©
7 тамыз күні ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі Түркістан облысы Абай ауылындағы кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлау ісін тергеу аяқталғанын хабарлаған болатын. Іс бойынша жалпы 14 кешенді сот сараптамасы 4 түрлі зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде күдіктілердің біреуінің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 121 бабы 4 бөлігі бойынша бағаланып, қалғандарына қатысты іс 14 жасқа толмауына байланысты тоқтатылды. Өйткені ҚР Қылмыстық кодексінің 15-бабы 2 бөлігіне сай жыныстық зорлау бойынша жауаптылық 14 жастан басталады.
Бұл жаңалық әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Ең қызу талқылау «Талап» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Рахим Ошақбаевтың фейсбук парақшасында жүрді. Тергеп-тексеру қорытындысына қатысты пікір білдірушілердің арасында Константин Горожанкин есімді фейсбук қолданушысының айтқан пікіріне қатысты үлкен дау туды. Ол шағын ауылда мұндай зорлықтың неліктен болғанын былайша түсіндіріпті: «Это гены. В путешественников в Казахстане 19 века часто упоминалось скотоложство гомосексуализм среди местного населения».
Бірақ интернет қолданушылары бұл пікірді негізсіз әрі ұлтаралық алауыздықты тудыру деп бағалады.
Мәселен, блогер Бақытжан Бұхарбай «Мыналар үндемеген сайын басына беретін болды. Елімізде 19 ғасырда болған саяхатшылар қазақ даласында малмен жақындасу және бір жыныстылық кең тараған-мыс деп жазды деп оттап отыр. Енді осы біздің қанымызда әлі бар мыс дегенге келтіріпті», - деп пікір білдірді.
Горожанкиннің пікірі көпшілікті бей-жай қалдырмады. Енді бұл пікірі үшін автор жауапқа тартылуы мүмкін. Олай дейтін себебіміз, кеше 9 тамыз күні кешкі 8-дер шамасында Qazcontent басқарма төрағасы Евгений Кочетов фейсбук әлеуметтік парақшасында К.Горожанкиннің пікіріне қатысты мәлімдеме жасады.
«Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тарапынан Горожанкиннің пікірі бойынша ІІМ-не ресми хат жолданды. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабымен (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру) Алматы қаласының ІІД 8 тамыз күні СДТБТ тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Е.Кочетов.
Сонымен қатар, Горожанкин мырза Qazcontent АҚ Директорлар кеңесі құрамынан шығарылды. Ол бұл міндетті ақысыз атқарып келген. Кеңеске тәуелсіз мүше ретінде Директорлар кеңесіне тәуелсіз мүшелікке Қазақстандағы IT қауымдастық пен интернет-индустрияның беделді өкілі ретінде сайланған екен.
Әзірге сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ойланбастан айтылған пікірдің құны қандай болатынын құзырлы органдар шешпек.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Сурет сайттың архивінен