©
Адам баласы бұл дүниеде «ауырмаймын» деуге болмайды. Өйткені біз – ет пен сүйектен жаратылған Жаратқан иеміздің пендесіміз. Сол пендешілікпен мынау қым-қуыт тірліктің аласапыранынан біраз нәрсені біле бермейміз. Білсек те енжарлықтан дер кезінде көңіл бөле бермейміз. Менің тұлабойымда да біраздан бері белгілі, бір басыма жетерлік сырқаттар болды. Олар соңғы кезде әржерден түртпектеп сыр бере бастады. Сол сырқат өткен шілде айының ортасына таяу облыстық аураханадан бір-ақ шығарды. Әрине, білмей қалған түгім жоқ. Білдім. Сосын саналы түрде дайындалдым. Басқаларға қарағанда қызметі сапалы әрі тұрақты шығар деп «Қ.Жалымбетов медицина орталығы» дәрігерлеріне жүгіндім. Үмітім алдамапты. Олар үнемі денсаулығымды тұрақты бақылауда ұстап, он-он бес күндей емдеді. Құжаттарымды рәсімдеп, Ақтауға отаға дайындады. Рахмет оларға, ісім сәтті басталды.
Облыстық аурухананың кардиохирургия орталығындағы жалпы хирургия бөліміне бардым. Осы бөлімнің басшысы, оташы-дәрігер Талғат Мұқантаевтың өзіне түстім. Жалпы бұл жігітті Жаңаөзен қаласындағы көшелерде бір-екі жерге қойылған бильбордтардағы суреттерін көріп жүргенім болмасақ, жалпы танымаймын. Ол дайындап апарған құжаттарымды көріп шықты да: «Ертең ота жасаймыз, бүгін түнгі сағат 10-нан кейін нәр татпаңыз», - деді.
Палатаға барып орналастым. Науқастар бірі емделіп шығып жатса, екіншісі емделуге келіп жатыр. Орындардың жарты сағат бос тұратын уақты болмайды екен. Көпшілігінің диогнозы - менікіндей. Негізгі дені жас жігіттер. Бір жігіт «Мен кеше ота жасаттым. Бүгін ауруханадан шығып бара жатырмын. Уайымдамаңыздар, оташы-дәрігерлердің қолдары жеңіл Оталарыңыз сәтті жасалып, ұшықты болғай! Жылдам айығып кеткейсіздер!» деп жақсы ниетін білдіріп, жылы қоштасты. Сырттай ешкімге білдірмеуге тырысып, іштей қобалжып отырған менің де көңілім орнына түскендей болды. Шынында да, пышаққа түсу оңай ма? Бірақ бұлардікі пышақ емес, нұрмен (лазерь) жасалады екен. Мен сияқты басқалардың да көңілдері серпіліп қалды.
Талғат дәрігердің әкесі Естұрған Мұқантаевтың Маңғыстаудың медицина саласына сүбелі үлес қосып, мол еңбек сіңірген дәрігер болғандығын бағана аурухана кіреберісіндегі ілдірулі тұрған тақтадан суретін көргем. Яғни, әкесінің арманын, мақсатын, жолын, ізін жалғастырушы сүйікті ұл боп тұр ғой. Талғаттың өмірі мен елге жасап жатқан ерен еңбегімен танысу үшін ғаламтор беттерін парақтадым.
Іздеген жігітім – Талғат Мұқантаев жас та болса медицина саласына айтарлықтай еңбек сіңіріп келе жатқан білікті де, тәжірибелі де азамат екен. Ол еңбек ете жүріп, білімін тереңдетіп, жаңашылдыққа ұмтылып, тәжірибесін байытып жүрген жан болып шықты. Өркениетті елдердің жаңа технологияларымен әдіс, тәсіл, іс-тәжірибелерін өлкемізге енгізуде айтарлықтай оң қадамдар жасауда екен. Оның көл-көсір пайдасын аймақ тұрғындары игіліктеріне пайдаланып, сауығып жатқандары күнделікті өмірде айқын аңғарылып тұр.
