне кеңінен танымал болған әншілер көтерілгенде көрермендердің қуанышында шек болмады. Сазгер әрі продюссер, әнші әрі «Жаһан дала» фестивалынің бас ұйымдастырушысы Марат Жариев өзінің ізін басқан әнші ұлы Ілияспен бірге сонау, 1997 жылы «Азия дауысында» орындаған «Ару қыздар-ай» әнін шырқап өнер сүйер көрермендерді желпінтіп тастады.
«Ел іші-өнер кеніші» дегендей, киелі Маңғыстау топырағында дүниеге келген, бұл күнде сексеннің сеңгіріне шықса да қарттықты мойындамай жүрген Шамшадин Сабытаевтың «Маңғыстау маршы» әнін (сөзін жазған Медет Дүйсенов) Маңғыстау ауданының құрметті азаматы Әбіл Жұмағалиев орындағанда көрермендер тік тұрып қошамет көрсетті.
«Сөз бен саз» бағдарламасы соңғы кездері сазгерлердің жас буын бүлдіршіндерге арналып жазылған әндерін көпшілік назарына ұсынып, тақырыптық әндердің қатарын молайту бағытында жұмыстанып келеді. Соның ішіндегі бірегейі-сөзін Орынгүл Смағұл, сазын Қаракөз Кемерова жазған «Ерке балапан» әнін Аякөз Даниярқызы мен Қ. Кемерова орындап берді. Келесі кезекте «Шерқала» вокалды-аспапты ансамблдің орындауында «Жеті қайқының» әндері кетті көкке өрлеп.
Шолтаманның «Дәләйшім», Досаттың «Дәурен-ай», Өскінбайдың «Жеті бұлбұл», Жылкелдінің «Босмойын», Әділдің «Бес өрдек», Тастемірдің «Маңғыстау», Тұрсынның «Оймауыт» әндері жиналған көрермендердің делебесін қоздырып, кешегі өткен сал-серілер ортамызға қайта айналып келгендей әсерде қалды.
Концерттік нөмірлердің аралығында көрермендерге арналып өткізілген сұрақ-жауап сайыстарымен өрбіп отырған ән кешінің қалайша сырғып өте шыққанын ешкім байқамай да қалғандай. Жандарына рухани азық алған көрермендер көтеріңкі көңіл-күймен тарқасып жатты...
Жалғас БЕРДІМҰРАТҰЛЫ