Қатар тойланатын қос қуаныш
[ 2017 ] 5 шілде, 07:24 | Қоғам
Егемен мемлекетіміздің перзенті, Қазақ елінің келбетіне айналған Астанамыз бейбіт күннің бесігінде тербеліп келеді. Осыдан 20 жыл бұрын еліміздің астанасы оңтүстіктегі Алматы қаласынан Арқа төсіндегі Астанаға көшірілген-ді. Астана елорда мәртебесін иеленгеннен бері сан қилы сәулет үлгілері сап түзеп, ажары айшықталып, айбары асқақтай түсті. Шырайлы шаһар әлемдік сәулет өнерінде баламасы жоқ көркем туындылардың көрмесіне айналды.
Ерке Есілдің жағасынан бой көтерген жас қаламызбен құрдас және туған күнінде дүниеге келген жандар, осы күні шаңырақ көтерген отбасылар қуаныштарын елдік мерекемен қатар тойлайды. Туған күні Астана күнімен тұспа- тұс келетін жандардың бірі Ақтау қаласындағы Білім және инновация лицейінің география пәнінің мұғалімі Нұрболат Жалжанов 1990 жылдың 6-шілдесінде Түпқараған ауданы, Таушық ауылында дүниеге келген. Астана еліміздің бас қаласы болған жылы осы ауылдағы Шахта орта мектебінің табалдырығын аттап, бала кезінен кітап оқуға құмар, озық ойлы оқушы болды. Зерек те зерделі жас әртүрлі деңгейдегі білім додаларына, байқауларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алды. Мәдениет саласының маманы Хадис пен ұстаз Маржанның ортаншы ұлы Нұрболаттың болмысынан кішіпейілділіктің, имандылықтың, қарапайымдылықтың, білімділіктің лебі есіп, ұлттық тәрбиенің құнарында өскені байқалады.
–Елорданың тойы – ел тойы. Мереке қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде мерекелік кештер, мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады. Мерейлі мереке біздің өңірімізде де сән-салтанатымен атап өтіледі. Мерекелік көңіл- күй, өтетін мәдени- көпшілік концерттер мен спорттық жарыстар, қаладағы айшықты безендірулердің барлығы менің туған күніме арналғандай ерекше әсер сыйлайды. Туған- туыстарым, ағайындарым мерекемен қатар туған күніммен де құттықтап жатады. Астанамыз көш басындағы елдердің көшірмесіне айналмай, айрықша айшықпен дамып келеді. Тарих үшін қас- қағым сәт болғанымен аз уақыттың ішінде сәулеті салтанаттанып, еліміздің әлемдік деңгейдегі абыройы да, беделі мен бағы болды. Мен 2012 жылы Мұнайлы ауданында «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы қызметін атқарып жүргенде Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласында өткен «Жас Отан» жастар қанатының 2-съезіне қатыстым. Еліміздің бас қаласын алғаш рет көргенде ерекше, ұмытылмастай әсер алдым. Араға 4 жыл салып, өткен жылы елордаға екінші рет барғанда қаланың қалай өзгергенін, әсем де әсерлі кейіпке енгенін көріп, жаным жадырап, көңілім сүйсінді. Көптеген мәдени-танымдық, білім, ойын-сауық орындарын араладым. Еліміздің еңсесін тіктеп, жетістіктерге жетуі бүгінгідей бейбіт өміріміздің, Тәуелсіздігіміздің арқасында деп білемін, – деді кейіпкеріміз Нұрболат Жалжанов.
Анасының жолын қуған Нұрболат облыс орталығындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің география пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түсті. Белсенділігімен, ойының, өресінің биіктігімен көзге түскен жас университеттегі мәдени- қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылып, білім сайыстарының жүлделерін алды. Мәселен, 2012 жылы Ақтөбе қаласында өткен республикалық олимпиадада география пәнінен 2-орынды иеленіп, университет мерейін асқақтатты. «Үздік диплом» алған университет түлегі жас ұрпақты тәрбиелеу міндетіне кірісті. Сөйтіп, 2012 жылы Мұнайлы ауданындағы №1 орта мектепте еңбек жолын бастап, ұстаздық етіп жүрген мұғалімдерден мол білім мен тәжірибе үйренді. 2013 жылы қазақ-түрік лицейіне жұмысқа ауысып, ұстаздар қауымы ортасына тез сіңісіп кетті. Өз сабақтарында оқытудың жаңа технологияларын ұтымды пайдаланып, оқушыларын пәнге қызықтыра білетін ізденімпаз ұстаз қашан да жаңашылдыққа бейім. Жан жылуын, бар білімін баланың санасына сіңіріп, олардың үлкен өмірге оқып- тоқыған азамат болып аттануына зор үлесін қосып жүрген мейірбан жүректі ұстаз биыл алтын ұядан алғашқы түлектерін ұшырды.
Мектептерде ер мұғалімдерге қарағанда әйел ұстаздардың үлесі басым болып тұрған уақытта көбі тәуекел ете бермейтін мамандықты таңдап, жемісті еңбек етіп жүрген жас маман бірнеше мәрте облыстық білім басқармасының, білім және инновация лицейінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ 2016 жылы қалалық «Арман» жастар орталығы жас мамандар арасында ұйымдастырған жастар сыйлығы байқауында Нұрболат Жалжанов «Жас ұстаз» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Кейіпкеріміз сөз соңында алдағы уақытта жер- жаһанның назарындағы «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалауды жоспарлап отырғанын жеткізіп, болашағын Астанамен байланыстырғысы келетінін айтты.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
942
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.