Ол медициналық институтта оқу барысында Ақтөбе облыстық ауруханасы хирургия саласында алғашқы еңбек жолын бастаған. 1988 жылы Ақтөбе мемлекеттік мединститутының емдеу факультетін ойдағыдай бітіріп, Маңғыстау облыстық ауруханасында шұғыл медициналық жәрдем беру бөлімінде жұмыс істейді. 1992-1995 жылдары Мәскеудегі РАМН Ғылыми хирургиялық орталығының клиникалық ординатурасында оқып, профессор А.Ф.Черноусовтың жетекшілігімен асқазан, өңеш жарақаттары және хирургиялық жолмен емдеу тақырыбына арналған кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғайды. Одан кейін И.М.Сечинов атындағы бірінші МГМУ факультеті хирургия клиникасында дәрігерлік диссертациясын қорғап шықты.
Мәскеудегі ординатураны бітіргеннен кейін, яғни 1995-2000 жылдары Маңғыстау облыстық ауруханасында бас дәрігердің хирургиялық көмек бойынша орынбасары болып жұмыс жасады. 2000 жылы осы ауруханада жалпы және видоэндоскопия бөлімінің негізін қалап, оны өзі алты жылдай басқарды. 2000-2009 жылдары облыстық аурухананың бас дәрігері болып жұмыс істегенде мекемені еуропалық стандартқа сәйкестендіріп, қайта құру масштабын ойдағыдай іске асырды.
Талғат Естұрғанұлы Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы НЦХ, Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық академиясы, Ресейдегі Иошкар-Ола, Қазан қалаларындағы, Германиядағы Дюссельдорф, Чехиядағы Прага қалаларындағы клиникаларда, Мәскеудегі Б.В.Петровский атындағы РАМН Ғылыми хирургия орталығында урология және гинекология, гепотобиллиар жүйесі, асқазан ішек аурулары видеоэндоскопиялық хирургияға арналған мамандандыру тәжірибесінен әлденеше рет өтті. Медицина саласының мәселелеріне арналған халықаралық және республикалық конференциялардың тұрақты қатысушысы. Ақтау қаласында өткен травмотолгтардың VI халықаралық конференциясының және 2012 жылы осында болған эндоскопиялық хирургтердің Қазақстан қауымдастығы 2 сьезінің ұйымдастыру алқасының мүшесі әрі бастамашы жүргізушілерінің бірі болды.
Біз әңгімелеп отырған оташы-дәрігер осы күнге дейін киелі мекеннің 6 мыңнан астам адамына ота жасап, шықпас жандарына себепші болыпты. Облыста тұңғыш рет хирургия және урологияда асқазан және өңештің ауыр сырқаттарына ең жоғары және күрделі реконструктивті оталарды, видеоэндоскопиялық оталарды ойдағыдай жасаған. Осының бәрін жасау үшін әрине дәрігердің бойынан сабыр мен қажыр, білім мен кәсіби тәжірибе, сондай-ақ өзіне-өзі толық сенімді болуды талап етеді. Өйткені адам жанына араша болу – оңай іс емес. Сондықтан облыста видеоэндоскопиялық хирургия бойынша жоғары жетістікке жеткен бірден-бір дәрігер – осы Талғат Мұқантаев. Себебі ол гепотобиллиарлық жүйе, асқазан-ішек жолдары, несеп шығару, эндекриндік жүйелер мен гинекология бойынша 4 мыңнан астам адамға видеоэндоскопиялық ота жасаған. Оның осынау еңбектері еленіп, облыстағы эндохирургияның дамуына қосқан салмақты үлесі үшін 2012 жылы Германияның Карл Штроц қаласында халықаралық «Алтын эндоскоп» құрметті атағымен марапатталды. РФ және ҚР Эндоскопиялық хирургтер қауымдастықтарының мүшесі. Осыларға қоса ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, оның облыстағы басқармасы басшылары мен Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хат, Грамоталарын қосыңыз.
Талғат Мұқантаев еңбек етіп жүрсе де білім алуын тоқтатпады, өзін қоғамдық жұмыстардан аулақ ұстамады. Сондай-ақ, ол дәрігерлік, хирургтік мамандықтарымен шектеліп қалмауға тырысады. Осындай мақсатпен 2010 жылы Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инженеринг университетінде сырттай оқып, менежмент мамандығын алып шықты. Сонымен бірге ол 2014 жылы облыс әкімдігі конкурстық комиссиясының шешімімен «Жыл адамы» атағына ие болды. Маңғыстау облыстық мәслихатының 4-шақырылымында депутат болып сайланып, халық қалаулысы атанып, өңірдің медицина саласының нығайып, өркендеуіне тағы да жүйелі түрде атсалысты.
