©
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сәуір айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Атаулы мақалада әрбір азаматтың, ел тұрғынының туған жеріне деген сүйіспеншілігін көрсетіп, насихаттай алатын, өзінше көмек қолын соза алатын «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Негізгі мақсаты, ел азаматтарының өздері шыққан ортаға қамқорлық таныта білуімен тоғысады. Осы орайда Елбасы бастамасының бір ұшындай, 2016 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Менің елім» әлеуметтік бағдарламасының мәні мен маңызы зор болып отыр. Міндеттерінің бірі жастардың, балалар мен қарттардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын, тұрғылықты жерлерінде демалыс, мәдениет, өнер мен спорт инфрақұрылымдарына қолжеткізуін қамтамасыз ету болып табылады. Әлеуметтік бағдарлама аясында осы уақыт ішінде бірқатар игілікті істің беті қайтарылған. Бірінші кезең 2016-2017 жылдары Ақмола, Павлодар және Маңғыстау облысын қамтитын болса, ал алдағы жылдары - елдің басқа алты өңірінде жұмыстар жүргізіледі деп жоспарлаған. Тікелей «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бастамасымен жүзеге асқан бағдарламаның шапағатын жаңа оқу жылында «Жаңаөзен арнайы жалпы білім беретін және мектепке дейінгі ұйым» коммуналды мемлекеттік мекемесі мен облысымыз бойынша тағы 3 түзету мектептерінің шәкірттері көрмек. Бейсенбі күні «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілі Азамат Төлендіұлы, «ҚазМұнайГаз» БӨ маманы Мұратбек Мұқанов, Маңғыстау облысы білім басқармасының арнайы білім беру және балалардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы Шынар Амангелдіқызы, САТР орталығының маманы Анар Майданованың қатысуымен Жаңаөзен арнайы жалпы білім беретін және мектепке дейінгі ұйымында барлық қажеттімен жабдықталған кабинеттер ашылды. Дидактикалық ойындар кезінде қолданылатын құралдар мен ойыншықтар, ішіне шарлар төгілген бассейн, «топ-топ» кілемшелері, ойын лабиринттері жұмсақ бөлмеде тиімді уақыт өткізудің құралдары болса, сенсорлық кабинетте Ф.А.Раудың, Л.С.Волкованың, Л.Браилдың әдістемелерінде қолданылатын зондтар, түрлі массаж құралдары мен арнайы жаттығу жабдықтары, тактильді панельдер қойылған. Сонымен қатар, сенсорлық кабинетке қойылған қосымша құралдардың қатарында, портативты электронды лупа, орыс және қазақ тіліндегі дыбыстарды синтездей алатын оқу машинасы, арнайы қағаз басып шығу құрылғысы мен қыздыру арқылы ойып сурет салу құралдарын атауға болады. 138 бала тәрбиеленетін оқу нысаны үшін атаулы құралдармен жабдықтардың әрқайсысы ауадай қажет. Олар көзі нашар көретін немесе мүлде көрмейтін, нашар еститін сияқты түрлі мүкістігі бар балалардың қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде қалыптасып білім алуына мұрындық болмақ. Арнайы мектептің директоры Ақсәуле Жалмұханованың айтуынша атаулы құрылғыларға, шәкірттермен қатар ұстаздар да, олардың ата-аналары да қуанып, алғыстарын білдіруде. - Жаңа оқу жылының басталуымен жабдықталған кабинеттерде арнайы сабақтар өткізіліп, екі психолог балалармен бағытты жұмыс жүргізеді, - дейді, жаңа құралдарға қол жеткізген оқу орнының басшысы. Демек, бұл дегеніміз биылғы жылдың ішінде Маңғыстау облысы бойынша төрт мектептегі мүмкіндігі шектеулі жүздеген бала жаңаша білім алып, мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтуге қадам жасамақ. Ұзын саны 70-ке тарта технологияның соңғы демімен жасалған құрал жабдық арнайы мектеп оқушыларының психологиялық, физиологиялық қалыптасуымен қатар, толыққанды білім алуына мұрындық болмақ. «КазМұнайГаз» БӨ маманы Мұратбек Мұқановтың айтуынша, 2016 жылы әлеуметтік бағдарлама аясында Павлодар облысының бірқатар арнайы-түзету мектептеріне көмек көрсетілсе, биылғы жылы басты назар Маңғыстау облысына ауып отыр. Алдағы уақытта, жаңаөзендік «Алға» мүгедектер спорт клубының да жағдай қарастырылмақ. Бұл атаулы бағдарламаның Маңғыстау өңірі үшін тигізген жалғыз игілігі емес. Осыдан үш ай бұрын 50 жеңімпаз мектепке спорт жабдықтары мен оны пайдалану жөніндегі әдістемелік құралдар тарту етілетіндігі жөнінде байқау да жарияланған болатын. Жалпы, көпшілікке игілігі тиген ізгілікті іс қоғамымыздың қамқорлықты қажет ететін ең кішкентай азаматтарының ертеңіне бағытталған. Оның пайдасы тәуелсіз Қазақстанның жаңа буынының қалыптасуында көрініс таппақ.Ж.Жарылқап