Талғат үшін биылғы жылда сәтті жылдарының тізіміне қосылды. «Рухани жаңғыру» бойынша Елбасымыз Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстанда «100 жаңа есім» анықталып, жұртшылыққа жарияланды. Сол елеулі есімдердің қатарына біздің бүгінгі кейіпкеріміз Т.Мұқантаевтың да есімі енді. Бұл тек ғана Талғаттың өзі әлде ұжымы үшін емес, бүкіл киелі мекен Маңғыстаудың мақтанышы. Әрине, Талғат бұған – лайықты. Себебі, осындай атақ, абырой, бедел, мерей дегендер біріншіден, тікелей өзінің адал еңбегі мен білімінің арқасында келсе, екіншіден, халықтың сенімінің арқасында жетіп отыр. Өйткені халықтың сенімінен, әлеуметтің әлеуетінен күшті ештеңе жоқ. «Халық қаласа хан тағынан түседі» деп өткендер бекерге айтпаған. Сондықтан осының бәрі халықтың аманаты деп түсінген дұрыс шығар деп ойлаймын. Мәселен, депутаттық та лауазым емес, аманат. Аманатты жүрегі таза азамат ғана көтеріп, орындап, үдеден шыға алады. Сол үшін ол алған білімін тереңдетіп, ел игілігіне, халықтың қажеттілігіне жұмсау үшін жақында докторлық диссертациясын да сәтті қорғап келіп, ғылымның даңғыл жолына түскен көрінеді. Білімді кісі – жемісі әбден пісіп, жетілген жеміс ағашы секілді иіле түседі. Білімді жандардың кішіпейіл, адамгершілікті болатыны сондықтан.
Т.Мұқантаев жетекшілік еткен жалпы хирургия бөлімшесі ұжымының ұйымшылдығын осы жерге емделуге келген жандар жан жүрегімен аңғарады. Тіпті науқастардың ізінен келген жақын-жуық, жанашырларына дейін Талғат Естұрғанұлынан бастап, бөлімшедегі Еркебай Сүйінов, Қаныш Сансызбаев, Бегендік Абдуллаев сияқты оташы-дәрігерлерге де айғыстарын білдіріп жатқандарының куәсі болдық. Аға мейірбике Қамажай Бисекенова ауруханада емделіп жатқан науқастармен бір қатарда, күн демей, түн демей, сырқаттарға дамылсыз екпе егіп, жарақаттарын тазалап таңып, қалтқыз қызмет етіп жүрген Гүлдерай Саптыаяқова, Ильяда Жарманова, Маржан Қырымова, Сәндігүл Сәрсенғалиева, Айман Қыдырбаева, Бибігүл Отарова сынды басқа да мейірбикелердің қамқоршысы іспеттес екен. «Бірдің абыройы – мыңның абыройы» екенін жақсы түсінген шаруашылық бикесі Айнаш Әлиқұловадан бастап Айман Бекқараева, Ақсәуле Тәжібай, Гүлжаһан Қайыпова, Бақыт Махмұтова, Тазагүл Мейірханова, Бағдагүл Нугиева сияқты санитаркалар да науқастарға қалтқысыз қызмет етіп, олардан «Тәңір жарылқасын! Бақытты болыңдар!» деген жылы сөз, жақсы лебіз, игі тілектерін есітіп, көңілдері нұрланып, қатықтай ұйыған ұжымның абырой-беделінің артып, мерейінің үстем, беделінің биік болуына сүбелі үлестерін қосып жүр. Сондықтан осы жерден емделіп шығып, отбасыларына аурудан айығып аман оралып, қатарға қайта қосылып жатқан жандардың «Шипаларыңыз шырайлы болып, қолдарыңыз дерт көрмегей! Өздеріңіздің де дендеріңіз сау болып, отбасы, бала-шағаларыңыз аман болғай! Береке-бірлік пен татулық-тіірліктің бесігіне бөлене бергейсіздер!» деген жарым ырыстарына біз де қосыламыз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Жаңаөзен қаласы